Телефонсыз қалудан қорқасыз ба?

Қар 20, 2025

Әлеуметтік желіде мына бір статистиканы оқып, жағамды ұстадым. Елімізде мектепте білім алатын жалпы саны 4 миллионнан астам оқушының 80 пайызы көру қабілетінен жапа шегеді. Бұл фактор білім сапасына және ұлт саулығына тікелей әсер ететіні — ақиқат.

Оқушылар арасында көз ауруының көбеюіне қос жанарға түсіп отырған салмақ себеп. Қазақстанда әрбір бесінші бала миопиядан зардап шегеді екен. Әлемде де жағдай алаңдатарлық. Мәселен, Жапониядағы балалардың 80 пайызы, Қытайда балалардың 40 пайызы осы диагнозға душар болған. Ұлыбритания мен АҚШ-та балалардың 15 пайызына миопия диагнозы қойылған. Тек Африка елдерінде балалар арасында көз аурулары аз кездеседі.

Өкініштісі, қазір жарық дүние есігін ашқан сәбилердің кіндігі гаджетке «байланған» десек, артық айтқан емес. Телефонға телмірген балалар көру ғана емес, ойлау, есту және сөйлеу қабілеттерінен де айырылуда. Планшет, смартфонға тәуелді бала айналаға назар аудармайды. Далада ойнап жүрген жасөспірімдерді аз көретініміз де сондықтан. Бәрімізге белгілі, баланың бас сүйегі өте жұқа болып келеді. Мамандар олардың миы көп су сақтайтындықтан микротолқынды тез сіңіретінін айтады. Қолына смартфон алған сәтте мидың қызметі бұзылады. Бұл жағдай тілдің кеш шығуына тікелей әсер етеді. Қорқыныштысы — смартфонды ұзақ ұстаған баланың ағзасында рахат гормоны, медициналық тілмен айтқанда дофамин көп түзіледі. Ал бұл гармон тәуелділік туғызады.

Балаларға қатысты өзекті мәселе бойынша маманмен тілдесуді жөн санадым. Павлодар облыстық балалар ауруханасының офтальмолог дәрігері Динара Сейітқұлованың айтуынша, аймағы-
мыздағы әрбір төртінші баланың көру қабілеті нашар. Ауруханада 1 жастағы сәбиден бастап 18 жасқа толған жасөспірімдер тексеріледі.

— Күніне алдын ала жазылу бойынша қабылдауға 15 бала келеді. Оларға 3 дәрігер қызмет көрсетеді. Өзім мерзімінен ерте туған балалардың көзін тексеремін. Аурухана базасында балалар травматологиялық бөлімшесі де жұмыс істейді. Ол жерде көзі қызарған, іріңдеген және жарақат алған балаларға тәулік бойы шұғыл түрде қызмет көрсетіледі. Бұл бөлімшеге күніне осындай диагноздармен облысымыздың түкпір-түкпірінен 20-25 бала
келеді.

Туа біткен көз ауруларын анықтау үшін барлық сәби 1 айлығында,  6 айлығында, бір жасында, 3 және 6 жасында окулистқа қаралуы тиіс. Бала мектепке барған уақытта да қабылдауға жазылу маңызды. Туа біткен көз ауруын ерте анықтауға болады. Бұл кезде миопия, гиперметропия, катаракта, көз қысымы ауруларының алдын алуға болады. Миопия тұқым қуалайды. Мұндай балалар окулиске жыл сайын қаралады. Бұл ретте ата-анаға зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, бала көзінің нашар көретінін білмейді. Баланың көру қабілетінен кемістік көрген ана ұл-қызын бірден дәрігерге әкелуі тиіс, — дейді Динара Талғатқызы.

Дәрігер мектеп табалдырығын аттаған балалардың 30 пайызы көзден жапа шегетінін кеш білетінін айтады. 6 жастағы балалар медициналық тексеруден өткен кезде көз ауруларын анықтау бойынша скринингтен өтеді. Мектепке барған бала жыл сайын офтальмологтың қабылдауына келуі тиіс. Өйткені, сабақ кезінде көзге салмақ түседі. Мәселен, 1-сыныпта балалардың 20 пайызы көзілдірік тақса, жоғары сыныпта олардың қатары 50-60 пайызға жетеді.

