Азаматтардың денсаулығын қорғау және медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында Май ауданында бірқатар маңызды жұмыс жүзеге асырылуда. Мәселен, соңғы жылдары аудан орталығындағы аурухананың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды.
Атап айтқанда, өткен жылы жедел медициналық жәрдем қызметі үш «Газель-Соболь» және бір «Газель-NEXT» маркалы санитарлық автокөлікпен толықты. Соның нәтижесінде Май аудандық ауруханасында жедел жәрдем автопаркі толық жаңартылып, шақыртуларға уақытылы жету мүмкіндігі едәуір жақсарды.
Сонымен қатар, шілде айында аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жылу жүйесі толықтай жаңартылды. Медициналық жабдықтар да жаңартылып, мекеме 4 ЭКГ аппаратымен және 3 дефибриллятормен қамтамасыз етілді.
Кадрлық әлеуетті күшейту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024–2025 жылдары аудандық ауруханаға 9 жаңа дәрігер қабылданып, халыққа көрсетілетін емдеу-профилактикалық қызметтің сапасын арттыруға өз үлесін қосуда.
А.БОРАНБАЕВА.
Май ауданы.
