Аспан – адам баласын ежелден қызықтырған тылсым дүние. Түнгі аспандағы жұлдыздардың жарқырауы, Күн мен Айдың қозғалысы адамдарды қатты таңғалдырған. Сол себепті, адамзат ежелден аспан әлемін зерттеуге ұмтылған.
Алғашқы зерттеулер қарапайым бақылаудан басталды. Адамдар аспанды көзімен бақылап, жұлдыздардың қозғалысын жазып алып, оларды белгілі бір үлгілерге, яғни шоқжұлдыздарға біріктірді. Мысырлықтар, гректер және басқа да ежелгі халықтар аспан әлемін зерттеп, күнтізбе жасап шығарды. Олар жұлдыздардың орнына қарап, жыл мезгілдерін, егін егу немесе жинау уақытын анықтайтын болған. Кейін аспан денелерін тереңірек түсіну үшін құралдар ойлап тапты.
1609 жылы белгілі ғалым Галилео Галилей телескопты аспанға бағыттап, Айдағы кратерлерді, Юпитердің серіктерін көріп, жаңалықтар ашты. Бұл астрономия ғылымының дамуына зор серпін берді. Уақыт өте келе ғылым мен техника дамып, адам баласы ғарышқа ұшу мүмкіндігіне ие болды. 1961 жылы Юрий Гагарин алғаш болып ғарышқа ұшты. Бұл аспан әлемін зерттеудегі айтулы жетістік еді. Кейін адам Айға қонып, жасанды серіктер ұшырылып, басқа ғаламшарларға аппараттар жіберілді. Бүгінгі күні аспан әлемін зерттеу бұрынғыдан да жоғары деңгейге жетті. Ғарыштық телескоптар, жасанды интеллект және зымырандар арқылы ғалымдар басқа ғаламшарларды, жаңа жұлдыздарды, тіпті басқа галактикаларды зерттеп жатыр.
Аспан әлемін зерттеу – адамзаттың даму жолындағы маңызды қадам. Бұл зерттеулер тек ғарышты емес, Жердегі тіршілікті де тереңірек түсінуге көмектеседі. Аспанды зерттеу арқылы біз болашағымызды танимыз, жаңа технологиялар жасап, шексіз мүмкіндіктерге жол ашамыз.
Д.ДОЖКЕНОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектептің
6-сынып оқушысы.
