Ақтоғай ауданының Ақтоғай және Приреченск ауылдарының тұрғындары тарапынан бірнеше рет көтерілген ауызсу сапасының мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бүгінде екі елді мекенде де су желілеріндегі мембраналарды жаңарту және жабдықтарды ауыстыру жұмыстары толықтай аяқталды. Аталған жобаларды іске асыруға барлығы 32 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Ал аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша Жоламан ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жобасы әзірленді. Жобада жолдың ұзындығы 1,2 шақырымды құрап, жөндеу жұмыстарының жалпы құны 86,9 млн теңгеге белгіленді. Аталған жобалық-сметалық құжаттама тиісті сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Жоламан ауылының көлік қатынасы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол жағдайы жасалады.
Сонымен қатар, осы жылы Приреченск ауылындағы Космическая көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған мақсатқа 20 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы.
