Кітап оқыған ұрпақ — кемел болашақ

Қар 26, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Жас ұрпақтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта «Зерделі ұлт» жалпыұлттық бастамасын жүзеге асыру аясында мектебімізде «12 ай – 12 кітап» жобасы ұсынылып, оқушылар арасында кітап оқу эстафетасы ұйымдастырылды.

Жобаның мақсаты – балалардың кітап оқуға деген тұрақты қызығушылығын арттыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және білімді, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу. Бұл бастама оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық мәдениет пен тарихи сананы тереңірек тануға мүмкіндік беріп отыр.

Мектеп кітапханасында бастауыш сынып оқушыларына арналған «Оқы да жеткіз», «Әжемнің ертегісі» атты танымдық іс-шаралар өткізілді. Балалар ертегілер оқып, жұмбақтар шешіп, мақал-мәтелдер айтып, журналдар мен комикстерді тамашалады. Іс-шараларға мектеп директоры Г.Ж.Анесова қатысып, оқушыларға ізгі тілегін білдіріп, белсенді қатысушыларды марапаттады.

Кітап оқу эстафетасы аясында оқушылар Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесімен де танысты. Жазушының бұл туындысы бала қиялы мен өмірдің қатал шындығын суреттеп, оқырманды мейірім, әділдік және адамгершілік туралы терең ойға жетелейді. Шығармадағы баланың жалғыздығы мен арманы әр оқырманның жүрегіне әсер етпей қоймайды.

Мектептегі кітап оқу эстафетасына 8-сынып оқушылары Ханапина Латипа, Жақанова Салтанат, Әбді-кәрім Санжар, Беделхан Шыңғыс, Атамбаева Малика, Ермайданов Ансат, Аңсар, Боранбай Нұрәділ, Әсембай Ерасыл және Атбек Әмір белсенді қатысып келеді. Олар оқыған кітаптарын келесі сынып оқушыларына ұсынып, эстафетаның жалғасуына үлес қосуда.

Алдағы уақытта оқушылар Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Шыңғыс Айтматов, Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Қасым Қайсенов сынды қаламгерлердің шығармаларын оқып, әдеби білімдерін толықтырмақ.

Кітап оқу адамның сөздік қорын молайтып, ойлау қабілетін дамытады, дүниетанымын кеңейтеді. Ең бастысы, көркем әдебиет жас ұрпақты адамгершілікке, мейірімділікке және ізгілікке тәрбиелейді.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбаевтың сөзі кітаптың өміріміздегі орнын айқындайды. Сондықтан кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру – әрбір жас оқырманның рухани дамуына жасалған маңызды қадам.

Роза БӨЛКЕНОВА,

Қалижан Бекқожин атындағы

орта мектептің кітапханашысы,

Павлодар қаласы.