Бозкілемдегі белді бәсеке

Қар 26, 2026

Павлодар қаласындағы «Бірлік» жекпе-жек сарайында еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері, Қазақстан чемпионы Жұматай Кенжеғалиевті еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир 23-інші мәрте өтті. Екі күнге созылған спорттық шараның алғашқы күні күрестің жаңартылған ережелеріне арналған республикалық семинар ұйымдастырылса, екінші күні Қазақстанның барлық өңірінен және Қырғызстан Республикасынан келген жас спортшылар бозкілемде белдесіп, өзара мықтыны анықтады. Жалпы, жарысқа қатысушылар саны 500-ге жуықтады.

Тәжірибе алмасты

Биылғы турнирдің ерекшелігі – жарыс алдындағы алғашқы күннің күрес мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға арналуы. Осы күні еркін күрестің жаңартылған ережелеріне қатысты республикалық семинар өтті. Оған тәжірибелі төрешілер мен жаттықтырушылар қатысып, халықаралық талаптардағы өзгерістерді талқылады.

Семинарды өткізу үшін Павлодарға олимпиадалық дәрежедегі (1S) қазақстандық төреші, Қазақстан күрес федерациясы төрешілер корпусының төрағасы Ерік Жұмабеков арнайы шақырылды. Оның айтуынша, күресте ереженің әрбір тұсын жетік меңгеру спортшының тактикалық дайындығына тікелей әсер етеді. Ал төреші мен жаттықтырушының ортақ түсінігі жарыс кезіндегі даулы жағдайлардың әділ шешілуіне мүмкіндік береді.

– Жақында Астанада өткен әлем чемпионаты жаңартылған ережелер бойынша ұйымдастырылды. Сондықтан Қазақстан чемпионаты қарсаңында төрешілер мен жаттықтырушыларға өзгерістерді кеңінен түсіндіруді жөн көрдік. Күрес шахмат секілді. Шахматтың ережесін білмесең, жеңіске жете алмайсың. Күресте де солай. Ережені жақсы меңгерген спортшы ғана белдесу кезінде дұрыс тактика құрып, өз мүмкіндігін тиімді пайдалана алады. Тіпті, шағын өзгерістің өзі нәтижеге зор әсер етуі мүмкін, – дейді Е.Жұмабеков.

Семинар барысында кілем шетіндегі белдесулерге, партердегі әрекеттерге, пассивті күреске және челлендж жүйесіне қатысты өзгерістер түсіндірілді. Бұрын кейбір жағдайда ескерусіз қалатын әрекеттер енді ұпаймен бағалануы мүмкін. Мұның өзі спортшылардың белдесу тактикасына өзгеріс енгізетіні анық.

Маманның түсіндіруінше, жаңа талаптарды тек жарыс кезінде біліп қою жеткіліксіз. Оларды жаттығу барысында қолданып, спортшылардың бойына сіңіру қажет.

– Бұрын кейбір балуандар есепте алда келе жатса, белдесудің соңғы кезеңінде кілем шетіне барып, партерге отырып алатын. Осылайша уақыт созып, қарсыласының шабуыл жасауына мүмкіндік бермейтін. Қазіргі ережелер мұндай әрекеттерді шектеуге бағытталған. Сондықтан төрешілер де, жаттықтырушылар да әрбір жағдайды дұрыс түсінуі керек. Біз семинарда өзгерістердің не үшін енгізілгенін, оларды қалай қолдану керектігін түсіндірдік. Ережелерді үнемі қайталап, тәжірибеде қолданудың артықтығы жоқ, – дейді Ерік Оралұлы.

Павлодар облысының еркін күрестен аға жаттықтырушысы Әсет Зенов та мұндай семинарлардың маңызын жоғары бағалайды. Оның айтуынша, ережені білу тек төрешілерге емес, жаттықтырушыларға да қажет. Себебі, белдесу кезінде төреші шешімімен келіспеген жағдайда бапкер челлендж жариялау құқығын пайдалана алады.

– Семинар, алдымен, төрешілердің біліктілігін арттыру үшін өткізіледі. Бірақ жаттықтырушылар үшін де пайдасы зор. Жарыс кезінде төрешінің шешімімен келіспеген жағдайда челлендж жариялауға болады. Алайда оны қай кезде қолдану керектігін білу қажет. Негізсіз челлендж жариялау командаға қосымша ұпай жоғалтуы мүмкін. Сондықтан төреші де, жаттықтырушы да ережені жетік меңгеруі тиіс, – дейді Ә.Зеянов.

