Ұстаздық – ұлы қызмет

Қар 13, 2025

Ұстаз – қарапайым мамандық иесі емес, ол – адам жанының инженері. Ұстаздың еңбегі көзге бірден көріне бермейді, бірақ оның жемісі – шәкірттің жетістігі, елдің ертеңі. Әрбір ұстаз өз өмірін өзгелерге арнап, ұрпақ тәрбиесіне қызмет етеді.

Нағыз ұстаз шәкіртін тек оқытып қоймайды, оның бойындағы талантын ашып, өмірдің қиын сәттерінде қолдау көрсете алады. Ұстаздың бір жылы сөзі, бір сенімі кейде адамның тағдырын өзгертуі мүмкін.

Менің ұстазым да сондай. Ол әр сабағында тек білім беріп қоймай, өмірге деген құштарлықты оятады. Оның сабырлы да талапшыл мінезі бізді жауапкершілікке, еңбекқорлыққа үйретеді.

Ұстаздың қадірін уақыт өткен сайын түсінесің. Мектеп бітірген соң да оның үйреткені өмір жолыңда бағыт болып қала береді.

Сондықтан мен үшін ұстаз – мейірім мен парасаттың бейнесі. Ол – жарық күн сияқты, айналасына жылу мен жарық сыйлайтын тұлға.

Санжар МЕЙРАМ,  Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің 5-сынып оқушысы.