ҰБТ өзгере ме?

Қаң 22, 2026

Бірнеше жылдан кейін елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесіне өзгерістер енгізіледі деп жоспарланып отыр. «Жаңа реформадан ұтамыз ба, ұтыламыз ба?» деген сұрақ әліден-ақ көпшілікті алаңдатуда. Әсіресе, бұл жаңалыққа жылдар бойы жаттанды тест тапсырмаларына үйреніп қалғандар үрке қарауда.

    Сонымен, қазақстандық талапкерлерді алда не күтіп тұр? ҰБТ-ны өзгертудегі мақсат не? Осы және өзге сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Биыл бұрынғыша…

Сөз басында бірден айта кетейік, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгермейді. Яғни, бәрі бұрынғыша өтеді. Сондықтан ағымдағы жылы мектеп бітіретіндер ештеңеге алаңдамағаны жөн, дейді мамандар. Талапкерлер әдеттегідей 3 міндетті пәнді және 2 бейіндік пәнді таңдап алады. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді. Жалпы ұпай саны – 140. Оның ішінде Қазақстан тарихы пәні бойынша 20 тапсырма, Оқу сауаттылығы мен Математикалық сауаттылық пәндерінің әрқайсысынан 10 сұрақ, сондай-ақ 2 бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан ұсынылады. Тест сұрақтарына жауап беру үшін талапкерге 240 минут (4 сағат) уақыт беріледі. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут бөлінеді. Егер талапкер тест нәтижесімен келіспейтін болса, сынақ аяқталған соң 30 минут ішінде өз жауаптарының дұрыстығын дәлелдеу үшін апелляцияға өтініш беруге құқылы. Арнайы комиссия мәселені қарап, шешім қабылдағаннан кейін өтініш берушінің сертификаты жеке кабинетінде қолжетімді болады. Сонымен қатар, осы жылы да мектеп бітірушілер тест тапсыратын күнін, уақытын және өту пунктін өздері таңдай алады.

Қуантарлығы, түлектердің тестілеуге дайындығын қамтамасыз ету үшін байқау сынақтары іске қосылғанын айта кеткен жөн. Яғни, осы оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында талапкерлерге арналған көмекші материалдар көпшілікке ұсынылды. Онда Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша 100 негізгі тарихи датаның тізімі, Информатика пәнінен терминдер тізімі, Қазақ әдебиеті мен Орыс әдебиеті пәндерінен әдеби шығармалардың тізбесі және басқа да ақпараттар бар.

Бүгінде елімізде қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жалғасуда. Бұл науқан 10 ақпанда аяқталатын болады. Оған қатысуға 187 мыңға жуық жас өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Тестілеуге тіркелген талапкерлердің 75,2%-ы қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған.

Ескерте кететін жайт, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа дайындық бағыттарына немесе педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп пен колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

Жаңғырту басталды

Қазіргі уақытта Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеуді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Жаңа реформаның негізгі мақсаты – тест мазмұнын жаңарту, дейді мамандар. Соның нәтижесінде, болашақта ҰБТ тек пәндік білімді ғана емес, функционалдық сауаттылықты, аналитикалық және сыни ойлау қабілетін бағалайтын жаңа форматтағы тапсырмаларды қамтитын болады. Осы мақсатта ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тестология саласындағы халықаралық сарапшыларды тартып, стандартталған емтихандарды әзірлеуде мол тәжірибесі бар ETS (Educational Testing Service) компаниясының көмегіне жүгінген.

– Қазір үлкен бесжылдық жоспар әзірлеп жатырмыз. Яғни, бұл ұзақмерзімді әрі кезең-кезеңмен жүзеге асатын жоспар болады. Бірінші кезеңде біздің тестологтар тобы жаһандық атағы бар ETS компаниясында оқудан өтеді. Алғашқы қызметкеріміз бүгінде Америкада, Принстондағы кампуста тұрып жатыр. Бұл – әлемдегі мықты тест құрастырушы компаниялардың бірі. SAT, TOEF, LGR және басқа негізгі сынақ жүйелерін сол дайындаған, – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, ол шетелде білім алып, тәжірибе жинап келген қазақстандық тестологтар ETS компа-ниясының көмегімен қазақстандық жастарға арналған тесттерді және әдістемелерді әзірлейтінін айтады. Сөйтіп, алдағы уақытта ҰБТ-ны халықаралық деңгейде мойындалатын стандартталған тестке айналдыру көзделуде екен. Әйтпегенде, қазіргі қазақстандық тестілеу жүйесін өзге елдер мойындамай отырған көрінеді.

– Көптеген шетелдік, халықаралық ЖОО-лар республикамызда бөлімшелерін ашты. Алайда олар ҰБТ нәтижелерін халықаралық, авторизацияланған, сертификатталған тест ретінде қабылдамайды. Біздің талапкерлеріміз, жастарымыз ҰБТ тапсыруға дайындалады, жақсы тапсырып, сертификат алады. Бірақ содан соң шетелге оқуға түскісі келсе, түсе алмайды, біздің тестілеуді өзге елдер мойындамайды. Біз ҰБТ-ны түпкілікті өзгертіп, оны халықаралық placement test-ке, яғни шетелдік жетекші университеттерге түсуге арналған тестке айналдыруға ниеттіміз. Тиісті моделі жасалады, – дейді Саясат Нұрбек. Осы орайда, өткен жылы АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Италия, Польша, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің университеттері Қазақстанда 33 филиал ашқанын айта кеткен жөн. Алайда осы оқу орындары да ҰБТ-ны қабылдамаған екен. Сондықтан министр тестілеу жүйесіндегі жаңа реформа бұл мәселені шешіп береді деген сенімде. Яғни, тестілеудің сапасы артып, халықаралық сынаққа айналады деген үміт бар. Егер бұл бағыттағы жоба-жоспарлар ойдағыдай жүзеге асса, біздің түлектер жаңа ҰБТ сертификатымен дүниежүзіндегі кез келген жоғары оқу орнында кедергісіз білім ала алады, дейді министрлік өкілдері.

