Банк шоттарын толықтай бұғаттамау дұрыс па?

Қар 13, 2025

Алдағы уақытта қазақстандықтардың банктегі шоттары толықтай бұғатталмауы мүмкін. Бұл ұсыныс жуырда Мәжілістегі жиын барысында талқыланды. Онда депутаттар азаматтардың банк шоттарын, әсіресе жалақы мен әлеуметтік төлемдер түсетін карталарды бұғаттау тәжірибесін шектеу мәселесін көтерді. Себебі, соңғы жылдары қарыздар мен айыппұлдарға байланысты мыңдаған адамның шоттары бұғатталып, жалақысын ала алмай жүрген жағдайлар жиі кездесіп жатады. Алайда бұл бастамаға бәрі бірдей қолдау білдіріп отырған жоқ. Қарсы тараптың уәжі де бар. Олардың айтуынша, шоттарды толықтай бұғаттамау борышкерлерге еркіндік беріп, қарызды өтеу тәртібін әлсіретуі мүмкін. Қоғамда талқыланып жатқан бұл ұсыныс оң нәтижесін бере ме? Халықтың табысын қорғап, қаржы жүйесінің тепе-теңдігін сақтай ала ма? Бұл мәселені біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Жәмилә СЕРІКБАЕВА, экономист-сарапшы:

– Егер банктегі шоттарды мүлде бұғаттауға тыйым салсақ, бұл қаржылық тәртіпке айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Қазірдің өзінде кейбір азаматтар несие немесе басқа да міндеттемелерін өтеуді кешіктіруде. Ал шотқа қол сұғуға мүлде тыйым салынса, олар қарыздарын өтеу жауапкершілігін толық сезінбеуі мүмкін. Бұл банктер мен несие ұйымдарының тәуекелін арттырады, несие беру шарттарын қатаңдатуға мәжбүр етеді. Нәтижесінде қаржы айналымы баяулап, экономиканың кішігірім, бірақ маңызды секторлары зардап шегеді.

Сонымен қатар, мұндай шешім әлеуметтік қорғауды толық қамтамасыз етеді деп айту да біржақты болар еді. Әлеуметтік төлемдер мен жалақы түсетін шоттарды қорғау керек, бірақ басқа қаражат қозғалысына толық тыйым салу әділетсіздікке әкелуі мүмкін. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасында нәзік баланс болуы тиіс. Әйтпесе, бір ғана әлеуметтік жеңілдік экономикалық жүйенің тұтастығына қауіп төндіруі ықтимал.

 

Гүлдана ХАСЕНОВА, сот орындаушы:

– Банк шоттарын бұғаттау – қарызды мәжбүрлеп өндірудің заңда қарастырылған тетігі. Бұл шара сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қолданылады және борышкер  міндеттемесін орындамаған жағдайда ғана жүзеге асады. Дегенмен, тәжірибеде кейде әлеуметтік төлемдер мен жалақы түсетін шоттар да бұғатталып кетіп, азаматтардың күнкөрісіне қиындық тудырып жатады. Бұл мәселе соңғы жылдары жиі көтеріліп келеді.

Егер жаңа ереже қабылданса, әлеуметтік сипаттағы төлемдер мен еңбекақы түсетін шоттарға толық тыйым салу тоқтатылады. Азаматтар  қаражатының белгілі бір бөлігін пайдалана алады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын қорғауға бағытталған оң қадам деп айтуға болады. Алайда екінші жағынан, шоттарды бұғаттау тетігін тым жұмсарту да борышкерлердің жауапкершілігін төмендетіп, сот шешімдерінің орындалу тиімділігін әлсіретуі мүмкін. Сол себепті, заң жобасында тепе-теңдік сақталуы қажет. Яғни, бір жағынан – азаматтардың табысын қорғау, екінші жағынан – әділ және уақтылы өндіріп алу процесін қамтамасыз ету.

 

  Азамат ЖҰМАБЕКОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Себебі, жалақы мен әлеуметтік төлемдер — әр отбасының күнделікті өмірін қамтамасыз ететін басты ресурс. Өйткені, күнделікті азық-түлік, коммуналдық қызметтерге төлем, пәтер ақысы секілді барлық қажеттілік осы қаражатқа келіп тіреледі. Ал егер шоттар бұғатталса, отбасының тұрмысы тоқтап, күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету қиынға соғады.

Сонымен қатар, адам қарызын өтей алмай жатса да, негізгі табысы — жалақысы немесе әлеуметтік төлемдері қорғалған жағдайда, отбасы күнделікті тіршілігін тоқтатпайды. Бұл оған заң бойынша міндеттемесін орындауға мүмкіндік береді, ал отбасының қаржылық тұрақтылығы сақталады. Сол себепті жалақы мен әлеуметтік төлемдерге қол сұғылмауы — жеке адамның ғана емес, қоғамдағы әділдік пен сенімділіктің де кепілі. Осы тұрғыдан қарағанда бұл ұсынысты орынды, әділ әрі қоғам үшін маңызды деп есептеймін.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.