Жаһандану заманында ақпараттық технологиялар сәт сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Соның бір дәлелі – төлемнің түр-түрінің енгізілуі. Бұрындары сатып алған затқа тек қолма-қол ақшамен есеп айырыссақ, енді қолмен де төлем жасауға болады. Дәлірек айтқанда, арнайы терминалға алақаныңызды апарсаңыз, банк картаңыздағы қаржыңыз төлем ретінде бірден алынады.
Бүгінгі таңда әлемнің алпауыт компаниялары тұтынушыларына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында түрлі тың технологияны қолдануда. Айталық, осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алған зат, көрсетілген қызмет ақысын өтеу кезінде банктің POS-терминалы арқылы QR-код сканерлеу, кейін Google Pay арқылы есеп айырысу тетіктері қосылды. Ал 2015 жылы Жапонияда алғаш рет алақан арқылы төлем жасау енгізілді. Сол уақыттан бері күншығыс елінің азаматтары сауда орындарына барған тұста карта алып, әуре болмайды. Осыдан екі жыл бұрын қытайлық метроларда да жолақысын алақанмен төлеу жүйесін іске қосты. Яғни, жолаушы қоғамдық көлікке кірген кезде ілулі тұрған кодқа алақанын апарып сканерлесе, картасынан жол ақысы алынатын болды. Бүгінгі таңда аспанасты елінде бұл төлем түрі кеңінен қолданылуда. Сол сияқты әлемге әйгілі Amazon сауда платформасы да осындай төлем түрін енгізді. Арнайы құрылғыға алақанды көрсету арқылы сауда-саттықты әп-сәтте әрі оңай жасауға мүмкіндік бар.
Ендігі ретте мұндай жаңашылдық біздің елде де енгізілмек. Қазақстандық тұтынушылар арасында кеңінен танымал kaspi.kz қосымшасы осындай тың жобаны таныстырды. «Kaspi Alaqan» деп аталатын жаңа төлем жүйесі арқылы тұрғындар дүкенде телефонсыз, интернетсіз және картасыз, тек алақанын сканерлеу арқылы төлем жасай алады.
Компанияның негізін қалаушы Михаил Ломтадзе жаңа сервисті таныстыра отырып, инновациялық жүйе осы жылдың желтоқсанында алдымен Алматы қаласындағы сауда орталықтарында, кейін бүкіл Қазақстан бойынша қолжетімді болатынын айтты.
— Бұл смартфонмен төлеуден де жылдам. Алғаш рет қолданғанда ерекше әсер қалдырады. Төлем жасау үшін алақанды терминалдағы арнайы сканерге жақындатсаңыз жеткілікті. Жүйе қолдағы тамырлардың бірегей суретін бірден танып, Kaspi Gold шотындағы қаржыны картасыз, телефонсыз-ақ есептен шығарады. Кез келген алақаныңызды банкоматтағы «Kaspi Alaqan» тетігін басу арқылы тіркеуге болады. Технологияның негізінде Kaspi ID қауіпсіздік жүйесі жатыр, ал пайдаланушылар өз алақан ізін қалаған сәтте өшіре алады, — деді ол.
Алайда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова банк ұсынған жаңа технология әлі де қауіпсіздік тексерісінен өтпегенін алға тартты.
— Қазіргі таңда барлық банк қызмет көрсету бойынша өзара қызу бәсекеге түсіп жатыр. Бұл тұтынушылардың назарын аудартуға бағытталған бағамды бәсекелестік деп білемін. Соған сәйкес жаңа қаржылық технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен пайда болуы ерекше әсер қалдырады. Дей тұрғанмен, қандай да бір жаңа қаржылық технология енгізілген сәтте ол бірінші кезекте қауіпсіз болуы тиіс деп санаймыз. Бұл ретте «Алақаннан түсірілген жеке деректер, оның ішінде биометрия қалай қорғалады?», «Алаяқтар сәйкестендірудің бұл түрін қолдану үшін жаңа қитұрқы амалдарды ойлап таппай ма?» сынды сауалдардың туындайтыны – заңдылық. Оған қоса, жаңа технология алдын ала қауіпсіздік бағалауынан өткен жоқ. Егер тексеріс барысында қандай да бір қайшылықтар туындаса, агенттік бұл қаржылық өнімнің жүзеге асуына тыйым салады, — деп кесіп айтты агенттік төрағасы.
Бұған қатысты көпшілік пікірі де екіге жарылды. Бірі жаңашылдықты құп көрсе, екінші тарап тың сервиске күмәнмен қарайды.
— Қазірдің өзінде елімізде алаяқтық әрекеттері дендеп тұр. Биометрияның бірегей базасы жоқ. Азаматтардың жеке деректерін қорғау үшін алдымен қауіпсіздікті күшейту керек. Содан кейін ғана алақан арқылы ақы төлеу туралы сөз қозғауға болады деп ойлаймын. Әйтпегенде алақанның көшірмесі сақталып, ол алаяқтардың оңай олжасына айналмасына кім кепіл? Жаңашылдық енгіземіз деп қитұрқы әрекеттерге ұрынып қалмау қажет. Мен әзірге бұл жүйеге сенбеймін, сондықтан әдеттегідей телефон не карта арқылы төлем жасаймын. Бұл ешқандай ауыртпалық салмайды, — дейді Екібастұз қаласының тұрғыны Нұрсұлу Төлегенова.
Ал кей тұтынушылар керісінше мұндай бастаманы қолдап, оның ел көлемінде таралу уақытын тағатсыздана күтіп отыр.
— Меніңше, бұл – жақсы жаңалық. Әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар тәжірибенің біздің нарыққа еніп жатқаны қуанышты. Бүгінде жер-жерді ғаламтор желісімен қамтамасыз етіп жатқанымен, басқа түгілі қала ішінде кей дүкендерде интернет сапасы нашар болып, QR-код немесе банк картасы арқылы төлем жасау қиын боп жатады. Сондай кезде алақанмен оңай төлем жасауға болатын сияқты. Білуімше, мұндай сервис үшін интернет керек емес. Телефон қуаты таусылған кезде де дүкеннен керек-жарақты алу оңай болады деп ойлаймын. Оған қоса, уақытымызды үнемдейді. Сондықтан мұндай әдісті құптаймын, — дейді павлодарлық Самал Нұрғалиева.
Бұл жүйенің қаншалықты тиімді не қолайсыз болатынын уақыт көрсетер. Бір анығы, осындай жаңа сервис қауіпсіздіктің барлық талабына сай болуы тиіс. Жеңіл жолды жөн көрген кей тұтынушылар алаяқтардың арбауына түсіп қалмаса болғаны.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
