Жерлестеріміз Олимпиадаға аттанды

Қаң 22, 2026

6-22 ақпан аралығында Италияның Милан мен Кортина-Д’ Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшылардың қатарында павлодарлық фристайл акробатшы Роман Иванов бар.

Роман Иванов өткен жылы Шерзод Хаширбаевпен бірге Қытайда өткен Азия ойындарының жұптық бәсекесінде алтын медаль еншілеген еді. Бұл – ел тарихында спорттың дәл осы түрінен иеленген алғашқы алтын! Мұндай жоғары жетістікке жеткен павлодарлық спортшы Олимпиадаға жолдама алып, Италия төрінде бағын сынамақ. Роман Иванов бұл сында да ұлттық құрама қатарында жеңіс тұғырынан көрінсін деп тілейміз. Жалпы,  фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының сапында бес спортшы – Роман Иванов, Дінмұхаммед Райымқұлов, Шерзод Хаширбаев, Асан Асылхан және Аяна Жолдас бар.

Сонымен қатар, аймақ пен ел намысын тағы бір жерлесіміз – конькимен жүгірудің шебері Арина Ильященко қорғайды. Ол – белгілі спортшы, Олимпиаданың қола жүлдегері Людмила Прокашеваның төл шәкірті. Бұған дейін Арина Әлем чемпионаты кубогында сәтті өнер көрсеткен болатын. Конькимен жүгіруден Арина Ильященкомен қатар Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова да жарыс жолына шығады.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, павлодарлық Дарья Ряжко да Ақ Олимпиадаға аттанады. Ол Щучинск қаласында өткен ҚР Кубогы сайысында бір күміс, екі қола еншілеп, олимпиадалық тізімге енген еді.

Ал мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға зор сенім артып отырмыз. Олар әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, екі жолдама жеңіп алған еді. Сол сияқты шорт-трекшілерден Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан, шаңғы спортынан Ростислав Хохлов, Александра Скороходова бақ сынайды. Оған қоса, ұлттық құраманың фристайл-могулдан төрт, биатлоннан төрт, шаңғы жарысынан жеті, трамплиннен шаңғымен секіруден екі, шаңғы қос сайысынан бір жолдама бар. Бұл спорт түрлері бойынша нақты кімдердің Олимпиадаға қатысатынын бапкерлік құрам анықтайды. Жалпы, төртжылдықтың басты сайысына елімізден 36 спортшы қатысады. Ал XXV қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 93 елінен 3500-ден астам кіл мықты жиналмақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.