Кәсіпкер Бақытбек Баткеев: Қоғамдық жұмысты жандандыру болашақ үшін маңызды

Қар 27, 2025

Біздің облыста алтын уақыты мен қалтасындағы қаражатын ел игілігі үшін жұмсаудан аянбайтын, қашан да қоғамдық мәселелердің бел ортасында жүретін бір қауым бар. Солардың қатарына Павлодар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, жеке кәсіпкер Бақытбек Баткеевті де қоса аламыз. Жақында қоғам белсендісімен арнайы жолығып, әңгімелескен едік.

 

– Бақытбек Тілеубайұлы, сізді кәсіпкер, меценат ретінде білеміз. Өзіңіздің негізгі мамандығыңыз қандай? Қай салаларда еңбек еттіңіз?

– Менің туған жерім – Ақтоғай ауданы, бірақ Павлодар ауданының Жертұмсық ауылында өскем. Мамандығым – инженер, механик. Әкем кішкентай кезінде Кемеров балалар үйінде өсіпті, одан кейін оқып-тоқып, ұстаздық етіп, мектеп директоры болған.  Мен 1964 жылы сол Жертұмсық ауылындағы 8 жылдық мектепке бірінші сыныпқа барғам. Кейін ол мектепті жауып, бізді бесінші сыныпта Заряның мектебіне ауыстырды. 1974 жылы сол мектепті бітіріп, Павлодар трактор зауытына жұмысқа кеттім. Плотник-станокшы мамандығын игердім. 1976 жылы Индустриялды институтқа оқуға түстім. Оған зауыттың жолдамасымен бардым. 1981 жылы инженер-механик мамандығын алып, тағы зауытқа бардым. Онда шебер, аға шебер, участок бастығы, бөлім бастығы сынды жұмыстарды атқардым. 1993 жылы зауыт жабылған соң жеке кәсіп ашуға тура келді. Сонда осы трактор зауытына 15 жылға жуық уақытымды арнаппын. Тоқсаныншы жылдары жеке кәсіппен айналысу, оны жүргізу өте қиын болды. Соған қарамастан, көп жұмыс атқарып, мал жинадық, егін ектік. 2013 жылы Павлодар машинажасау колледжіне оқытушылыққа шақырды. Сол жерде 8 жылдай арнайы пәндердің ұстазы болып көптеген машинажасау саласының мамандарын даярладым, сол колледжден зейнетке шықтым.

– Кеңес Одағы құлаған кезде Павлодардағы өндіріс ошақтарының, алып зауыттарының тоқтағанын көзіңіз көрген болар…

