Наубайхананың наны дәмді

Қаң 20, 2026

Астықты өлке Ертіс ауданында өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі артты. Бұл бағытта 18 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 4-еуі – мал шаруашылығы өнімдерін, 14-і – өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысады. Өткен жылдың
10 айында 2,3 миллиард теңгеге азық-түлік өнімдері өндірілді.

Аудан басшысы Нығман Жүсіповтің айтуынша, сүтті қайта өңдеу саласында сапалы әрі алуан түрлі өнім шығарып отырған «Сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  табысты жұмыс істеуде. «Руди» жеке кәсіпкері еттен жасалатын жартылай дайын өнім түрлерін  кеңейткен.  «Әбенов» жеке кәсіпкерлігінде қымыз өндірісі тұрақты дамып келеді.

Қазіргі заманда ауыл шаруашылығы тек өнім өсірумен ғана шектелмеуі тиіс. Өңдеу саласын дамыту – экономиканың тұрақты өсуінің, ауыл халқының әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі. Бұл тұрғыда ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар нақты нәтиже беріп келеді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 18 нысанның жұмыс істеуі – соның айқын дәлелі. Әсіресе сүт, ет және нан өнімдерін жергілікті жерде өндіру азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік беріп отыр.

— Былтыр аудан орталығында тағы екі жаңа наубайхана іске қосылды. Бұл ретте нан пісіру ісін «Кемран» мен «Серікбаева» жеке кәсіпкерліктері қолға алды. Қолданыстағы наубайханалар халықтың нанға деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, 10 айдың ішінде 1 мың тонна нан өнімдері өндіріліп, оның жалпы құны 138 миллион теңгені құрады. «Оразбаев» шаруа  қожалығы астық өсіріп, оны өзі өңдейді және өз ұнынан нан пісіреді. Бұл – толық аяқталған өндірістік цикл, —
дейді Н.Жүсіпов.

Атап өтерлігі, биыл іске асырылатын «Западный» шаруа қожалығының ет өңдеу кешені ауданның өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек. Мұндай ірі жобалар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жастарды ауылда қалдыруға ықпал етеді. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 1,5 миллиард теңгеден асады. Бұл ретте қожалық вакуумдық қаптамадағы ет, консервілерді дайындамақ. Жаңа нысанның құрылысына СПК «Павлодар» арқылы жылдық 2,5 пайызбен алынған жеңілдетілген несие үлкен қолдау болды.

«Западный» шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиыр тұқымын өсіруге маманданған. Қожалықта бір мыңнан астам мал бар. Қажет болған жағдайда көршілес аудандардан да ет сатып алуға дайын. Ет комбинаты 25 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтитын болады.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту – бұл уақыт талабы. Аудан тәжірибесі көрсеткендей, жүйелі жұмыс пен кәсіпкерлікті қолдау ауылды өркендетудің ең тиімді жолы болмақ.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.