Жуырда Қазақстанның мәдениет қайраткері, композитор, ұстаз-профессор, жерлесіміз Назымбек Дүкенбаев Астанадан арнайы келіп, облыстық Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне белгілі қаламгер, ақын Рәшит Сәбитұлының бір топ кітаптарын табыс етті. Ендігі жерде елімізге белгілі Аққулы ауданының тумасы Рәшит Сәбитұлының еңбектерін аталмыш өнер ордасынан тамашалауға болады.

Бұқар жырау музейінің директоры Ербол Қайыров қымбат рухани қазынаны арнайы табыс еткен Назымбек Дүкенбаевқа ризашылығын білдірді. Рәшит Сәбитұлы — танымал, ақын, журналистика ардагері, 1959 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Павлодар облыстық, қалалық газеттерде еңбек еткен, ұзақ жылдар бойы Алматыда тарих институтының аға ғылыми редакторы болып қызмет істеген. 1990 жылы 16 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рәшит Сәбитұлына «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағы берілді. Танымал ақынның топтама өлеңдері 1956 жылы «Жас жүрек», 1961 жылы «Тақпақ айтып, ән шырқайық» ұжымдық жинақтарында жарияланған. «Толқын» деп аталатын өлеңдер жинағы 1978 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Облыстық Бұқар жырау музейіне автордың Тәуелсіздік алған жылдардан бергі ой-толғамдарынан тұратын құнды еңбектер тапсырылды. Мәселен, 2018 жылы Астана қаласында жарық көрген «Қазақпын мен, қазақпын!» атты кітабында автордың өлең-жырлары, дастан-толғаулары мен эссе-естеліктері топтастырылған екен. Сондай-ақ 2020 жылы баспа бетін көрген «Өмір өткелдері» аты жинағы ақынның 13-інші кітабы екен. Кітаптың сипаттамасында жазылғандай, оған енген шығармалар – өлең-жырлар мен өмірдің өзінен алынған естеліктер жасты да, жасамысты да жалықтырмайтын туындылар. Бала-ларға арналған өлең-жырлар мен өмірдің өзінен алынған естеліктер — жасты да, жасамысты да жалықтырмайтын туындылар. Балалар арналған шағын шығармалардан бастап қарттық пен кәрілікке дейінгі ауқымды тақырыптар қамтылады. Осыдан он шақты жыл бұрын жарық көрген «Заман» жинағында Рәшит Сәбитұлы заман, тәуелсіздік, адами қасиет, ұлттық мүдде, ұрпақ тәрбиесі туралы толғанып, оқырманына тың дүниелер ұсынған екен. Бүгінде Р.Сәбитовтің «Туған жерім, думанды елім» (2004 ж), «Ұрпағымын сақтардың» (2011), «Меже» (2017), «Үміт пен сенім» (2008), «Әндетеді жүрегім» (2010), «Қалың елім, қазағым» (2020) секілді көптеген таңдамалы жинақтары оқырман тарапынан оң бағасын алып үлгерген дүниелер. Әрине, мұндай қымбат бағалы кітаптардың облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында болуы – заңдылық. Оларды музейге тапсыру арқылы автор өзгелерге өнеге көрсетіп отыр.

 

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.