Көз ауруларының алдын алу үшін ең бірінші кезекте офтальмологтың қабылдауынан бас тартпау қажет. Тіпті, көзі 100 пайыз жақсы көретін баланың өзі дәрігерге қаралуы керек. Сонымен қатар, таза ауада кемі 2 сағат серуендеу де көздің көру қабілетіне жақсы әсер етеді. Гаджет, смартфондар да көзге салмақ түсіреді. Сол үшін телефонды уақытымен пайдаланған жөн. Қазіргі әлемді  гаджетсіз елестету мүмкін емес. Десе де, кем дегенде 1,5-2 сағатқа үзіліс жасап отырған жөн.

— Смартфон, гаджеттерді біз жақыннан көреміз. Осы арақашықтық көзге салмақ түсіреді. Бір нүктеге қарап отырған бала көзін жиі жыпылықтатады. Сағаттап бір нүктеге қараудың салдарынан көзге күш түседі. Сөйтіп, алысқа қарай алмай қалады. Осыдан кейін көз аурулары пайда болады. Сондықтан маман ретінде балаға 3-4 жасқа дейін телефонды мүлдем бермеуге кеңес беремін. Ал 5 жастан асқан балаларға планшет, гаджеттерді 30-60 минутқа ғана берген дұрыс, — дейді Динара Сейітқұлова.

Бүгінде үлкен-кіші — бәріміз телефонға телміргенбіз. Бұл жағда қауіптің жаңа түрі — номофобияның пайда болуына әсер етті. Ағылшын тілінен аударатын болсақ, «no mobile phone phobia». Яғни, ұялы телефоннан айырылып қалам ба деген қорқыныш. Жүйке жүйесінің бұзылуын зерттеушілер бұл сезімді жылан, шаян немесе биіктіктен қорқу сынды түрлі фобиялармен салыстырады. Қауіптің жаңа түрімен ауыратындардың бойында дененің дірілі, қатты терлеу, ашуға берілу сынды білгілер байқалады.

Күнделікті өмірде де күнде қолданатын ұялы телефонымызды таппай қалсақ, ағзамызда үрей туындайтыны — ақиқат. Қазір балалармен қоса үлкендердің өзі тамақ үстінде смартфон ұстауды әдетке айналдырған. Телефоны көзден таса болса, ашуға берілетіні де рас. Соған қарағанда бәріміз гаджеттің құлына айналып барамыз. Тіпті, кейде телефонды біреуге хабарласу үшін қолымызға ұстап, Инстаграм, Тиктокта сағаттап отырып қалатынымызды байқамаймыз.

Осыдан екі жыл бұрын Канада мен Бахрейн ғалымдары зерттеу жүргізген. Шараға қатысқан 13 мыңға жуық адамның 70 пайызы өз бойынан номофобия белгілерін байқаған. Яғни, жаңа қауіп түрі — жаһандық мәселе.

Америка ғалымдары тәулігіне қанша уақыт телефон ұстауға болатынын есептеген. Олар 3 жасқа толмаған балаға телефонды мүлде бермеу керектігін айтады. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларға  ең көп дегенде 1 сағат смартфон ұстауға рұқсат. Ересектер күніне 4-5 сағат қарай алады. Осы зерттеуге қарап номофобияға шалдыққанымыз көрініп тұр. Өйткені, қазір бала түгіл үлкендердің өзі тек ұйықтағанда ғана телефоннан ажырайтын сияқты.

Түйін:

Қазір жұмыстың өзі телефонмен істелетіндіктен де телефонға тәуелдіміз. Бірақ бұл жағдай сылтауға айналмауы тиіс. Сіз 3-4 сағатқа телефоныңызды өшіріп, басқа тірлікпен айналысып көріңіз. Егер еш алаңсыз смартфонды іздемей, демала алсаңыз жақсы. Қолыңыздан келмесе — номофобияға шалдыққансыз!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.