Ешкім тағдыр алда қандай «сый» жасайтынын білмейді. Ел қатарлы күнделікті тіршілігін жасап, ертеңіне жоспарын түзіп тастайды. Өзіміз ойлағандай өмір ағысы да бірқалыпты өтетіндей көрінеді. Алаңсыз алға бағыт алады. Біздің кейіпкеріміз Айдар Қасымов та өмірде өз орнын табуға ұмтылып, шаңырақ құрып, әке атанып, бақытты күндерін бастан кешіп жатқан еді. 2004 жылдың ақпаны арманы асқақ азаматтың өміріне өзгерісін енгізді. Тас жолда болған көлік апаты жігерлі жігітті отызға толмаған шағында арбаға таңды. Алғашында алай-дүлей күймен келешегіне күмәнмен қараған кейіпкеріміз жақсы жандардың қолдауымен аяқтан тік тұрып кетпесе де, қоғам көшіне ілесуге, бір шаңырақтың тірегі боп қалыптасуға күш тапты.
Өмірге құштар жанмен орталық стадиондағы жаттығу залында жүздестік. Аптасына үш рет екі сағаттан жаттығатын Айдар Дәулетханұлының табандылығы нәтижесіз емес. Бүгінде ауыр атлетикадан спорт шебері, жеңіл атлетикадан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.
Сәл шегініс жасасақ. Айдар ағамыз бес ағайынды. Бес ұлдың ішінде кенжесі. Аққулы ауданының Шақа деген ауылында ағаларымен бірге шаруашылық құрып, еңбек етіп жүрді. 2000 жылы қостанайлық ару Аягөзбен отбасын құрып, дүниеге ұлдары келеді. Бақытты жанұя болып қалыптасып жатқан кезі. 2004 жылдың ақпанында Семей қаласы маңында өзі тізгіндеген көлігі апатқа ұшырап, ауыр жарақат алады. Омыртқасына Семейде, Новосібірде бірнеше рет ота жасалды. Омыртқасы орнына қойылғанымен, жұлынға зақым келіп, жүре алмай қалған.
– 29 жастамын. Дәрігерлер енді тұра алмайтынымды айтқанда есеңгіреп қалдым. Отыз жылға жуық жер басып жүрген адамның бір сәтте отырып қалғаны оңайға соққан жоқ. Моральдік тұрғыдан қабылдау да қиын болды. Адам басына салғанға көнеді, үйренеді екен. Әйтеуір, жанымда, ата-анам, жарым, ағаларым бар. Ұлым 3-4 жас шамасында. Осы жақындарым жаныма медеу болды. Қайтадан өмір сүруге талпындырды. Өзім де намысқа тырысып, барымды салдым. Жақындарыңның қолдауы қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Ағаларым қолдау білдірді. Үлкен ағам Новосібірде ем алғанда отбасын, үш баласын қалдырып, қаншама күн жанымда жатып, күтіп-бақты. Бұл қамқорлықты сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді өмірін өзгерткен кезді есіне алған жігерлі жан.
Алғашқы кездері әлі-ақ жүріп кетемін деген сенім болады. Өмірі өзгеріп, кезінде бірге жүрген адамдардың қатары сирегенін, алыстағанын да көреді. Оны да сабырмен қабылдап, түсіністікпен қарайды. Қазір жаңа ортасы қалыптасты.
Бірнеше жылда қалпына келіп, тағдырдың сынағын қабылдап, қоғамға бейімделуге бет бұрады. Отбасының тірегі ретінде отбасын асырау қажеттігі туралы ой мазалап, қазіргі деңгейге жетелеген. Осы орайда ауған соғысына қатысқан, бір аяқтан айырылған туысқаны жөн сілтесе керек. Павлодар қаласындағы мүгедектер қоғамына баруға кеңес беріпті. Осы қоғамда жаңа орта тапқан Айдар Дәулетханұлы еңбекке араласып, спортпен айналысуды бастайды.