– Иә, Павлодардың өндірістік аймағы көзалдымызда құлап, күйреп жатты ғой. Мысалы 26 мың адамға жұмыс беріп, дүркіреп тұрған алып Павлодар трактор зауыты бір күнде тоқтап қалды.  Өндірістік нысандар аукционмен су тегінге сатыла бастады. Әлі есімде, химиялық зауыттың жалпы аумағы мың шаршы метр болатын үлкен бір цехы мың теңгеге сатылған күндер болды. Ал трактор зауытының бір цехы 140 мың тең-геге кетті. Оның ішінде станоктар толып тұрды. Әділ түрде бағалайтын болсақ, оның бір есігінің өзі 140 мыңнан арзан тұрмайды. Себебі, мем-лекетте ол өндірістерді жүргізетін шама қалмады. Сол себепті бәрі жаппай құнсызданды. Қазір ойлаймын, егер соның бәрін талан-таражға салмай сақтап қалғанда осы күнде өндіріске дайын тұратын еді. Жалпы, Кеңес үкіметі тұсында Павлодардың индустриялық өнеркәсібі шарықтап тұрған еді. Біздің зауытқа 600-ден астам өнеркәсіптен жабдықтаушы құралдар келетін. Біз Орта Азияда конвейермен жинайтын жалғыз зауыт болдық. Бұл зауыттан біз инженер ретінде көп тәжірибе алдық. Мамандар да мықты болды, индустриялды институт өте сапалы дайындайтын. Бізде Макар Мусаевич Жасимов деген техника ғылымдарының докторы болды. Талай мықты инженер мамандарын шығарды ол кісі. Соңғы курста үш ай Мәскеуде атақты «Москвич» машинасын құрастыратын зауытта болдық, онда жан-жақтан студенттер келетін. Сол кезде павлодарлық студенттердің білімі көш ілгері болатын. Елді жабайы нарық жаулап, әркім білгенін істейтін заман болды. Әр жерде түрлі «бригадалар» құрылып, өз ықпалдарын жүргізді. Біз де дәл сол түста бизнеске келіп, сол оттың дәл ортасында жүрдік. Тіпті, кешке үйге аман келеміз бе, келмейміз бе деп шығатын да күндер болатын еді. Аллаға шүкір, бәрінен аман өттік. 1993 жылы інім екеуіміз жеке шаруа қожалығын аштық. Мемлекетке салығын төлеп, барлығын заңды түрде жасадық. Ол кезде банктердің пайызы орасан жоғары болатын. Біз банктен 250 пайызбен несие алатынбыз. Қазір осыны айтсаң, көрмеген адам сенбейді. Алғашында 35 сиыр алып бастаған болатынбыз. Содан бір жылдан кейін әлгі қара малдың барлығын бруцеллез деп танып, түгелін тапсыртты. Ол кезде ет комбинаттары мен ветеринарлардың арасында қатты сыбайластық болатын. Содан кейін егінге шығып, жер шаруашылығымен айналыстық.

–  Жалпы, қоғамдық жұмысқа келуіңізге не себеп болды? Ел ісіне араласуыңыз қалай басталды?

– Біз бірнеше формациядан өткен буынбыз ғой. Кезінде октябрят, пионер, комсомол болдық. Сол кезден бастап қоғамдық жауапкершілік деген дүние қанымызға сіңген. Яғни, сенің жеке басыңнан қоғам бірінші тұруы керек. Міне, осы ұғымды қанымызға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Сондықтан, мен қоғамдық жұмысты мектеп оқушысы болып жүргенде бастадым десем де болады. Мен өнеркәсіп саласында жүрсем де, кәсіпкер болсам да қоғам жұмысына араласып жүрдім. Алғаш кәсіпке келгенде де елге қол ұшын беріп, шамамыз келгенше көмектестік. Ол кезде совхоздар құрып жатты, «Анау жоқ мынау жоқ. Техника керек» деп хабарласады әкімдер. Содан кейін тарих, өлкетану жағына ден қоя бастадым. Жертұмсық ауылының тарихын зерттедім. Біздің ауылда Қани Ғаббасов деген ақсақал болды. Одан бөлек, ауылымызда 11 молда болды, солардың шапанына оралып, әңгімесін тыңдап өстік. Сол Қани ағаның бір қыс жанында болып, әңгімесін тыңдадым. Нағыз шежіре адам, есте сақтауы мықты еді. Ұлы Отан соғысына аттанғандар туралы көп тарихи дерек берді. Өзі де — соғысқа қатысқан адам. Біздің ауылдан 52 адам соғысқа аттанып, 12-сі ғана келген. 40 боздақ майдан даласынан оралмады. Майданға ауылдан 4 арба болып аттаныпты. Сонда қай арбада кім отырғанын, оның руы кім, ауылда оның ұрпақтары барма дегенді айтып беретін. Сонымен ауылдың үлкендерімен ақылдаса келе боздақтарға монумент орнатуға кірістік. 2007 жылы аудан әкімі Ермағамбет Бөлекбаев деген жігіт еді. Қазір Қарағанды облысын басқарады. Өте іскер азамат болатын. Сол кезде көп дүние істедік. Өзі қоғамға сондай ашық әкім болды.

– Бір жылдары өзіңіз өскен Жертұмсықтың 160, 170 жылдық мерейтойларын атап өттіңіздер ғой. Ауыл тарихын қалай зерттедіңіз, қандай дерекке негіздедіңіздер?

