Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында өнер ұжымының белді әртісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, театрдың алғашқы буынына жататын Гүлжанат Омарованың 60 жылдық мерейтойына орай «Кездесу мен қоштасу» атты психологиялық драма сахналанды. Қойылымдағы басты бейнені мерейтой иесінің өзі орындады.
Гүлжанат Омарова 1965 жылдың 18 желтоқсанында Қарағанды облысында дүниеге келген. Өнерге ерте бейімделген ол мектеп жасынан бастап ән айтып, сахна төрінде көрініп, шығармашылық ортада қалыптасты. Ақтоғай ауданындағы «Тоқырауын толқыны» ансамблінде өнер көрсетуі оның актерлік жолын таңдауға серпін берді. Кейін Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде хор дирижері мамандығы бойынша білім алып, кәсіби музыкалық даярлықтан өтті. Фортепиано мен баян аспаптарын меңгеруі сахнадағы музыкалық рөлдерді шебер орындауына жол ашты.
1989 жылы Жүргенов атындағы театр және көркем сурет өнері институтын аяқтауы оның шығармашылық өміріндегі маңызды белеске айналды. Білім алу барысында профессор Хадиша Бөкеева мен Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың тәлімін алды.
1990 жылы облыстық қазақ музыка-драма театры құрылған сәттен бастап Гүлжанат Омарова аталмыш өнер ордасының тұрақты мүшесі атанды. Бүгінде ол осы театр сахнасында 35 жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етіп келеді.
Шығармашылық жолында актриса қазақ және әлемдік драматургиядағы Ақбөпе, Ақбілек, Ақтоқты, Регана, Бопай, Ханым, Александра, София және өзге де күрделі кейіпкерлерді сомдап, көрермен ықыласына бөленді. Әрбір образында ол әйел табиғатының терең психологиялық қырларын, ішкі тартысы мен рухани әлеуетін нанымды көрсете білді.
2007 жылы Астана қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде Иса Байзақовтың «Ақбөпе» моноспектаклі үшін «Ең үздік әйел образы» аталымын жеңіп алуы оның шығармашылық биігінің бір көрінісі болды. Ал 2011 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» моноспектаклін сахналап, актерлік шеберлігімен қатар, режиссерлік қабілетін де дәлелдеді. Кейінгі жылдары ол «Шағала», «Сингулярлық нүкте», «Аю» сынды қойылымдарды сахналап, театрдың көркемдік репертуарын байыта түсті.
Гүлжанат Омарованың ұзақ жылғы әрі адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Актриса ҚР «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісімен, сондай-ақ бірқатар мерейтойлық медальмен марапатталды.
Бүгінде ол өмірлік серігі, театр қайраткері Жұмахан Доспаевпен бірге тек сахнада емес, ұстаздық жолда да жемісті еңбек етуде. Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінде «Актерлік өнер» бөлімінің негізін қалап, жас актерлерге кәсіби білім мен сахна әдебін үйретіп келеді.
Мерейтойлық кеш бір адамның ғұмыр жолын ғана емес, қазақ театр өнеріндегі тұтас бір буынның еңбегін айшықтаған тағылымды шара болды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