– Бұл қоғамға келгеннен кейін өзім сияқты тағдырлы адамдар аз еместігін көрдім. Олар да тіршілік етуге талпынып жүргеніне куә болдым. Содан осы ұйымға жұмысқа тұрып, екі жыл еңбек еттім. Спортқа бет бұруыма да осы қоғамның көмегі көп тиді. Сөйтіп, 2009 жылы үлкен спортқа —
ауыр атлетикаға келдім. Осы жылы спартакиадада жүлделі орын алып, спорттық мансабым басталып кетті, — дейді А.Қасымов.
Жігерлі азамат жеті жыл ауыр атлетика — пауэрлифтингпен шұғылданған. Жаттықтырушысы Анатолий Быковтың жетекшілігімен осы уақыт аралығында жарыстарда талай рет топ жарған. Жылына екі рет үлкен жарысқа қатысады. Бір рет Қазақстан кубогына барса, бір рет Қазақстан чемпионатында аймақ абыройын қорғаған. Бұл жарыстардан құр қайтпапты. Ылғи үздік үштіктен көрінген. Бірінші орынды да жеңіп, тұғырдың биігінде тұрды. Осындай жоғары жетістіктерінің нәтижесінде 2012 жылы Спорт шебері атағы берілді. Пауэрлифтингтен олимп шыңын бағындыру арманы да болған. Өкінішке қарай, денсаулығына байланысты 2017 жылы жеңіл атлетикаға ауысуына тура келеді. Мұнда да өмірге құштар азаматымыз аянып қалмады. Алғашқы жылының өзінде Атырауда өткен жарыста бірінші орын иеленіп келді. Жеңіл атлетикада Айдар Дәулетханұлы найза, диск, ядро лақтыру спортымен айналысады.
Енді өзіңіз ойлаңызшы, 4 келілік ядроны арнайы орындықта отырып жеңіске жету үшін кемі 8-10 метр қашықтыққа лақтыруы керек. 1 келілік дискіні, 600 грамдық найзаны 25-30 метрге дейін ұшырып түсіруі тиіс. Жаттықтырушысы Вячеслав Дубининнің айтуынша, мұндай кезде спортшыларға шапшаңдық, ептілік, күш қажет. Әлбетте, арбада отырса да, бойына күш-қуат жинап, денесін шынықтырып, жеңіске жету табанды азаматтың ғана қолынан келеді.
– Спорт өмірімді өзгертті. Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып, жарысқа түсеміз. 2018 жылы Өскеменде, 2019 жылы Ақтөбеде өткен жарыста жеңіске жеттім. 2017 жылы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді. Биыл Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында екінші орын алып келдім. Спортпен айналысуға күш керек. Ал мақсат қойған адам ол күшті табады. Нәтижеге жету үшін тұрақтылық, жаттығуға жүйелі келу керек. Сонда ғана жоғары көрсеткіштерге жетесің. Қыста жаттығу залында қолдың күшін көбейтуге көңіл бөлсек, көктем шыға стадионда бұлшықеттерді созып, жылдамдықты шыңдаймыз. Пенде болған соң кейде шаршағанда доғарамын ба деген ой да қылаң береді. Бірақ бір рет залға келіп, шұғылданған соң жаман ойлар өзі-ақ кетіп, тынысың ашылып, құлшына түсесің, – дейді спортшы азамат.
Айдар Дәулетханұлы спортқа жыл өткен сайын жағдай жасалып жатқанына риза. Кейіпкеріміз спортқа алғаш келген кезде арнайы спорт мектебінің де болмағанын айтады. Қазір мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы, жаттығу залдары бәрі қарастырылған. Екі жаттықтырушы аптасына үш күн сайын денсаулығында кінараты бар, бірақ өмірге құштар жандарды шынықтырады. Үлкен спортта жетістіктерге жетелеп жүр. Қазақстан чемпионатында жүлдемен келгендерге стипендия да төленеді. Мысалы, бірінші орынды қанжығалаған азаматтарға ай сайын 240 мың теңге шамасында шәкіртақы беріледі. Айдар ағамыз жалпы Қазақстанда параспортта көрсеткіштер жоғарылап жатқанына қуанады. Бүгінде елуден асқан ел ағасы спорттан әлі де қоз үзбеуге бекінген. Ел қатарлы тіршілік етіп жүргеніне шүкіршілік етеді.
