Техникалармен толықты

Қаң 22, 2026

Екібастұз қаласында жылу желілеріне қатысты орын алған апат шаһардағы құбырлардың ғана емес, арнайы техникалардың да тозғанын көрсетті. Сондықтан жергілікті билік кейінгі жылдары жаңа техникалар сатып алуға ден қойып келеді.

Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен әр түрлі бағыттағы 10 арнайы техника сатып алынса, жаңа жыл басталғалы тағы бірнешеуімен толықты.

— 2022 жылғы төтенше жағдай көптеген күрмеулі мәселенің бетін ашып берді. Солардың бірі – арнайы техникалар паркінің тозуы. Сондықтан жоспар бекітіп, соған сәйкес жыл сайын жаңа техникалар қатарға қосылуда. Таяуда ғана «Горводоканал» кәсіпорнына қосымша көліктер берілді, — деді шаһар басшысы.

Бұл бағыттағы жұмыстар өз кезегінде апаттық жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жергілікті билік коммуналдық қызметтер жұмысының сапасын арттыру үшін алдағы уақытта да техникалық паркті жаңартуға бейілді екенін білдірді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ. 

Екібастұз қаласы.