Ұлттық құрамадан басым түсті

Жел 4, 2025

«Баянтау» спорт сарайында Павлодар облысының Құрметті азаматы және волейбол ардагері Аманжол Әубәкіровтің 80 жылдығына орай ардагерлер арасында еске алу турнирі өтті. Ұлттық құрама мен Павлодар облысының құрамасы өзара бақ сынаған кездесу тартысты өтті.

Аманжол Базарбайұлы – аймақтағы спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің бірі. Ол көптеген жылдар бойы облыстық волейбол ардагерлері клубын басқарып, оның капитаны болды. Талғат Мамашевпен бірге өңірдің спорттық өмірінде маңызды орын алатын клубтардың бірі – «Павлодар» ерлер волейбол клубын құрып, берік іргетасын қалады.

Аманжол Әубәкіровті еске алуға арналған турнирдің ашылу салтанатына облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, үзеңгілес достары Александр Рюмкин, Әмен Аманжолов қатысып, ардагердің спортты дамытуға ерен еңбегін тілге тиек етті.

— Спорт жас талғамайды. Бүгінгі турнирге қатысып отырған ардагерлеріміздің әлі де тың, шымыр екенін байқап отырмыз. Сіздер – жастарға үлгі боларлық жандарсыздар! Аманжол Базарбайұлы да салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дамытып, осы бағытта елеулі еңбек атқарды. Волейболдан ардагерлер командасының алғашқы капитаны болып, кейін «Павлодар» клубының құрылуына атсалысты. Осындай аптал азаматымызды еске алуға жиналған баршаңызға алғыс айтамыз. Ал спортшыларға жақсы ойын болуын тілейміз, — деді И.Теренченко.

Волейболдан ұлттық құраманы Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бастап
келді.

— Аманжол Базарбайұлы – Павлодар облысының құрылыс саласына еңбегі сіңген мықты маман. Ол кісінің қолтаңбасы талай ғимарат, тұрғын үйлерде «сайрап» жатыр. Тәжірибелі құрылысшы болуымен қатар, өңірде спорттың дамуына аянбай тер төкті. Мен 2012 жылы Павлодар облысына аймақ басшысының бірінші орынбасары ретінде қызметке келгенімде Аманжол Базарбайұлымен бірге қызмет атқардық. Сол жылы «Павлодар» волейбол клубын да құрдық. Бүгінді таңда аталмыш команда біріншілікте жақсы ойын көрсетіп келеді. Бұл – қуантарлық жайт, — деді Д.Тұрғанов.

Айта кетейік, Қазақстан ардагерлер құрамасы 2026 жылдың ақпан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына қатысады. Сондықтан бұл турнир олар үшін  дайындықтың маңызды кезеңі болды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің тағы бір депутаты Нұржан Әшімбетов Павлодар командасында ойнады. Парламенттің екі мүшесі де белсенді азаматтық ұстанымымен, қоғамдық жұмыстармен және волейболға деген шынайы сүйіспеншілігімен танымал. Ал облыс құрамасының капитаны ретінде Жұмагелді Қожанов алаңға бастап шықты.

Ұлттық құрама мен облыс ардагерлері арасындағы ойын тартысты өтті. Павлодар облысының спортшылары ұлттық құрама волейболшыларынан басым түсті. Қорытынды есеп – 3:1. Алаң қожайындары қатарынан Асқар Құралқанов үздік ойыншы атанса, ұлттық құрама сапынан Сағат Төлеубаев ерекше ойынымен көзге түсті. Сонымен қатар, Аманжол Әубәкіровтің әулеті турнирдің егде қатысушысы, Ұлттық құрама ойыншысы Әсет Малғаждарұлының иығына шапан жапты. Жиналған қауым бұл сайыс волейболдың ілгерілеуіне сүбелі үлес қосқан Аманжол Базарбайұлының рухына құрмет әрі салауатты өмір салтының жарқын көрінісі екенін тілге тиек етіп тарқасты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.