Өнер мен технология тоғысып…

Қар 20, 2025

Бүгінгі заманда ұлттық мұра мен дәстүрді жаңа технологиялар арқылы жаңғырту басты міндетке айналды. Павлодарда ашылған «Креатив» орталығы – осы мақсатқа бағытталған, өнер мен цифрлық мүмкіндіктерді тоғыстырған жаңа кеңістік.

Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жанынан құрылған «Креатив орталығының» ашылу салтанаты өтті. Бұл — өңір мәдениеті мен шығармашылық әлеуетінің дамуына жаңа серпін беретін ерекше оқиға. Іс-шараға мәдениет саласының өкілдері, шеберлер, сән индустриясы мамандары, шығармашылық жастар қатысты.

Салтанатты жиында алғашқы сөз облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанға берілді. Өз сөзінде ол креативті индустрияның маңыздылығын атап өтті.

— Креативті индустрия – бұл  өнер мен мәдениеттің ғана емес, экономиканың да жаңа тынысы. Ол адамды ой-жоспар мен талант арқылы табысқа жетуге жетелейді. Яғни, идея табыс көзіне айналған заман келді. Креативті индустрия — дизайн, музыка, кино, сән, қолөнер, медиа, бейне контент, цифрлық шығармашылық сияқты көптеген бағытты біріктіреді. Бүгін ашылып отырған орталықтың басты мақсаты – шығармашылық адамдарға жаңа мүмкіндік ашу, өңірдің мәдени және экономикалық әлеуетін арттыру, ұлттық өнер мен дәстүрді заманауи форматта дамыту, — деді ол.

Осыдан кейін сөз кезегі сән әлемінде өзіндік орны бар жас кәсіпкер, «Ханым» ательесінің жетекшісі Айзат Байтеноваға берілді. Ол заманауи сән индустриясы мен ұлттық киімдерді үйлестіру бағытындағы еңбектерімен бөлісті.

— Біздің мақсатымыз – қазақтың ұлттық киімдерін жаңа заман талғамына сай етіп таныту. Креатив орталығы арқылы біз ұлттық өнер мен заманауи сәнді ұштастырып, жаңа деңгейге көтерілуді көздейміз, — деді ол.

Көрме аумағында қонақтар түрлі бағыттағы шығармашылық бұйымдармен танысты. Мұнда ұлттық нақыштағы киімдер, зергерлік және ағаштан, былғарыдан жасалған қолөнер туындылары қойылды. Әр туынды өз иесінің шеберлігін, эстетикалық талғамын және ең бастысы — ұлттық рухты айқын танытты.

Көрме барысында Шафер музейінің басшысы Мағзия Әбенова өз ойымен бөлісті. Ол қазақ күйлерін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.

— Біздің мұражай қорында 23 мыңнан астам пластинка бар, оның 700-ге жуығы – қазақтың әндері мен күйлері. Бұл – ұлттың мәңгілік мұрасы. Сол мұраның ұмытылмауы үшін біз оны цифрландырумен айналысып жатырмыз. Заманауи технологияларды пайдалану арқылы жастарға бұл байлықты жаңа форматта ұсынуға мүмкіндік туады. Бүгін ашылып отырған креатив орталығы осы бағыттағы жұмысымызға жаңа дем береріне сенемін, — деді ол.

Көрмеде ерекше назар аудартқан жайт — кейбір өнер туындыларына QR-код орнатылған. Келушілер кодты сканерлеу арқылы бұйымның қалай жасалғанын, қанша еңбек жұмсалғанын көре алды. Бұл тәсіл дәстүр мен технологияның тамаша тоғысы, заманауи креативтің нақты көрінісі болды.

Шара барысында көрермендер назарына әсем әуендер тарту етілді. Қолөнер шеберлері мен суретшілер өз еңбектерін таныстырып, креатив орталығының болашақ жобалары жайлы айтты.

Креативті индустрия – бұл жаңа идеялар мен шабыттың алаңы. Бүгінгі іс-шара – шығармашылық адамдарға қанат бітіріп, жаңа бастамаларға жол ашатын үлкен мүмкіндік.

Павлодарда ашылған «Креатив» орталығы – өнер мен технологияның тоғысқан жаңа кеңістігі. Бұл орталықта әрбір шебер өз идеясын жүзеге асырып, ұлттық мәдениетімізді жаңа деңгейге көтеруге үлес қоса алады. Креативті ой мен заманауи шешімдердің мекеніне айналған бұл орын өңірдің мәдени өміріне тың серпін берері анық.

Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.