Аққан жұлдыз

Қар 20, 2025

(әкем туралы естелік)

Әкем мені театрға да, гастрольдерге де жиі ертіп жүретін. Сондықтан театрдың перзентімін десем де болады. Әкемнің де, ата-әжемнің де рөлдерін жатқа білетінмін. Кейде суфлер міндетін де атқарып жүрдім. Әсіресе, есімде қалғаны — «Аршин-Малалан», «Жалбыр», «Без вины виноватые» «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакльдері. Соңғы спектакльде Әкіш Шанин атам Қарабайдың рөлін тамаша ойнап шыққан соң спектакль 1970 жылдары «Қарабай» болып өзгертілді.

Әкемнің өмірі жарқын да мазмұнды болды. Жұмысбастылығына қарамастан, балаларына көп көңіл бөлетін еді. Әлі есімде, 1963 жылы барлық отбасы мүшесін атамекені Баянауылға апарды. Ғажайып өлкенің көрінісі күні бүгінге дейін көз алдымда. Туған топырағымен қауышқаннан қалай толқығанын түсінгендей болдым. Домбырасын қолынан тастамастан, ешкім бөгет болмауы үшін, ауылдан қашық кетіп қалып, қалың шөбі қаулап өскен далада өзінің сүйікті әндеріне басатын. Менің ерекше есімде қалғаны «Баянауыл» әні. Ол әнді әкем туған жерінде өзгеше шабытпен, беріле айтатын еді. Сол сапар менің жүрегімде өшпес із қалдырды.

Әкемнің қойылым алдындағы дайындығына қатысқанды, оның актерлермен жұмыс істегенін тамашалағанды ұнататынмын. Жалпы, мен үшін спектакльді дайындау процесі қызықты болатын. Ол залдың ортасындағы үстел шамы жағылған кішкентай үстелдің жанында отыратын. Қызы болсам да, дайындыққа кіруім оңайға түспейтін еді. Өйткені, режиссерлер бөгде адамдардың қатысқанын ұнатпайтын. Сөйтіп, актерлердің жұмысына кедергі жасамайын деген оймен тып-тыныш отыратынмын. Ал әкемнің спектакльдің сюжетіне қызығушылық танытқаны, оның дарыны мен адамгершілік қасиеті өн бойынан сезіліп тұратын. Осылайша, «Жаяу Мұса» қойылымы жарыққа шықты.

1966 жылы әкем режиссерлер Ордабаевпен және Дубровскиймен бірге жаңа нұсқадағы «Шоқан Уәлиханов» спектаклін екі тілде қойды. Орыс труппасы орыс тілінде, қазақ труппасы қазақ тілінде ойнады. Әкем басты рөлді сомдады. Ол осы тамаша адамның бейнесін қатты ұнататын еді. Меніңше, ол сол кездегі жеке-дара қойылым болса керек. Сол қойылымда маған әкеммен бірге сахнаға шығудың сәті түсті. Мен Ресейдің Санкт-Петербургтегі сахна балына қатысып биледім де, Наташа Ростованың күйін кештім.

Әкем сомдаған бейнелер жадымда қаз-қалпында қалыпты. Сол уақытта облыстық театрлардың спектакльдерді таспаға түсірмегені қандай өкінішті… Бірақ әкем қатысқан бірнеше фильм алтын қорда сақталыпты. Олардың ішінде «Ботагөз» (Е.Арон), «Шквал», «Алдар Көсе» (Ш.Айманов), «Выстрел на перевале Караш» (Б.Шамшиев) атты фильмдер бар. КСРО Халық артисі Н.Черкасовпен бірге «Иван Грозный» фильміне де түсіп, татар ханзадасының рөлін ойнады, бірақ ол экранға шыққан жоқ. Өйткені, фильмнің режиссері С.Эйзенштейнге қарсы қудалау басталған еді. Тек әкем-
нің осы рөлдегі суреттері сақталған.

1967 жылдың бір есте қаларлығы, сол жылы әкемді де, мені де фильмге түсуге шақырды. Әкем Б.Шамшиевтің (Қырғызфильм) «Выстрел на перевале Караш» фильмінде, ал мен Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде ойнадым. Босаған уақытымда әкеммен Алматыда кездесіп тұрдық. Ол мені өзінің достары Нұрмұхан Жантөрин, Нұрғиса Тілендиев, Қалаубек Тұрсынқұлов, Рымғали Нұрғалиев және басқа да белгілі адамдармен таныстырды.

