Бүгінгі таңда жасөспірім жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып барады. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді. Алайда, заңның да құрығы жетпейтін тұстар бар екенін ұмытпайық. Жалпы, облыста есепке алынған тәртібі қиын жасөспірімдерді қалай тәрбиелеуге болады? Жетекке ермейтін жеткіншектермен қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде отбасы және балалар психологы Гүлмира Әуесбаевамен әңгімелестік.

 

—  Жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Психолог маман ретінде бұған не себеп деп ойлайсыз?

— Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасындағы бұзақылық ең алдымен тәрбиесі мен араласатын ортасына байланысты. Осы орайда ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек. «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі» емес пе?! Ата-ананың басым көпшілігі жұмысбасты болған соң баланы күнделікті қадағалауға бейжай қарауда. Ол баланың әлеуметтік желідегі күдікті парақшаларға, қажет емес сайтқа кіріп, ойы улануы мүмкін. Ғаламторды ашып қалсаң, түрлі жағымсыз оқиғалар, орынсыз пікірлер, теріс әрекеттер көп. Бала өскен сайын қызығушылығы артады, жалт еткен жылтырға құмар келеді. Сондықтан, әрбір ата-ана өз баласының уақытын бос қалдырмауы керек. Түске дейін мектепке барып, түстен кейін қосымша үйірмеге қатысып, жаны қалаған іспен шұғылданған бала ешқашан артық іс-әрекетке бармайды. Міне, осы ретте, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігін күшейту керек деп ойлаймын. Олай болмаған жағдайда, жанұядағы тәрбие жұмыстарынан кеткен қателіктер, кемшіліктер жинақталып, қоғамдық тәрбиедегі қателіктерімен байланысып, жасөспірімдердің тәртібін одан әрі шиленістіре береді.

— Баланың психикасы орнында, толыққанды азамат болып өсуі үшін отбасындағы тәрбие қандай болу керек?

— Баланы тыңдай білу керек. Ата-анасы баланың іс-әрекетіне сақ болып, теріс қылығын байқаса, көз жұмбай мәселені шешуге талпыну қажет. Баланың мінез-құлқының өзгеру уақытын бақылап, қадағалап отыру маңызды. Сондай-ақ, баламен тең дәрежеде сөйлесе білу керек. Пікірін тыңдап, әңгімеге тартсаң кез келген бала кері байланысқа түседі. Мысалы, біздің көмегімізге жүгінген әр баламен біз жеке-жеке кездесіп, сөйлесіп, мәселесін тыңдаймыз. Өзім қай мәселе болмасын ата-анамен, баламен жеке сөйлесемін. Сөйлесе білсең, бала өзіне не ұнап, не ұнамайтынын айтады.

— Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұруына көбіне не түрткі болып жатады?

— Жалпы, жасөспірімдер 16-17 жасында қылмыс жасауға бейім. Осы кезеңдегі мінез-құлықтағы ауытқушылықтар, «қиын бала» атанып, ата-анаға ғана емес, мектепте де қиындық тудырып, өзінің іс-әрекетіне толық баға бере алмастан, түрлі қылмыстарға барады. Оның үстіне, кейбір отбасындағы қолайсыз жағдай салдарынан қатарластарынан кем қалғысы келмей, тіпті, қала берді ашқұрсақ жүріп, мүліктік қылмысқа баратыны да осыдан. Тоқ бала аш баланың жайын қайдан білсін?! Тіпті, осы кезде өзге құрбылыстарымен тең дәрежеде болғысы келсе де, оған жағдайы келмегендіктен, болмаса, ата-анасының көңілін өзіне аударып, іштегі айтылмаған сырын да осындай әрекеттермен жеткізгілері келетіндері де бар. Сондай-ақ, сабақтан тыс уақыттарда, каникул кездерінде жасөспірімдер үшін демалыс маусымдары дұрыс ұйымдастырылуы тиіс. Егер елдегі әртүрлі ұйымдар сабақтан қолы босаған оқушыларға арнап спорттық кешендер ашып, жарыстар өткізіп тұрса, жас жеткіншектердің шығармашылық қабілетін бағалайтын үйірмелер ұйымдастырса, жас балалардың жаман іске үйір болуына, тіпті мойын бұруына, мұршасы болмас еді.

— Әңгімеңізге рақмет.

А.МҰҚЫШЕВ.