– Жалпы, қазақтың қай ауылының тасын түртсеңіз, астынан тарих шығады. Жертұмсық та солай. Біз ауылдың тарихын зерттеу барысында Щербинаның 1897 жылғы жазылған «Расселение киргизов Павлодарского уезда» деген еңбегін таптық. Одан Жертұмсық туралы көп дерек шықты. Зерттеуші 1897 жылы осы жаққа келген ғой. Сол сапарында ауылдың қалай қалыптасқанын жазған. Сол деректерге сүйене отырып, 2007 жылы 160 жылдығын, 2017 жылы 170 жылдығын тойладық. Енді 2027 жылы 180 жылдығын тойлаймыз. Бірақ осыған сенбегендер де болды ауылдастар арасында. «Жуырда ғана совхоздың 45 жылдығын тойладық, Кеше ғана құрылған совхозда қайдағы 160 жыл» дегендер болды.  Оларға Қани ағамыз «Өлгендерің тіріліп, өшкендерің алдарыңа келіп отырса, бұл не қылған сандырақтарың» деп біраз ұрысты. «Менің өзім 90 жасқа келдім, мен осында тудым, оның алдында да ел болды мұнда. Ел болмаса, біз қайдан пайда болдық» деп жетесіне жеткізіп айтты. Шыны керек, біздің қазақтардың өзі совхоздың тарихынан ары ештеңеге қарағысы келмеді. Осылайша шынайы ұлт тарихын жоққа шығарғысы келгендер болды. Себебі, олар Кеңес үкіметінің тарихына әбден иланған, саналары уланған. Міне, біздің жанталасып жүргеніміз де осындай жұрттың көзін ашу, санасын ояту еді. Заря жақта Подстепка деген жер бар. Сол жерді бұрын «Зергер» деп атапты. Бала күнімізде үлкендердің «Зергерге бардық» деген сөзін жиі еститінбіз ғой. Кейін соны зерттеп, сұрастыра бастадым. Сөйтсем, бұл ғасырлар бұрынғы атау екен. Қазіргі Заряның атауы сол «Зергер» сөзінен шыққан деп түйіндеймін. Сондықтан, бұл ауылға өзінің тарихи атауын қайтару қажет деп санаймын.

– Бір жылы Павлодар ауданының атауын Маралды деп өзгерту жөнінде мәселе көтердіңіз. Бұл бастамаңызды да жергілікті ел жақсы қабылдады. Бірақ, жоғары жақтан бір талпыныс болмады-ау деймін…

– Иә, бұрынғы Маралды болысы жерінің 60 пайызы қазіргі Павлодар ауданының аумағына қарайды. Маралды көлінің де көп бөлігі біздің ауданымыздың аумағына кіреді. Бірақ, менің бұл бастамамды сол кездегі әкімдер қолдаған жоқ. Сол себепті жабылып қалды. Әйтпесе, халық қолдады, зиялы қауым да орынды ұсыныс деп санаған еді. Өздеріңіз білесіздер, біраз жыл бұрын «Рухани жаңғыру» деген жақсы бағдарлама болды. Сол арқылы көп дүние жарыққа шықты ғой. Бізге сол бағдарлама дәл қазіргі күні керек-ақ! Соны ел болып қайта жаңғыртуымыз керек. Оған билік өзі мүдделі болуы тиіс. Мен де сол кезде «Игілік-Рухани жаңғыру» деген қор ашып, жұмыс бастап едік. Кезінде осы қормен Үміт апа ауылындағы мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, апамыздың зиратын абаттандырдық. Ол қорды  әлі жаппай отырмын. Осыны қайта қолға алатын кез келеді деп сенемін. Оның қажеттілігі енді туындайды деп ойлаймын.Бірақ, оны шоуға, жеңіл–желпі іс-шараға айналдырып жіберуге тағы болмайды. Қазақтың тарихын жаңғырту, ұлттың санасын ояту бағытында жұмыс істеуімізкерек. Жақында өңірге Президент кеңес-шісі Мәлік Отарбаев келді ғой. Сол кісі бір жақсы ұсыныс айтты. Ол: «Қазақтың тарихын Жошы ханнан бастап қарау керек» деген пікір айтты. Рухани жаңғыру дегеніміз осындай істермен айшықталуы тиіс. Себебі, біздің тамырымыз өте тереңге жайылған ұлтпыз.

