Тарихтың әр бетінде елдің тағдыры, халықтың арманы мен ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр. Ғасырлар өтсе де, өткеннің ізі жоғалмайды. Ол жазба деректерде, көне жәдігерлерде, халықтың жырлары мен шежіресінде сақталып, жаңа ұрпаққа жетеді. Ендеше, тарихты кім жазады: жеңімпаздар ма әлде өткеннің өзі ме?
Әр дәуірдің өз шежіресі бар. Тарихта жеңіске жеткен билеушілер өз заманының оқиғаларын жазып қалдырған. Алайда уақыт өте келе сол деректерге жаңа зерттеулер мен тың көзқарастар қосылды. Мысалы, ежелгі қытай жазбаларында ғұндар туралы мәліметтер кездессе, кейінгі зерттеулер олардың әскери өнері, шаруашылығы мен қоғамдық құрылымы туралы көптеген құнды деректерді ашты. Бұл тарихтың тереңіне үңілген сайын жаңа қыр-лары ашыла түсетінін көрсетеді.
Қазақ халқының тарихы да – баға жетпес мұра. Ата-бабаларымыз өткен өмірін тек жазбаға емес, ұрпақтан ұрпаққа жеткен жырлар мен шежірелерге де аманат етті. Батырлар жыры, шешендік сөздер мен тарихи аңыздар халқымыздың еркіндікке деген ұмтылысын, бірлігін және елге деген сүйіспеншілігін танытады. Осындай рухани мұралар арқылы біз өз тамырымызды танып, ұлттық құндылықтарымызды тереңірек түсінеміз.
Тарихтың тағы бір құнды дереккөзі – археологиялық мұралар. Жер астынан табылған әрбір жәдігер өткен дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Түркі дәуірінен қалған қолөнер бұйымдары, қару-жарақтар, әшекейлер мен көне қалалардың орындары ата-бабаларымыздың жоғары мәдениеті мен шеберлігін дәлелдейді. Олар – халқымыздың бай өркениетінің бүгінге жеткен үнсіз куәгерлері.
Уақыттың өзі де тарихтың талай құпиясын ашуға мүмкіндік береді. Бұған Орхон-Енисей жазбалары дәлел. Ғасырлар бойы жұмбақ болып келген көне түркі жазуларының зерттелуі халқымыздың өткенін тереңірек тануға жол ашты. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазбалары арқылы ата-бабаларымыздың елдік мұраты, бірлікке шақырған өсиеті мен мемлекеттілік туралы түсінігі бүгінгі ұрпаққа жетті. Бұл – өткен мен бүгінді жалғаған баға жетпес рухани көпір.
Тарих – бір орында тұрмайтын құбылыс. Әрбір жаңа зерттеу, табылған жәдігер мен ашылған жазба оның мазмұнын толықтыра түседі. Бір оқиғаға әр дәуірдің өзіндік көзқарасы болғанымен, ғылыми ізденіс пен нақты деректер өткеннің шынайы бейнесін тануға көмектеседі. Сондықтан тарихты зерттеу – тек өткенді білу емес, одан тағылым алып, болашаққа дұрыс бағыт таңдау.
Сонымен, тарихты кім жазады? Тарихты адамзат жазады, ал уақыт оның шынайы бейнесін ашуға көмектеседі. Жеңімпаздардың жазбалары, халықтың ауызша мұрасы, археологиялық жәдігерлер мен ғылыми зерттеулер – бәрі де ортақ тарихтың ажырамас бөлігі.
Тарих – ұлттың тамыры, ұрпақтың рухани тірегі. Өз тарихын таныған халық өткенін құрметтеп, болашағын нық қалыптастырады. Сондықтан тарихты білу – әрбір ұрпақтың міндеті, ал оны келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Рашида САРМАНТАЕВА,
№25 орта мектептің
11-сынып оқушысы,
Павлодар қаласы.