Әкемнің режиссерлік және актерлік дарынымен қатар басқа да қабілеттері жеткілікті болды. Ол тамаша дауысымен ән де айтатын, көптеген музыкалық аспапта да ойнайтын. Қазрадионың ұлттық музыкалық қорында әкемнің орындауында бірнеше ән сақталған. Мәселен, Ақан серінің «Көкжендеті», Балуан шолақтың «Жастық» және «Балуан Шолағы», халық әні «Ағашаяқ» әндерін тыңдауға болады. Бұл әндер күрделі болғандықтан, сирек орындалатын, бірақ менің әкемнің дауысымен өз орындаушысын тапқан сияқты сезілді.

Әкемнің тағы бір қыры – оның ұйымдастырушылық қабілеті. Ол қабілеті 1968 жылы Жетісай музыка-лық-драмалық театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері қызметіне тағайындалған кезде айқын көрінді. «Жалбыр» мен «Қыз Жібек» спектакльдері осы театрдың бірінші қойылымдары болып, Кремльдегі Съездер сарайында көпшіліктің назарына ұсынылды. Келесі жылы әкеммен бірге Ресейдің Мәскеу қаласына аттануды жоспарлап жүрдім. Алайда, тағдырдың жазуымен ол өмірден өтіп кетті. Бір жылға жетпей Шәкен Айманов ағамыз да дүние салды.

Әкемнің мейірімді де кішіпейіл жан болғандығы туралы досы, актер және режиссер, ҚР Халық артисі Бәйтен Омаров былай әңгімелейді: «Ташкенттегі театр-көркемөнер институтында оқып жүрген кезіміз. Қаланың көше бойыман келе жатқан біз күнкөрісі үшін қайыр сұрап, аккордеонда ойнап тұрған мүгедекті көрдік. Соғыстан кейінгі жылдар еді. Мүгедектің алдында жатқан бос малақайды көрген Қасымхан оның аккордеонын сұрап алды да, аккордеонға қосылып шырқап қоя берді. Ол орыс, қазақ, татар, өзбек әндерін айтқанда, малақай ақшаға тез тола бастады. Әбден толған кезде Қасымхан аккордеонмен бірге ақша толы малақайды соғыс мүгедегіне қайтарып берді. Өз ісімізге риза болған біз алшаң басып кете бардық».

Әкем өте жайдары жан болатын, достыққа барынша адал еді. Шәкен Айманов, Георгий Чухрай, Нұрмұхан Жантөрин, Қадиша Бөкеева, Бәйтен Омаров, Ыдырыс Ноғайбаев, Шәмші Қалдаяков, Нұрғиса Тілендиев, Болотбек Шамшиев, Қалаубек Тұрсынқұлов, Шымкенттің құрметті ақсақалдары – Кұлахмет Қалменов, Әділхан Сұлтанбеков, Абзал Асқаров, театр әртістері Әбен Мұхамедияров, Жүсіп Тұрсынов, Сейіт Досмағанбетов, Ақсақал Қалмырзаев, Нарынбет Асылбеков, Жеңіс Қарғабаев сынды жандармен жақын араласты.

Жастық шақтары жайлы анамның айтқан әңгімелері есімде мәңгі сақталған. Әр сөзінен сол бір жылдардың иісі аңқып тұратындай. Екеуі алғаш Шымкенттің Орталық саябағындағы би алаңында кездесіпті. Кешкі самал жел, аспандағы жұлдыздар мен әуеннің әсем ырғағы. Сол сәтте екі жүрек бір-бірін тапқан екен.

Айтуларынша, олар фокстрот пен вальсті ерекше нәзіктікпен билепті. Әр қимылдары үйлесім тауып, көрген жұрт: «Қандай жарасымды жұп!» – деп сүйсіне қараған деседі. Екеуі де сол кезде жап-жас, өмірге ғашық, арманы асқақ жандар еді. Сол жылдардың естелігіне айналған сарғайған суреттерге қарасаң, жүздерінен нұр төгіліп, көздерінен үміт пен махаббаттың сәулесі байқалады.

Осындай жарқын бейненің өмірден озғанына да 50 жылдан асыпты. Бірақ балалары мен ұрпақтары атамыз бен әкеміздің есімдерін әрқашан қастерлеп, жадында сақтайды. Осындай мақсатпен, 2021 жылдың 22 желтоқсанында Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына атамыздың ескерткішін қойдық. Мүсіншілер Ә.Мұратов пен С.Иляев болды.

Райхан ШАНИНА,

Қасымхан Шаниннің қызы.