– Өзіңіз қоғамдық жұмысты барынша жандандырып, қоғам белсенділерін қолдау керек деген пікірді жиі айтып жүресіз. Осы ойыңызды түсіндіріп кетсеңіз…

– Жалпы, елдің жоғын жоқтап, барын түгендейтін қоғам белсенділерінің ұлт үшін пайдасы өте зор. Сондықтан, аймағымызда үкіметтік емес ұйымдар көптеп тіркеліп, қоғамдық ұйымдардың жұмысын одан ары жандандыру керек. Елдің еңсесін көтеріп, жұрттың көзін ашатын, халықты оятатындар да осылар.  Сол себепті мен қоғамдық жұмыс деген ұғымды барынша қолдаймын. Тек бағыты дұрыс болуы керек. Жергілікті басқа да бауырлас ұлт өкілдері белсенді жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Ассамблея дейміз, «География үйі» дейміз, осындай ұйымдар өте белсенді. Біз олардын көлеңкесінде қалып қоймауымыз керек. Ертең осы үкіметтік емес ұйымдардың сөзі жүретін, олардың пікірімен санасатын кез болады. Яғни, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, жергілікті ауыл, аудандар мен көшелердің атауын өзгерту кезінде олардың пікірі маңызды болады. Сондықтан, ұлттық мүддеге жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдарды қолдап, олардың санын көбейтудің маңызы өте зор. Бұл дегеніміз қоғамды өзін-өзі басқаруға беру деген сөз. Көптеген шет мемлекеттер осы жүйені қолданып, тез дамып кетті. Еуропаның көп елдерінде көп нәрсені ел өзі шешеді. Неге десеңіз, күштің бәрі халықта. Халық қозғалса бәрі шешіледі. Ол үшін ел оянуы қажет. Кезіндегі Міржақып Дулатовтардың көздегені де осы болатын. Сондықтан, қоғам белсенділерін қолдауды жаңа деңгейге шығару керек. Себебі, олар біздің алтын қорымыз ғой. Олар — өзі үшін емес, елі үшін алтын уақыттары мен қаражаттарын қоғам игілігі үшін жұмсап жүрген жандар. Мұндай қадамға кез-келген адам бара алмайды. Балаларды мемлекетшілдікке көп тәрбиелеу керек. Мен бұл бағытты барынша ұмытпай келемін. Ауылда «Елім Жертұмсық» деген топ бар, оған мектеп оқушыларын тарттық. Өткен жазда ауылда 75 шырша отырғыздық. Балалар жаздай соны суарып, күтіп-баптаумен айналысады. Сонымен қатар, гүл өсіріп, ауыл көшелерін көгалдандыру бағытында жұмыс істейді. Міне, мұндай ұйымдар әр мектепте керек. Бұл — балалардың ауылдың тазалығына, экологиясына деген көзқарасын қалыптастыратын қадам. Сонымен қатар, әр мектепте батырлардың атымен патриоттық сыныптар ашу қажет.

– Аймақта ономастика мәселесі — дұрыс жүрмей тұрған салалардың бірі. Павлодар ауданының өзінде қаншама ауыл сол кеңестік кезеңдегі атаулармен тұр.

