Шипалы алақан иесі

Қаң 22, 2026

Қазіргі таңда кез келген адам сүйікті ісіне ден қойып, әрі қарай дамытуды көздесе, кәсіп ашуға бірталай мүмкіндіктер қарастырылған. Солардың бірі – «Даму» қоры. Қор арқылы ісі оңға басқан кәсіпкерлер қатары жылдан-жылға өсуде. Оған биыл өңірімізде 400-ден аса бизнес өркендегені дәлел. Адам денсаулығы қашан да алдыңғы қатарда. Осы орайда массаж са ласында белестерді бағындырып үлгерген Дана Болатқызымен әңгімелестік.

Семей қаласының тумасы Дана Болатқызы кішкентайынан массаж саласына қызығушылық танытқан. Балалық шағында туған-туыстарына бес-он теңге ақы көлемінде әрқайсысына массаж жасап, болашақта осы саланың майталманы болуды арман етеді. Кәсіпке небары 17 жасында келген. Әжесінің денсаулығы сыр беріп, ешбір ем нәтиже бермегендіктен, колледж қабырғасында білім алып жүрген студент тез арада массаж курсын оқып, бұл саланы кәсіби түрде меңгереді. Әжесіне өз қолымен ем жасап, арада біраз уақыт өткен соң ол аяққа тұрады. Осындай талапты жанның ерекше қабілеті ел арасында тез тарап, клиенттер саны өсе бастайды.

Білімін толықтырған маман Павлодар қаласына көшіп, бейтаныс ортада кәсібін жандандыруға барынша атсалысады. Бастапқыда клиенттердің үйіне барып, емдік төсегін арқалап жүрген кездерін күлімсіреп еске алады.

– Бала арманыма қол жеткізгеніме ризамын. Әрине, талай қиыншылыққа төтеп беріп келеміз. Алғашқыда клиенттерімнің ыңғайына қарай уақытын белгілеп, үйлеріне трамваймен емдік төсегімді арқалап келген уақытта кейбіреуі есік ашпай немесе күтпеген қонағын қарсы алған кездері де болған. Кәсібімді енді бастаған кезде массаж бағасы 2500 теңге көлемінде болатын. Кейін уақыттың тығыздығына байланысты массаж саласын меңгергісі келген маманды оқытып, екеуіміз қатар еңбек ете бастадық. Осылайша кәсіпкерлікке бірте-бірте қадам жасадым, — дейді кәсіпкер.

Бүгінде жас кәсіпкердің екі массаж салоны және жуырда ашылған клиникасы қызмет етеді. Қазіргі таңда жалпы 22 адамды жұмыспен қамтып, беделді маман қатарын толтыруда. Онымен қоса, 150-200 адам массаж курсы бойынша білім алып, кәсіби массаж маманы сертификатына қол жеткізген. Бастысы – емделушілердің шынайы ризашылығы.

Дана Болатқызы бүгінде массажист және остеопат мамандығын ұштастыруда. Кәсібінің қанатын кеңейту мақсатында «Даму» қорының көмегіне жүгініп, ағза тазартатын клиника ашады. Бұған соңғы кездері өңір тұрғындарының ем қабылдау үшін Ташкент қаласына жиі барғанын байқап, оған қоса өзі аллергияға шалдыққаны себеп болды. Қордың белді мамандарының кеңесі мен қолдауынан серпін алып, кәсібін өркендете бастайды.

– Осы уақытқа дейін клиникада 2000-нан астам адам ем алды. Яғни, денсаулығы жақ-сарған адамдардың динамикасы да артып келеді. Әрине, кәсіп ашу оңай емес. Сол себепті «Даму» қоры сынды жеңілдіктер қарастырылған бағдарламаларды қолданған жөн. Мұнда кәсіптің бағыт-бағдарына сәйкес әртүрлі жобалар бар. Бүгінде сүйікті ісіме оң ықпалын тигізуде, – дейді ол.

Массаж кәсібінің майталманы әр істі бастар алдында елге деген пайданы алға қойса, ниетің түзу болса, кез келген кәсіп ойдағы жүзеге асатынын айтады. Ол алдағы уақытта шипалы алақанының арқасында талай адамды емдеп, денсаулығын жақсартуды көздеуде.

Салтанат ҒАББАС.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.