Өткен жылы футболдан Премьер-лигаға қайта оралған павлодарлық «Ертіс» командасында ауыс-түйіс басталды. Жергілікті аяқдопшыларды осындай жеңіске жетелеген Ринат Әлеуетов бастаған бапкерлік құрам басқа клубқа ауысты. Ал елдің бес дүркін чемпионының тізгінін беларусьтік маман қолға алды.
Өткен жылы Ринат Әлеуетов «Ертіс» клубына біріншіліктің бел ортасында келген еді. Сөйтіп, турнирлік кестенің ортасында жүрген команданы алға жетелеп, былтырғы чемпионатты екінші орынмен түйіндеді. Нәтижесінде Премьер-лигаға жолдама алды. Алайда облыстағы жұмысын осымен тәмамдады. Команданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Ринат Әлеуетов пен оның жаттықтырушы штабы «Оқжетпес» футбол клубы құрамында жұмысын жалғастыратын болды.
Сонымен қатар, клубтың негізгі құрамының көптеген ойыншысы басқа командалардың сапына ауысты. Атап айтқанда, Владимир Воменко, Нұрғайни Бөрібаев, Әділхан Добай, Мохаммед Еңсебаев, Нұрәли Елемес клубпен қош айтысты. Арман Кеңесов, Мейрам Киікбаев және Темірлан Төребекті жалға алу мерзімі де аяқталып, олар өз клубтарына қайта оралды. Сол сияқты өткен маусымның ортасында қатарға қосылған Еркебұлан Тұңғышбаев пен Владислав Васильев Павлодардағы еңбек жолын аяқтады. Былтыр жанкүйерлерге тамаша ойын сыйлап, көпшілік көптен күткен жолдамаға маңдай термен, табанды еңбекпен қол жеткізген бапкерлік құрам мен футболшыларға зор алғыс! Олар спортсүйер қауымды қуантып қана қоймай, команданың Премьер-лигаға қайта оралуына сүбелі үлес қосты.
Ендігі ретте мықтылармен бақ сынап, бәсекеге түсетін чемпионатта жасыл алаңға шығатын «Ертістің» жаңа құрамы жасақталуда. Алдымен команданың бас бапкері тағайындалды. Бірқатар үміткердің ішінен Беларусь елінен келген маман Кирилл Альшевский осы қызметке лайық деп таңдалды. Ол әр жылдары «Рух», «Лиепая», «БАТЕ», «РУОР», «Динамо Минск» сияқты клубтарда, сондай-ақ Беларусь жастар құрамаларының құрылымдарында жұмыс істеді. Білікті бапкердің басшылығымен борисовтік «БАТЭ» ұлттық аренада чемпионаттың күміс жүлдегері, Беларусь Кубогының иегері атанып, жоғары нәтижелерге жетті. «Ертіске» келгенге дейін мәскеулік «Велес» клубында қызмет етті.
Жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс жергілікті жігіт Руслан Есімов «Ертіс» футбол клубының спорт директоры атанды. Өткен маусымда «туған» командасына көптен күткен жолдаманы сыйлаған соң кәсіби футболшы ретіндегі мансабын аяқтаған еді. Ол пентакампеондар қатарында 150-ден астам матч өткізіп, 17 гол соқты. «Ертіс» сапында Қазақстан Премьер-лигасының қола жүлдегері, екінші лиганың чемпионы, бірінші лиганың вице-чемпионы атанды. Павлодарлық жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған капитан команданың қайта жандануына елеулі үлес қосып, Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралуында маңызды рөл атқарды. Жалпы, екібастұздық Есімов кәсіби мансабында 389 матч өткізіп, 50 голдың авторы атанды.
Павлодар футбол мектебінің тағы бір түлегі — Валерий Белгібаев та «Ертіс» сапына қайта оралды. Оның тәжірибесі мен жергілікті футбол ерекшеліктерін тереңінен түсінуі командаға серпін береді деген сенім мол. Валерий Нұрланұлы ұзақ уақыт бойы «Екібастұз» футбол командасының бас бапкері болды. Өткен маусымда «Ертіс» командасының бапкерлер штабы құрамында жұмыс істеп, қиын кезеңде клубтың бас бапкері міндетін атқарды. Сонымен қатар, еліміздің өзге аймақтарында балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бағытында еңбек етіп, Қазақстанның U19 жастар құрамасының бапкерлер штабында қызмет атқарды. Осы уақытқа дейін қарағандылық «Шахтер» футбол орталығының басшысы болып жұмыс істеді.
Сөйтіп, жаңа бапкердің бастамасымен негізгі
басшылық құрам жасақталды. Кирилл Альшевскийдің жетекшілігімен алғашқы жаттығуы да өтті. Қазіргі уақытта маусымға қызу дайындық жүріп жатыр. Спортшылар алдымен облыс орталығында жаттығу жиындарын өткізді. Ал өткен демалыс күндері Түркияның Белек қаласына бағыт алды. Оған клубпен келісімшарт жасасқан футболшылар да, жиынға шақырту алған аяқдопшылар да аттанды. Бұл ретте бапкерлік құрам тәжірибелі спортшылармен қатар павлодарлық футболдың жас тәрбиеленушілеріне мүмкіндік бергені байқалады. Бірақ негізгі құрам әзірше жасақтала қойған жоқ. Білуімізше, Кирилл Альшевский бастаған топ Аслан Дарабаев, Санжар Сатанов және шетелдік бірқатар футболшымен келіссөздер жүргізуде.
Қалай болғанда да жанкүйерлер Премьер-лигаға қайта оралған «Ертістен» биыл да жарқын жеңістер күтеді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
