Биыл өңірімізде «Даму» қоры арқылы ойдағыны іске асырған кәсіпкерлер баршылық. Оларға қордың тиімді ұстаныстары қолайлы әрі тез арада бизнес саласына араласуға қолдау көрсетеді. Осы ретте, жуырда ашылған КЕО мектебінің жетекшісімен әңгімелесіп, ол жеке меншік шағын білім ордасының ерекшелігі мен бағыттары жайлы ой бөлісті.
КЕО мектебінің жетекшісі Елена Кисанова – бүгінде бес дипломы бар, жан-жақты саланы меңгерген маман. Бірақ өмірінің бір бөлшегін ағартушылыққа, ұстаздыққа арнағанды жөн көрді. Ол мұғалімдік қызметін атқарып жүрген кезінде өлкетану тегін курсын ашқан. Бұл сабақта оқушылар туған өлкенің тарихын зерттеп, қасиетті мекендерді аралаған. Осындай сапар кезінде балалар білімдерін толықтырумен қатар туған жеріне деген ыстық ықыласын білдіруін үйренеді. Ұстаздық пен соттық істерге қатысуды қатар жүргізуден басқа балалардың әлемге деген көзқарасын қалыптастыруға атсалысуға бет бұрады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға шығармашылық және спорт салаларындағы үйірмелерде тегін сабақ өткізуге мүмкіндік берген кезде бірден нормативтік құжаттарды зерттеп, аталмыш үйірмелерді сұранысқа ие аудандарда аша бастадым. Балалар мен ата-аналардың қуанышында шек болған жоқ. Оған түрлі байқауға қатысып, ел аралауға мүмкіндік пайда болуы себеп. Шын мәнінде тәрбиеленушілеріміз халықаралық, республикалық сайыстардың жүлделеріне ие болған. Осылайша біртіндеп КЕО мектебін ашуға ниет білдірдім. Мектептегі басты қағидалардың бірі – бір-біріне сенімділікпен қарап, қолдау көрсету. Негізгі көздеген мақсатым – балаларға өздерінің сенімділігін арттыру, ХХІ ғасырда сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту, цифрлық сауаттылыққа үйрету. Бүгінде білім арқылы еліміздің жан-жақты салада ілгері басуына үлес қосуға болады, – дейді КЕО мектебінің жетекшісі.
«Даму» қоры қаражат жағынан да, бизнестегі ақыл-кеңестерімен де заманауи мектептің ашылуына қолдау көрсеткен. Кәсіпкерлікке енді аяқ басқан ұстаз 2024 жылы Павлодар қаласында ғимаратқа қол жеткізіп, қордың қолдауымен барлық құжаттарды сауатты рәсімдеп, лицензиялау, салық салу және мемлекеттік қолдау бағдарламалары тарапынан бизнесін сәтті бастаған.
КЕО мектебі – мемлекеттік стандарттар мен ақпараттық ресурстары бар, тарих пен адамгершілік тәрбиесін білуге бағытталған заманауи жекеменшік мектеп.
Қазіргі таңда облыс бойынша білім беру жобаларымыз арқылы 1000-ға жуық, Павлодар қаласында 60-қа жуық бала білім алуда. Сондай-ақ, 5-6 жастағы балаларға арналған мектепке дайындық сабақтары және қосымша білім беру бағдарламасы аясында тапсырыс бойынша мемлекеттік үйірмелер де өткізіледі. Сонымен қатар, жекеменшік білім ордасында ағылшын, қытай, неміс тілдері, «Жас эколог» үйірмесі, қазақ және орыс тілдеріндегі шешендік өнер және шығармашылық, спорт үйірмелері жұмыс істейді.
Мектеп жетекшісі Елена Оралқызының айтуынша, бизнесті қолға алған кезден бастап қиындықтарға төтеп беріп келеді. Мысалы, білім бизнесіндегі заңдылықтарды дәлелдеу үшін сот істеріне араласып, онда жеңіске жеткен. Одан бөлек, заманға сай өңірде жекеменшік мектептердің саны артуда. Осы ретте бәсекеге қабілеттілігін арттырып, мектептің өзгелерден ерекшелігіне баса мән беруде.
– Ұстаз әр балаға дұрыс бағдар таңдай білуі керек. Әр бала өзін емін-еркін сезініп, болашаққа сеніммен қарап, көкжиегін кеңейтуден аянбауы тиіс. Бастысы, сапалы білім берумен қатар адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, өзін-өзі бағалай білуді үйреткеніміз абзал, – дейді ол.
Жаңа мектептің алға қойған жоспары нық. Алдағы 3-5 жылға бағыт-бағдарын белгілеп, үздік нәтижеге қол жеткізгендеріне сенімді. Жақын арада лицензиялаудан өткеннен кейін 1-4-сынып оқушыларына толыққанды білім беру құқығына ие болады.
Елена Оралқызы жаңа білім ордасындағы әріптестері мен қызметкерлері үнемі білімдерін жетілдіріп, біліктілігін арттыратын оқытуларға қатысатынын айтады. Сондай-ақ, түрлі бағытты қамтыған мектебін жоғары деңгейде дамытуды көздеуде. Бүгінде тұлға ретінде қалыптасуына негіз болған ата-анасы мен ұстаздары Рымкеш Саматқызы, Амангелді Матайұлы, Шамшая Магаяновна, Валентина Николаевна, Евгения Константиновнаға алғысы шексіз.
Салтанат ҒАББАС.
