Қос аққуды аман алып қалды

Жел 18, 2025

Баянауыл ауданының Бірлік ауылында тұратын Бауыржан Жақыповтың жылы жаққа ұша алмай қалған қос аққуды құтқарғаны туралы оқиға көпшілікті сүйсінтті. Әлеуметтік желіге салған бейнежазба кең таралып, жұртшылық киелі құсқа қамқорлық танытқан азаматқа тәнті болуда.

11 желтоқсан күні ауыл тұрғыны Бауыржан Жақыпов әкесімен бірге төрт түлікке тұз әкелуге жолға шығады.

– «Бауыржан» шаруашылығымызда мал өсірумен айналысамыз. Күнделікті әдетімізбен малдың жайымен тұз әкелуге шықтық. Қайтарда іргеміздегі Сұлусор көлінің маңынан бір аққуды көрдік. Бір орында тұр екен. Мұзға жабысып қалды ма екен деп әкем екеуіміз жақындап едік, қаша жөнелді. Содан ұшып кеткенін бейнежазбаға түсіріп алайын деп камерамды сайлап едім, ұшуға ұмтылғанымен, шамасы жетпей, жерге қайта қонды. Аққудың аталығы екен, қатты тоңып, әлсірегені байқалды. Содан әкем аққуды құшағына алып, көлікке қарай беттедік, – дейді құсты құтқарушы азамат.

Жардың биіктігі 2,5 метр болғандықтан аласалау жерге дейін әкесі көлді бойлап аққуды көтеріп жүреді. Ал Бауыржан өзі жардың үстіне шығып, көлікпен жүріп отырады. Биіктен көз тіккенде бір шақырымдай жерде көл айдынында тағы бір аққуды көреді. Жақындаса, алдында кездестірген аққудың жұбы екен. Бұл аққу мұзға жабысып, қозғала алмай қалған.

– Мұзға жабысқан жүндерін алақанмен абайлап жібітіп отырып, босатып алдық. Ол да қатты суықтан жаурап, әлсіреп қалған екен. Қос аққуды қолымызға алып, көлікке әкелдік. Киелі құстарды үйімізге жеткізіп, төрімізге шығардық. Екі күн үйде күтіп-баптадық. Содан кейін әлеуметтік желіге жүктедім. Сол бейнежазбаны көпшілік көріп, жан-жақтан аққулардың күнделікті жағдайын бөлісіп отыруды сұрап, хабарласушылар көбейді. Одан кейін қыстақтағы бұрынғы үйіміздегі пешті реттеп, жылы жерге орналастырып, жағдайын жасай бастадым. Шыны керек, күндегі мал жайлаудан гөрі аққуларды көбірек уайымдайтын болыппын, – дейді сырын ақтарған Бауыржан Жақыпов.

Баянауылдық жігіттің қос аққудың ортасына жайғасып, киелі құс туралы қазақтың әсем әндерін гитарамен сүйемелдеуімен орындаған әдемі көрініс те әлеуметтік желіде көз қуантады. Бұл жазбадан жылыға кірген құстардың әндерді ұйып тыңдағандай кейпін көресіз. Негізі, аққуларға қамқорлық танытқан ауылдық тұрғын оларды күтіп-бағып көктемде айдынға, яғни, табиғи ортасына қайта ұшыруды ниет еткен. Дегенмен, барлығын заң жүзінде іске асырудан да аулақ емес. Ол алдымен құстардың жағдайын арнайы клиникада тексертіп алмақ. Айтуынша, жануарларды қорғау орталығынан хабарласып, аққуларды тек-серту қажеттігін ескертіпті. Табиғат жанашыры Бауыржан Жақыпов қанаттылардың жануарлар бағының құрбаны болмаса екен дейді. Барынша, қыстап шығып, көктемде туған өлкесіне оралғанын қалайды. Ол арнайы орталықта қамқорлық танытылып, қайта табиғатқа жіберілсе, өзінің ауылына қайта оралатынына сенімді.

Күні кеше Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркі мен аудандық ветеринария бөлімінен мамандар келіп, аққулардың жағдайын қадағалап кеткен. Мамандар суық аяқтары мен буындарына тиген, содан жүру қиындаған, әйтпесе, аяқтары мен қанаттары сынбаған деген қорытынды айтты. Жайғасқан жеріне, тамақтану, тәбетіне оң баға беріп кеткен.

Айта кетейік, Бауыржан Жақыпов — жан-жақты азамат. Мал шаруашылығымен айналысады. Әннің сөзі мен әуенін жазады. Оларды түрлі музыкалық аспаптарда орындап, бүгінде тұрақты тыңдармандарын да тауып үлгерген. Осылайша, ол табиғатқа да қамқорлық танытып, киелі құстарға аялы алақанын сездірді. Бауыржан аққудың аталығына Мәңгілік, ал аналығына Махаббат деп ат та қойып үлгерген. Қазақ аққуды ежелден киелі санап, қастерлеп өткенін, ән мен жырға қосқанын ескерсек, баянауылдық азаматтың жасаған жақсылығы дәл осы ұлттық тәрбиенің айқын көрінісі екені анық.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.