Аймағымыздағы климаттық ерекшеліктерге сәйкес біршама салада қиындықтар туын-даған. Соның ішінде павлодарлық шаруалар өнімдерінің бір бөлігін жинап үлгермей қалды. Қазан айының ортасындағы тұрақсыз ауа райы салдарынан аймағымыздағы он бес қожалықтың бақша дақылдары қар астында қалған болатын.
Атап айтқанда Ақсу, Екібастұз, Павлодар және Ақтоғай аудандарына қарасты шаруалар табиғаттың тосын мінезіне даяр болмады. Қар астында қалған егіс көлемі – 1180 гектар. Бұл жалпы өнімнің 3 пайызын құрайды.
Шаруаларға қолдау көрсету бары-сында өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсә-лімов шаруаларға несие өтемдерінің кейінге шегерілетіні туралы баяндаған еді.
— 2025 жылы картоптың жиналатын алқабы 31,2 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2 мың гектарға немесе 124,8 пайызға артық. Қолайсыз ауа райы жағдайларының орын алуына байланысты өңірдегі 15 шаруашылық егістікті жинап үлгермеді. Оның алтауы — облыстық шаруашылық. Олар сәбізді 277 гектар алқаптан жинамаған немесе жұмысты жалпы егіс көлемінің 5,2 пайызында жоспарлы уақыттан кешіктірген. Жинау науқанының қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 165 мың тоннаны құрады. Зардап шеккен қожалықтардың жағдайын жеке-жеке бақылап, олардың несие мерзімін ұзарту, төлем кестесін өзгерту немесе басқа да көмек түрлері жоспарланды. Шаруаларға басқа өтемақы түрлері қарастырылмайды. Егер қар қыркүйек немесе тамызда жауған болса, онда бұл мүмкін болар еді. Несиелерді ұзарту бойынша тек «Құлагер-Баян» қожалығы өтініш қалдырған, — деді ол.
Аталған шаруашылықтың жағдайы арнайы комиссияда қаралып, несие мерзімін ұзарту мәселесі мақұлданбаған. Сәйкесінше, кәсіпкерлерге мәселені өз бетімен шешу ұсынылған. Мұндай шығындарға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетілмегеніне «Құлагер-Баян» қожалығының басшысы Виктор Боровков былай деп жауап берді.
— Бұл мәселеде бейтарап болу керек деп санаймын. Себебі, бұл шығын ауа райының қолайсыздығы салдарынан болды. Қыркүйекте жауған жаңбыр техниканың қозғалысын баяулатты. Артынша қар жауып, егістік жұмысы тоқтатылды. 50 гектар жерді алып жатқан картоп өнімі қар астында қалды. Олардың 15 гектарын қаптап, қоймаға жеткізген едік. Тұтынуға жарамсыз болғандықтан, ары қарай ешқандай шара қолданбадық. Алқапты тазалау және жарамсыз өнімдерді жою кезінде де шығынға ұшырадық. Ал қалған 35 гектар өнім қар астында қалды. Санитарлық нормаларға сай тазарту жұмыстары жүргізілу керек еді. Алайда, белгілі себептермен бұл келесі маусымға қалдырылды, — дейді ол.
Осы жағдай тек «Құлагер-Баян» қожалығында ғана емес, басқа да шаруалардың басынан өтті. Абырой болғанда, мұндай кедергілердің кезде-сетінін білген кәсіпкерлер егістіктің көп бөлігін жинап үлгерген.
Қар астында қалған егіс алқаптары павлодарлық шаруалар үшін агробизнестегі тәуекелдің әлі де жоғары екенін көрсетті. Табиғи құбылыстар салдарынан келген шығын мемлекет тарапынан қолдау таппағанымен, бұл жағдай шаруалардың жауапкершілігін ғана емес, климаттық тәуекелдерге бейімделу тетіктерінің әлсіздігін де аңғартты. Мамандардың айтуынша, мұндай келеңсіздіктер алдағы жылдары да қайталануы мүмкін. Сондықтан агросаланы сақтандыру, егін жинау мерзімін икемдеу және тәуекелдерді басқару тетіктерін жетілдіру – өңірлік агробизнестің тұрақтылығы үшін маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.
Сара АВДОЛ.
