Үйге келіп тұрған жылудың артында қаншама адамның еңбегі жатыр. Бұл саладағы энергетиктердің жұмысы көзге көрінбейді. Ал олардың әлеуметтік-экономикалық саладағы маңызына үңілсеңіз, үлкен жауапкершіліктің жатқанын аңғарасыз. Қақаған қыста бір сәт жылусыз қалу қаншалықты қиын екенін өткен жылдардағы оқиғалар көрсеткені де ел есінен кете қойған жоқ.
Олар жұмысшы мамандықтар қатарына кіреді. Мұндай кәсіпті жастар сирек таңдайтыны да жасырын емес. Келсе де, көпке шыдамай кетіп қалатыны қынжылтады. Бірақ, біздің кейіпкеріміз сияқты мамандығын саналы түрде таңдағандар табандылықпен табысты еңбек етеді. Қуаныш Айтжанов энергетика саласына осыдан бір мүшел бұрын келген.
Ол Павлодар қаласындағы «Павлодарэнерго» кәсіпорнына қарасты ЖЭО-3 орталығында турбина цехының аға машинисі қызметін атқарады. Яғни, шаһар тұрғындарын жылумен қамтиды. Бұл кәсіптің қыр-сырын колледжде меңгерген.
– Мектеп бітіргенде ұстазым энергетика саласына баруға кеңес берді. Сөйтіп, Инеу-дің колледжіне оқуға түстім. Жоғары білім алудың сәті келмеді. Бірақ, әлі кеш емес, алда білімімді жоғарылату ойымда бар. Колледжден кейін жұмысқа орналасуға құжат жинап жүргенде әскерге шақырту алдым. Шымкент қаласында Отан алдындағы әскери борышымды өтеп оралдым. «Павлодарэнерго» жылу орталығына жұмысқа орналастым. Содан бері 13 жыл өтті, – дейді Қуаныш Жасұланұлы.
Бүгінде ол турбина цехында жылу сызбаларын реттеп, сырттағы ауа райына байланысты параметрлерді қарап, ауыстыру жұмыстарына жауапты. Сонымен қатар, мұндағы негізгі және қосымша жабдықтарды уақытылы жөндеуге шығару, жазда алдағы жылыту маусымына дейін олады жөндеу жұмыстарын реттейді. Жылу орталығының цехында алты турбина жұмыс істейді. Мұнда өндірілетін жылу облыс орталығының солтүстік бөлігіне жетізіледі. Яғни, химқалашықтан басталып, Назарбаев даңғылы-Академик Шөкин көшелеріне дейін жетеді.
– Даладағы ауа райына қарай әрекет етеміз. Аяз түссе, суды ыстығырақ күйде жүйеге жіберуіміз керек. 10 градус суықтың өзінде желді және желсіз жағдайға байланысты айырмашылық болады. Оны да ескереміз. Қаламызда желілі су жабық типті. Ол дегеніңіз бізден жөнелтілген желілік су үй-үйге жетіп, кері өзімізге қайтып келеді, – дейді энергетик.
Алғашында ЖЭО-3 кәсіпорнының турбина цехында барлық жабдықтарды аралап қараушы маман болып еңбек етеді. Бұл қызметте жас маманға сол кезде аға машинист болған Владимир Галацкий ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетсе, қазіргі таңда Қуаныш Айтжанов білмегенін ауысым бастығы Олег Шевальеден үйренуде. Қуаныш бір күні екіншісіне ұқсамайтын, күн сайын жаңа тәсіл, тәжірибе беретін жұмысын жақсы көретінін айтады.
– Әрине, энергетиктің жұмысы оңай емес. Әрдайым ыстық әрі вибрациясы жоғары жерде жүру қиын. Түнгі ауысымда ұйқы жоқ. Кейде физикалық жүктеме болады. Дегенмен, бұл қызметтің де өз қызығы бар. Шыдамды, үйренуге талпынысы бар адам тұрақтай алады. Осы салада еңбек ету үшін математика, физикадан хабарың болу керек. Ең бастысы, өз кәсібіңді сүю маңызды. Сонда ғана кез келген тапсырманы орындау қиынға соқпайды. Энергетик үшін жылдам шешім қабылдай алу қабілеті аса қажет, – дейді Қуаныш Жасұланұлы.
Кейіпкеріміз қыста қызмет көбінде күту режимінде өтетінін айтады. Ал жаз айлары қауырт болады. Себебі, ақауы бар, жөндеуді қажет ететін жабдықтарды қысқа дейін ретке келтіру міндеті тұрады. Бұл жұмыстарды жүйелі әрі сапалы, уақытылы өткізу жылыту маусымының кідіріссіз өтуінің кепілі екенін энергетик мамандар жақсы біледі. Қуаныш Айтжанов өзі істейтін жылу орталығының жағдайы өзгелерге қарағанда жаман еместігін айтады. Дегенмен, энергетика саласына әлі де қаржы бөлінуі тиіс деген пікірде. Сондай-ақ, жас мамандар тартуда мемлекет тарапынан ынталандыру, материалдық қолдау болғаны жөн, дейді.
– Меніңше, елімізде жұмысшы мамандықтарды қолдау бір жылмен шектелмей, жүйелі түрде болуы керек. Баспанамен қамту жағы ескерілсе деймін. Энергетиктердің жалақысы соншалықты төмен емес. Дегенмен, кетіп қалғандардың көбі тұрғын мәселесіне байланысты деп ойлаймын. Сондықтан материалдық қолдау күшейтілуі керек. Талапты жастар көптеп келер еді, – дейді Қ.Айтжанов.
Білікті де табанды маманның еңбегі де елеусіз емес. Жуырда ол мемлекеттік марапатқа ие болды. Нақтысы, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне тақты. Бұл көп жылғы еңбегінің бағасы екені сөзсіз. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әке үйіндегі жылулықпен қатар қаланы да қыста жылытудан жалықпақ емес.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