Ведомствоның ақпараты бойынша, тест тапсырмаларының форматы бірден емес, біртіндеп өзгереді. Бастысы, бұл мектеп түлектеріне салмақ түсірмейді.

– Келесі жылдан бастап тапсырмалар мазмұны талапкерлеріміздің дағдысын айқындауға мүмкіндік беретін халықаралық стандартталған тестіге бейімделетін болады. Осы орайда бұл талапкерлерімізге қосымша жүктеме болмайтынын, керісінше олардың қаншалықты білімді екенін, оларды білім алу барысында қалай қолдана алатынын анықтауға мүмкіндік беретіндігін атап өткім келеді, — дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова. Оның сөзіне қарағанда, жаңартылған ҰБТ форматына толық көшу 2029 жылға жоспарланған.

– Біз ҰБТ-ны кезең-кезеңімен жаңартамыз. Әңгіме ең алдымен тест тапсырмаларының мазмұны туралы болып отыр. Пилоттық жобалар жүргізіледі, қоғаммен және сарапшылармен кең талқылау болады, – деп қорытындылады ол.

Демек, болашақта жаңартылған ҰБТ-ның сапасы артып, нәтижелері тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танылуы мүмкін. Министрліктің мақсаты да – осы!

Басқалар не дейді?

Бұл жаңашылдықты естіген ел-жұрт, әсіресе, ауылдағы ата-аналар алаңдаулы. Себебі, олар жаңа реформа балаларының жоғары оқу орнына түсуіне кедергі бола ма деп қорқады. Осылай деген павлодарлық ана Мәдина Дарханқызы:

– Естуімше, ҰБТ форматын өзгерту арқылы қазақстандық түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына түсулеріне мүмкіндік беріледі екен. Бұл — жағымды жаңалық, әрине. Алайда ауыл балаларының жағдайын да ойлау керек. Себебі, халықаралық емтихандарды тапсыру үшін ағылшын тілі талап етілетіні сөзсіз. Ал мұндай жағдайда ауыл балалары жапа шегеді. Өйткені, кейбір алыс ауылдарда ағылшын тілі маманы жоқ. Олардың болашағы не болмақ? Бұл балалар тест тапсыра алмаса, шетелдік түгілі, отандық жоғары оқу орнына да түсе алмауы мүмкін ғой. Өзімнің де балаларым ауыл мектебінде білім алатындықтан осы мәселе мені мазалауда, – дейді.

Бұл ой барлық ауылдағы ата-аналарды толғандыруда екен. Мұны ескерген министрлік Қазақ-станда тестілеудің жаңа форматы бәрібір пайда болатынын алға тартып, алайда талапкерлерге таңдау берілуі мүмкін екенін де мәлім етті. Яғни, түлектер дәстүрлі ҰБТ-ны тапсырып, отандық ЖОО-ларға немесе шетелде мойындалатын жаңа тестілеуден өтетінін өздері таңдауы ықтимал. Бір анығы, әзірге бұл жоба әлі дайындалуда. Десе де, болашақта бұрынғы ҰБТ-ға деген қажеттілік қалмайды, жастардың көбі жаңа модельді таңдайды, деді министр.

Ал аймағымыздағы ең беделді білім ордасы – облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №8 лицейдің директоры Гаухар Бабыкова саладағы жаңашылдықты қолдайтынын айтады.

– Менің ойымша, бұл өзгерістер сыни ойлауды дамытуға және халықаралық білім беру стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған. Жаңа тәсіл тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар, оқушылардың өмірлік дағдыларын бағалауға негізделеді.

Қазіргі ҰБТ жүйесі белгілі бір деңгейде білімді стандартты түрде бағалауға мүмкіндік беріп отыр, алайда ол көбіне жаттауға негізделген дайындықты талап етеді. Сондықтан жоспарланып отырған жаңа формат осы олқылықтың орнын толтырып, оқушылардың білімді түсініп, қолдану қабілетін бағалауға бағытталуы тиіс. Әрине, ҰБТ форматын жайдан-жай өзгертіп отырған жоқ. Бұл қадам білім беру жүйесіндегі жаңа талаптармен, еңбек нарығының сұраныстарымен және халықаралық бағалау тәжірибелерімен байланысты. Сондықтан жоспарланып отырған өзгерістер білім сапасын арттыруды көздеп отыр деп есептеймін, – дейді ол.

Осылайша, ұлттық бірыңғай тестілеу форматын өзгертуге қатысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Бірі қолдаса, енді бірі қарсылық білдіруде. Ал жауапты министрлік бұл өзгерістің қазақстандық жастарға берері мол екенін алға тартуда. Бір анығы, жаңа реформаның нәтижесі қалай болатыны уақыт еншісінде!

Нұржайна ШОДЫР.