Ағымдағы жылы өңіріміздегі тұқым нарығында элиталық және гибридті сорттар басым болған. Фермерлердің басты назары құрғақшылыққа төзімді дақылдарға түскен. Қазіргі уақытта егіс алқаптары толықтай тазаланып, келесі маусымға дайындық үстінде. Осы ретте қандай тұқым өнімдерін өсірген тиімді екеніне мамандар былай жауап берді.
— Егін шаруашылығында дара дақылды егістен жаппай бас тартуда. Яғни, бидай егісінің орнына майлы дақылдар өсіруді ұлғайту. Әсіресе, күнбағыс гибридтерінің тұқымдары мен алыс шетелдердің дәнді дақыл сорттары көш бастап тұр. Ал біздің өңір үшін ең қолайлы өнімдер — зығыр, сұлы, картоп сорттары. Сондай-ақ, облысымызда аттестатталған сегіз тұқым шаруашылығы субъектісі бар, соның ішінде жеті шаруашылықта 12,8 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын сатуға арналған тұқым қоры бар. Аталған тұқымдар осы қожалықтарда алдыңғы қатарлы өнім болып табылады, — дейді, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Асқарбек Айғазинов.
Сондай-ақ, өңірімізде әр дақылдың әрбір сортына құрғақшылыққа және ауруларға төзімділік көрсеткіштері бойынша жұмыс жүргізіледі. Сол жұмыстардың мәліметі бойынша, бидай өнімі жақсы нәтиже берген. Әсіресе оның ресейлік сорттары төзімдірек екені анықталған.
Қандай өнімдер шаруаға ыңғайлы екенін арнайы Тәжірибе станциясында сынақтан өткізуге болады. Ол Павлодар облысы Кемеңгер ауылында орналасқан. Басты қызметі ауыл шаруашылығы мен малазықтық дақылдардың жаңа сортын өңдеу жұмыстарымен айна-лысу. Агротехнологияларды әзірлеу мен өсімдік шаруашылығын әртараптан-дыруға да атсалысатын — солар. 2015-2025 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік селекциялар жетістіктер тізіміне Тәжірибе станциясының шығарған ауыл шаруашылығы дақылдарының жеті сортын енгізілді. Оның ішінде: 1 сұлы сорты, 3 жаздық жұмсақ бидай сорты, 2 судан шөбі сорты және 1 тары сорты.
2025 жылы майлы дақылдарды сату арқылы шаруалар мол қаржы алған. Шамамен 518,8 мың гектар өнім алған. Мұндағы алдыңғы қатарлы күн-бағыс – 474,6 мың гектарды құрайды.
Павлодар облысында аттестатталған он төрт тұқым шаруашылығының субъектісінің бірі «Болашақ-Агро» ЖШС жұмыс істейді. Осы жылы бұл шаруашылық 25 центнер бидай, 26 центнер күнбағыс өнімін алған.
— Жыл біз үшін берекелі болды. Себебі, өткен жылдармен салыстырғанда бұл — анағұрлым көп өнім. Сондай-ақ, біз шетелдік селекцияларды да қолданамыз. Алайда, көп жағдайда сапасы отандық тұқым өнімдерімен бірдей болып жатады. Бұл олардың топырақ бедерін ауыстыруымен байланысты болса керек. Шаруашылықта жыл сайын тұқым түрлері жаңартылып отырады, — деді шаруашылық қожайыны Айдана Анафина.
Бұған қоса, сапалы өнім алу үшін, ең бірінші құнарлы топырақ керек дейді «Аманат-Агро 2023» шаруашылығының басшысы Аида Шрайманова.
— Біздің шаруашылық егістік өнімдерін өсіруді қолға алғалы екі жылдай уақыт болды. Қожалықта көбінесе бидай өсірумен айналысамыз. Себебі, өңіріміздің климаттық жағдайына, халықтың сұранысына болсын жақын өнім осы. Жыл сайын өнім көлемі де, кіріс те көбейіп келеді. Трендте қандай өнім болса да, фермерлерге ең бірінші тыңғайған жер керек. Онсыз өсірген өніміңіз қанша төзімді, климатқа жайлы болса да, нәтиже бермеуі мүмкін, — деді ол.
Аталмыш қожалық егістік науқанын мамыр, сәуір айларында, кейде табиғат жағдайына байланысты кеш жүргізеді екен. Ал алқаптағы зиянкестердің таусылмайтыны оларды да әбігерге түсірген. Шаруашылықтың жиналған өнімі жергілікті жерге сатудан аспайтын көрінеді.
Бұл — өңіріміздегі майлы дақыл-дардың әрдайым сұранысқа ие екен-дігінің көрсеткіші.
Сара АВДОЛ.
