Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге

Қар 26, 2026

Әр адамның өмір жолында бағыт-бағдар беріп, білім нәрімен сусындатқан, жақсылыққа жетелеген ұстазы болады. Сондықтан ұстазды құрметтеу – әрбір шәкірттің адамдық әрі азаматтық парызы.

Ұстаздың еңбегі тек сабақ түсіндірумен шектелмейді. Ол шәкіртінің бойына біліммен қатар адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік қасиеттерін сіңіреді. Түсінбеген тақырыбын қайта түсіндіріп, қателігін түзетуге көмектеседі, қиын сәтте дұрыс шешім қабылдауына бағыт береді. Осындай қажырлы еңбек пен төзімділіктің артында үлкен жүрек пен бала болашағына деген шынайы жанашырлық жатыр.

Ендеше, біз ұстаз еңбегін қалай бағалап жүрміз? Меніңше, ұстазға құрмет көрсету тек мерекеде гүл сыйлап, жылы лебіз білдірумен өлшенбейді. Нағыз құрмет – оның берген білімін бағалау, сабақты ынтамен оқу, тәртіпті болу және алға қойған мақсаттарға жету. Шәкірттің жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі, ал шәкірттің биік белестері – мұғалім үшін үлкен мақтаныш.

Ұстаз – білім жолындағы бағыттаушы ғана емес, болашаққа сеніммен қарауға үйрететін тұлға. Оның әрбір сабағы, айтқан ақылы мен берген тәрбиесі шәкірттің өмірінде өшпес із қалдырады. Мұғалімін құрметтеген шәкірт өз алғысын құр сөзбен емес, жақсы ісімен, сапалы білімімен және өне-гелі мінезімен дәлелдейді.

Қоғамның болашағы – білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаз еңбегін бағалау – баршамызға ортақ міндет. Ұстазға көрсетілген құрмет – білімге көрсетілген құрмет. Ендеше, ұстаз алдындағы парызымызды ұмытпай, оның үмітін ақтайтын саналы ұрпақ болайық!

Инабат МҰХАМЕТЖАН,

№47 орта мектептің

8-сынып оқушысы,

Павлодар қаласы.