Тал егу — оңай, жерсінуі – қиын

Қар 20, 2025

Павлодар қаласында қоғамдық ұйымдардың бастамасымен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына арналған баспасөз конференциясы өтті. Шарада өңірдегі су ресурстарын басқару, денсаулық сақтау және көгалдандыру салаларындағы қоғамдық мониторинг нәтижелері таныстырылды. Конференцияны «Павлодар облысы азаматтық альянсы» мен «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Павлодар облысы үшін су ресурстары стратегиялық маңызды бағыттардың бірі.

«Эком» қоғамдық бірлестігінің жүргізген мониторинг нәтижесінде аймақтағы су инфрақұрылымның тозу деңгейі 47%, ал суару арналары  бойынша су жоғалту мөлшері 60%-ға дейін жеткені анықталды. Экологтардың айтуынша, Ертіс өзенінің маңызы зор болғанымен, бассейіндік кеңес 2019 жылдан бері жиналыс өткізбеген, ал су пайдалану бойынша кей деректер қоғам үшін әлі жабық күйінде қалып отыр.

«ЭКОМ» төрайымы Светлана Могилюк судың тапшылығына климаттық өзгерістер мен суды тиімсіз пайдаланудың себеп болатынын айтты.

– Климаттың жылынуы Алтай мұздықтарының жедел еруіне әкеліп отыр. Қазір мұздықтар Ертіс өзені ағысының үштен бірін қамтамасыз етуде, бірақ олардың кемуі болашақта судың азаю қаупін туғызады. Сонымен қатар, температураның жоғарылауы Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларындағы булануды күшейтіп, су шығынын арттырады. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды басқаруды талап етеді, – деді Светлана Могилюк.

Мамандардың айтуынша, аймақта жерді суару көлемі жыл сайын  артып, ауыл шаруашылығында суды көп қажет ететін технологиялар жиі қолданылуда. Сонымен қатар, жерасты суларының  қоры шектелген, ал олардың жаңарып толығуы мыңдаған жылдарға созылады.

– Суды шамадан тыс пайдалану мен артық суарудың салдарынан топырақ тұзданып, құнарлылығын жоғалтады. Бұл – тек экологиялық емес, экономикалық мәселе де. Сондықтан фермерлерге суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, тамшылатып суару сияқты технологияларды енгізу маңызды, – деп атап өтті Светлана Могилюк.

Экологтар ұсынған шешімдердің қатарында өзен арналарының  цифрлық картасын жасау, судың булануын есептейтін модельдерді енгізу, сондай–ақ қоғамдық бақылау жүйесін кеңейту бар.

Қоғамдық мониторинг ден-саулық сақтау саласында да бірқатар жүйелі мәселелер бар екенін көрсетті. «Павлодар облысы азаматтық альянс қауымдастығы» жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша тұрғындардың
медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 54,6%, ал жоспарлы көрсеткіш бойынша 74,6%  болған. Сонымен қатар, жүрек–қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 138,07 жағдай, онкологиялық аурулардан
60,07 жағдай тіркелген.

Алайда оң өзгерістер де жоқ емес. Соңғы екі жылда ана өлімі тіркелмеген, ал өңірдегі медициналық инфрақұрылым біртіндеп жаңарып келеді.

– Бағдарламалар ауқымды болғанымен, ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мен алғашқы медициналық қызметтің жетіспеушілігі әлі де сезіледі, – деді «Павлодар облысының Азаматтық альянс қауымдастығының»  атқарушы директоры Марина Поух.

«ЭКОМ» ұйымы жүргізген тағы бір маңызды зерттеу – көгалдандыру саласына арналған  қоғамдық мониторинг. Көгалдандыру бағытындағы қоғамдық бақылау 2022 жылдан бері жүзеге асырылған жоспарлы және ағаш отырғызуларды қамтыды. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, отырғызылған ағаштардың үштен бірі ғана бақыланған. Зерттеуге қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, саяси партиялар мен экологиялық ұйымдар өкілдері қатысқан. Мониторинг Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында өтіп, барлық отырғызулардың 30%-дан астамы тексерілген.

– Мысалы, өткен жылы «Фрегат» бау-бақша алқаптары мен «Қазақстан алюминийі» АҚ арасындағы аумақта 27,8 мыңнан астам ағаш отырғызылды: қарағай, терек, татар үйеңкісі, шырша және қайың, – деді Марина Поух.

Экологтардың айтуынша, соңғы жылдары кейбір жаңа көшеттерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Бұл тәсіл өсімдіктердің өсіп-өну жағдайын айтарлықтай жақсартып отыр. Мәселен, «Құлагер» ипподромы маңында отырғызылған қарағайлардың жерсіну көрсеткіші 90 пайызға жетсе, «Қазқонақ» аумағында бұл көрсеткіш 70 пайызды құраған. Дегенмен, бақылаушылар отырғызылған ағаштардың сапасы төмен екенін және ТҮКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесі) тарапынан бақылау жеткіліксіз екенін атап өтті.

– Біз кеңестік кезеңнен қалған алты санатты бағалау әдістемесін қолданамыз. Ол өсімдіктің нақты өміршеңдігін анықтауға мүмкіндік береді. Ал ТҮКШ жүйесінде бар болғаны екі санат бар – тірі және өлі. Бірақ кейде тірі ағаштың жағдайы нашар, 3-4 жапырағы ғана бар, ал кейбір өлі деп саналатын ағаштар қайта тамырлап, тіршілік етіп жатады, – деді Марина Поух.

Сондай-ақ, экологтар ағаш отырғызылғаннан кейін 2–3 жыл өткен соң ТҮКШ қызметкерлер тарапынан қабылдау актілері мүлде жасалмайтынын анықтаған.

– Біз ағаштардың отырғызылғанының дәлелі болатын құжаттарды көрсету жөнінде ресми сауал жолдадық, алайда ешқандай құжат ұсынылмады. Болжамымыз бойынша, мұндай актілер мүлде жоқ. Бұл – жасыл желектерді күтіп-ұстау ережесін бұзу болып саналады, – деді «ЭКОМ» төрайымы Светлана Могилюк.

Оның айтуынша, кейбір кәсіпорындар ағаштарды кесіп, ағаш отырғызулар бойынша міндеттемелерін орындамайды.

– Иә, жақсы мысалдар да бар. Бірақ кей жағдайда ағаштарды кесіп, ешқандай жауапкершілік алмай кететіндер де кездеседі, – дейді Марина Поух.

Қазіргі уақытта ұйым ТҮКШ басқармасына екінші рет ресми сұраныс жіберіп отыр. Егер жауап болмаса, прокуратураға жүгінбек. Экологтардың пікірінше, ТҮКШ органдары ағаш кесуге рұқсат беретін болғандықтан, ағаш отырғызулардың орындалуын да бақылауға міндетті.

Экологтар мен қоғам белсенділерінің айтуынша, қоғамдық мониторинг – билік пен халық арасындағы тиімді кері байланыс құралы. Ол мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығын арттырып қана қоймай, олардың тиімді орындалуына ықпал етеді.

– Біздің мақсатымыз – сын айту емес, шешім ұсыну. Қоғамдық бақылау арқылы біз нақты мәселелерді анықтап, билікке конструктивті ұсыныстар береміз. Бұл өңірдің тұрақты дамуына жол ашады, – деп қорытындылады Светлана Могилюк.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.