– Бізде ономастикамен шұғылданатын мамандар өз жұмысын толық атқаруда деп айта алмаймыз. Олар өз жауапкершіліктері мен міндеттерін толық білмейді. Олар қатардағы шенеуніктер ғана. Жұмысқа келіп, күндерін өткізсе болды. Бұл – бір. Екінші осы салада трайбализм дерті асқынып келеді. Мысалы, бір рудың адамдары ұйымдасып, өздерінің ата-бабаларын ғана ұлықтай береді. Сосын ескерткіш қояды, көшеге атын ұсынады. Ал бүкіл ел мен жер үшін өмір сүрген, керек десе жанын қиған тұлғалардың еңбегі елеусіз, есімі іздеусіз қалып қояды. Мысалы, кезінде қызмет барысында қайтыс болған полиция маманы Ормантаевтың есімін туған ауылы – Чернорецк көшесіне бере алмай келеміз.

– Бір кезде баспасөз бетінде сіз туралы біраз жағымсыз ақпараттар жарияланды. Жергілікті билік өкілдерімен соттасқаныңызды білеміз…

– Иә, ондай жағдайлар болды. Жалпы, мен әкімдермен үш-төрт мәрте соттасып, бәрінде жеңіп шықтым. Олардың бірде-бір жаласы расталған жоқ, бәрі жалған болып шықты. Николай Дычконың тұсында ҚР Жоғарғы сотына дейін бардық. Ол былай болды. Жоғарыда айтқандай, ауылды көгалдандыруға және мектеп оқушыларын еңбекке баулуға бағытталған арнайы жобаларым болды. Барлығын өзім қаржыландырып отырдым. Ауыл балалары жазғы демалыс кезінде шырша отырғызып, гүл егеді. Сонымен қатар, соғысқа қатысқан жерлестерімізге арналған монументтің айналасын күтіп, ретке келтіреді. Мұғалімдер балаларға сол батырлар туралы айтып, құнды тарихи деректермен бөліседі. Содан бір күні балалар шырша, гүл суарып жүргенде су тоқтап қалады. Жетекшілері бірден маған хабарласады, мен аудан әкімінің орынбасарына айтамын. Ол ауыл әкіміне тапсырма берген. Бәрі сол жерде басталған, неге екені белгісіз, ауыл әкімі біраз ашуланып, балаларды қорқытқан көрінеді. Мен оған бейжай қарай алмай, балаларды қорғап, кешірім сұрауды талап еттім. Бірақ олар өз кінәларын мойындағысы келмей, менің үстімнен арыз жазып тастапты. Яғни, ауыл әкімінің қылығын ақтап алғысы келген секілді. Сонымен Жоғарғы сотқа дейін барып, соңында маған жапқан жалалары дәлелсіз болып шықты. Негізі, осының бәрінің артында сол кездегі аудан әкімі тұрған еді. Сонымен, мен ақталған соң өзі келіп, кешірім сұрады. Ал 2012-2013 жылдары да келеңсіз оқиғалар болды. Бірде Черноярка жақтан бос тұрған ғимаратты 120 млн теңгеге сатып алатын болады. Бірақ, оның нақты құнын жақсы білемін, иесін де жақсы танимын. Ғимараттың құны ары кетсе 20 млн тұрады. Содан мәслихаттың сессиясында мен әлгі ғимаратты сатып алуға қарсы шықтым, басқа депутаттардың барлығы аудан әкімінің ұсынысын қолдап, дауыс берді. Сонда да мен бұл нысанды алғызбаймын деп бекініп, соңына дейін күрестім. Ол кезде облыс әкімі Ерлан Арын болатын. Бірден сол кісінің қабылдауына жазылып, болған жағдайды баяндадым. Соның арасында олар бүкіл келісімшартты әзірлеп, төлем жүргізуге дайындап қойған екен. Бірақ, осы әрекетімнің нәтижесінде барлық құжаттар кері қайтарылып, 120 млн теңге аудан бюджетінде қалды. Сол ақшаға ауылдарға құрылыс жобаларын жасатып, мектептерге жеті автобус сатып алдық.

– Кейбір мемлекеттік қызметшілердің «осындай әрекетінен кейін қасқырға қой бақтырып» отырмыз деп ойламайсыз ба?

– Көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, көп мемлекеттік қызметшінің жалғыз көздегені –қалтасын толтырып қалу. Яғни, жемқорлық індеті болашағымызды жегі құрттай жеп жатыр. Сондықтан, бұл жүйені өзгерту керек. Менің бар үмітім жасанды интеллектте. Барлық жүйе цифрлық форматқа ауысса, жемқорлық біраз болса да азая ма деп ойлаймын. Екінші жолы – билікке саналы жастарды әкелу. Үшіншісі – қоғамдық сананы жаңғырту. Анығын айтқанда, қоғамның санасын оятып, болашаққа деген бағдарды айқындау, нақты бір мақсат пен мүдде жолында күресуге үйрету. Бұл жерде қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділерінің атқарар рөлі зор. Сонымен қатар, жергілікті билік қандай бір жобаны қолға алған кезде оны халықпен бірігіп орындаса, бірігіп шешім қабылдаса. Яғни, жауапкершілік екі жаққа бірдей жүктелу керек. Сол кезде ғана халықтың билікке деген сенімі оянады. Әйтпесе, қазір халықтың билікке деген сенімі азайған. Мысалы, жақында бір ауылда әкімнің сайлауы болды. Соған жұрт дауыс беруге дұрыс жиналмады. Неге жиналмайсыздар десек, «кім келсе де бәрібір, дым өзгермейді» дейді. Шындығына келгенде, билік өз сенімін өзі жоғалтып алды. Бұл — өте қауіпті құбылыс. Ертең қандай бір жағдай болса халық жиналып әкімдікті қорғай ма?! Бұған ешкім сенім бере алмайды. Дегенмен кейінгі уақытта мемлекеттік қызметке жанашыр жастар келіп жатыр. Мысалы, қазіргі ауданы әкімі Дидар Ибраев елмен жақсы байланыс орнатуда.

– Сіз өзіңіз аудандық қоғадық кеңесті басқарып келесіз. Жалпы, бұл ұйым өңірге пайдалы не істеп жатыр?

– Келесі жылы қоғамдық кеңестердің құрылғанына 10 жыл болады. Бұған дейін өз міндетін толық орындады деп айта алмаймын. Себебі, жергілікті жердегі мәслихаттардың көлеңкесі сияқты ғана көрініп жүрді. Кеңеске көбінде ел алдында жүрген белсенді азаматтарды ғана мүше етіп сайлап қойды. Бұл — сыртқы көрінісі. Қоғамдық кеңес көбінде қандай да бір жерде шу шықса, соны басу үшін жұмыс істейді. Яғни, сол жердегі мәселемен емес, сол мәселені көтерген адаммен күресіп кетеміз. Әрине, қоғамның қауіпсіздігі маңызды. Бірақ, оның шешімі бұлай елді тұншықтырып ұстау емес. Бұл –ескі тәсіл. Мұндай қадаммен біз алға жылжи алмаймыз. Мәселенің шыққан төркініне көз жүгіртіп, проблеманың алдын алу керек. Сосын қоғамдық кеңес мемлекеттік қызметшінің адвокаты емес. Егер бұлар қаласа, әкімді де жұмыстан шығарып тастайтын немесе сөгіс жариялай алатын құзыреті болу керек еді. Сондай-ақ, кеңестің әрбір шешімінің нәтижесі болуы тиіс.

– Бір жылдары Павлодар ауданының орталығын Павлодарское ауылына, одан кейін Кемеңгерге көшіру керек деген бастама болды ғой…

– Иә, ондай бастама болды. Бірақ, оған мен тікелей қарсы болдым. Себебі, оның шығыны өте үлкен. Аудан орталығын қаладан ауылға апару үшін бюджеттен 20 млрд теңге қаражат керек екен. Екінші бұл халыққа да қолайсыз. Себебі, ауданның ауылдары бір бағытта ғана емес, жан–жақта орналасқан ғой. Мысалы, Заряның тұрғындары аудан орталығына бару үшін бірінші қалаға келу керек. Яғни, екі жүріс жасайды. Бұл біреуге жеңіл болғанымен біреуге ауыр тиюі мүмкін.

— Әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.