Жүлде жолындағы тартыс

Семинардан кейін екінші күні турнирдің негізгі жарыс кезеңі басталды. Бұл күні спорт сарайының тынысы мүлде бөлек болды. Бозкілемге шыққан 2010, 2011 және 2012 жылдары туған жас балуандардың әрқайсысы жеңіске деген жігерін танытып, қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетті. Бірі әдіс-айласын асыруға тырысса, енді бірі қорғаныстағы шеберлігін байқатты.

Жұматай Кенжеғалиев атындағы қоғамдық қордың атқарушы директоры Зарлық Темірғалиевтің айтуынша, турнирдің негізгі мақ-саты – еркін күресті кеңінен насихаттау, мектеп жасындағы ұл-қыздарды спортқа баулу және ата-аналардың осы спорт түріне деген қызығушылығын арттыру.

– Біздің басты мақсатымыз – балалар арасында еркін күресті дамыту, жасөспірімдерді спортқа тарту. Сонымен қатар, ата-аналарға осы спорт түрінің тәрбиелік және дамытушылық маңызын көрсету. Бала спортпен шұғылданса, оның бойында тәртіп, жауапкершілік, төзімділік қалыптасады. Тағы бір маңызды міндетіміз – күреспен айналысып жүрген балалардың техникалық шеберлігін жетілдіру. Өйткені, спорттық шеберлік тек жаттығу залында ғана емес, жарыс барысында да шыңдалады, – дейді З.Темірғалиев.

Жарысты тамашалауға келгендердің арасында Азия ойындарының қола жүлдегері Саятбек Оқасов та болды. Ол мұндай турнирлердің жас балуандардың шеберлігін шыңдаудағы рөлін ерекше атап өтті.

– Бұл – жас балуандар үшін зор тәжірибе алаңы. Мұнда Азия чемпионаттарының жүлдегерлері мен мықты спортшылар келеді. Жасөспірімдер солармен белдесіп, өз шеберліктерін шыңдайды. Менің өзім де кезінде осы турнирге екі рет қатысқанмын. Сондықтан жарыстың маңызын жақсы білемін. Облыста күрестің дамып келе жатқаны қуантады. Оның өркендеуі үшін осындай жарыстарды көбірек ұйымдастыру қажет, – деді С.Оқасов.

Павлодар қаласының намысын қорғаған жас балуан Ислам Ақалқанов үшін де бұл жарыстың орны бөлек. Ол қарсыластарының дайындығы жоғары екенін жасырмады.

– Қарсыластарым мықты, жақсы күреседі. Арасында Азия чемпиондары да бар. Турнир жақсы ұйымдастырылған. Маған осы жарысқа қатысатынымды айтып, сенім артты. Сондықтан тыңғылықты дайындалдым. Жұматай Кенжеғалиев атындағы турнирдің беделді екенін білемін. Мұндай жарыста күресу — біз үшін үлкен тәжірибе, – деді ол.

Турнирдің халықаралық ауқымын кеңейтіп жүрген командалардың бірі – Қырғызстанның Бішкек қаласынан келген балуандар. Бауырлас елдің өкілдері бұл додаға бірнеше жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Еркін күрестен жаттықтырушы Азамат Асанбеков жас спортшылар үшін мұндай жарыстардың тәжірибе алмасудағы маңызын атап өтті.

– Жас балуандардың дайындығы жақсы екені байқалады. Біз Бішкектен жастарымызды тәжірибе жинақтау үшін алып келдік. Бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырған жоқпыз. Бұған дейін де келіп, жақсы әсер алдық. Қазақстан мен Қырғызстан балуандарының күрес мәнерінде өзіндік ерекшеліктер бар. Осындай кездесулерде балалар жаңа тактикаларды, әдіс-тәсілдерді үйренеді. Әсіресе, осы жастағы спортшылар үшін тәжірибе жинау өте маңызды, – деді А.Асанбеков.

Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Бозкілемде бар шеберлігін көрсеткен жас балуандар жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндік алды. Мәселен, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде павлодарлық Наиль Сұлтанов жеңімпаз атанды. Ал 45 келіге дейінгі салмақта Аңсар Амангелді күміс жүлдеге ие болды. Тағы бір қола медальді 48 келіге дейінгі салмақта Алдияр Сағындық иеленді.

Осылайша, Жұматай Кенжеғалиевтің есімін ұлықтаған дәстүрлі турнир жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, еркін күрестің дамуына да өз үлесін қосты.

 

Айдана БОРАНБАЕВА. Павлодар қаласы.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.