Еңбекқор азамат спорттан бөлек қоғам құрып, өзгеге қол ұшын беруді жөн көрген. Осы мақсатта 2014 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау, түрлі қызмет көрсететін «Жігер» қоғамын құрыпты. Бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған бұл ұйым мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арба, жөргек сияқты қажеттіліктерді портал арқылы алып, үлестіреді. Одан бөлек, материалдық көмек беруді, түрлі сайыстар өткізуді дәстүрге айналдырған.
Айдар мырза айналада жәрдемге мұқтаж жандарға қолдау білдірудің қаншалықты сауапты іс екенін бір кісідей біледі. Адамгершілік әрекет арқылы адам өсіп-өнетінін де жақсы түсінеді. Сондықтан қиналған жандарға жәрдемдесіп жіберуге бейім. Мүгедектігі бар азаматтарға қолдан келгенше жағдай жасап, көмек сұрағандарға тиісінше ақпарат, бағыт беріп жібереді.
– Тағдырдың жазуымен қиын жағдайға тап болып, өмірі күрт өзгерген, өзіміз сияқты арбаға отырып қалған азаматтарды өз қатарымызға тарта бастаймыз. Спортқа да шақырамыз. Ерік-жігері мықтылары келіп тұруды әдетке айналдырып алады. Кейбірі төрт қабырғаға қамалып отыруды жөн санап, кетеді. Әсіресе, қыз-келіншектер үйде отырып қалады. Көбінде жетістіктерімізді көрсетіп, ынталандыруға тырысамыз. Біріне қолдау көрсетіп жіберсең, жігерленіп, көздері жанып кетеді. Басын көтеріп, қайта өмір сүруге құлшынады. Бірде арбамен жүретін екібастұздық азаматты көлік қағып кетіп, екінші рет ауыр сынаққа ұшырады. Қайтадан ота жасалып, ол кісі өмірден түңіліп кетті. Содан Оразалы деген досымыз екеуіміз ас-суымызды алып, молданы ертіп, үйіне барып, құрмалдық беріп, қолдау көрсеттік. Сол азамат кейін жақсарып кетті. Әлі күнге дейін есіне алып, алғысын айтып жүреді. Мәселе бергенде емес, дер кезінде демеу білдіргенде жатыр. Қолдаудың қаншалықты адамға қанат бітіретінін бір кісідей білемін, – дейді Айдар Қасымов.
Әрине, адам өмірдің сынағына сынбауына бала кезден бойға сіңген, ақылға құйылған тәлім-тәрбие, мінездің де әсері айрықша. Мұны кейіпкеріміз де мойындайды. Ол ата-анасының тәрбиесімен бірге ұстазы Бейхан Саттарханұлының берген мотивациясы, ақыл-кеңесінің ықпалы болғанын айтады. Мектепте волейболдан, баскетболдан жаттықтырған ұстазы бойындағы табандылықты, мінезді қалыптастыруға септігін тигізген көрінеді.
Бүгінде спортпен қатар кәсібін де қатар алып жүрген азамат таң ата жұмысына асығады. Үйде аракідік жаттығуын да жасауды ұмытпайды. Отырған адамның қан айналымы дұрыс болмайтынын білетін ол тік тұратын арнайы құрылғымен бір сәт бой жазып алғанды да әдетке айналдырған. Жүздесуде Айдар ағамыз өмір қандай сынақ берсе де, бүгінгі күніне шүкір ететінін айтты. Шыны керек, көпшілігіміз кейде барға қанағат етуді естен шығарып аламыз. Ал өмірге құштар мұндай жандардың жүріп өткен жеңісті жолы кім-кімге де ой салары анық.
Жобаның авторы — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
