Май ауданында 2026–2028 жылдар аралығында аудан экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған жалпы құны 39,3 млрд теңге болатын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Мәселен, Көктөбе ауылында «Ақжар-Өндіріс» ЖШС консерві цехы салынып, 5 жаңа жұмыс орны ашылады. Майтүбек ауылындағы «Май Агро-М» серіктестігі көкөніс сақтау қоймасы 8 500 тоннадан 15 500 тоннаға дейін кеңейтіліп, 10 жұмыс орны құрылады. Ал «Демеу Көк-Тас» ЖШС мыс кендерін үйінділі шаймалау кәсіпорнын салып, нәтижесінде 273 жұмыс орнын қамтамасыз етпек.
Одан бөлек, «FishFarm» шаруа қожалығы балық өңдеу цехын салып, 15 жаңа жұмыс орнын ашады, ал Бозша ауылындағы «Bai Aqro 8» ЖШС 500 гектар және 941 гектар суармалы жер учаскесін құрып, 1,1 және 1,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартады. Сондай-ақ, «Druzhba Mining» ЖШС «Титан-цирконий концентратын өндіру» зауытын салып, 200 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Айта кетейік, аталған жобалар аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, өндірістік қуаттарды арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
Май ауданы.
