Германия астанасы Берлин қаласында жылдағы дәстүр бойынша «Green Week» халықаралық көрмесі өтті. Ұлттық тағам мен сусын түрлерін дайындайтын әлемнің озық кәсіпорындарының өкілдері Еуропа төрінде бас қосып, тәжірибе алмасып, төл дәстүрлерін таныстырды. Аталған форумға Аққулы ауданының «Бірлік» шаруа қожалығы да қатысты. Шаруашылық өкілдері шетелдіктерге қымыз ұсынып, ұлттық сусынның дәмімен тамсандырды.
Аққулы ауданындағы «Бірлік» шаруа қожалығының негізі сонау 1993 жылы қаланған еді. Сол тұста шаруашылық басшысы Нұрлан Қасымов жылқы өсірумен айналысып, Қамбар ата төлінің басын көбейту үшін барын салды. Ал 2002 жылы алғаш рет қымыз өндірісіне бет бұрды. Бірақ тәжірибенің аздығынан болар, сусынды бір маусым ғана әзірлеп, кейін бұл бағыттағы жұмыс тұралап қалды.
Араға 10 жыл салып әке бастаған кәсіпкерлік жолды ұлы Олжас жалғас-тырды. Павлодар қаласындағы Торай-ғыров университетін тәмамдаған ол қолына диплом ала сала бірден туған ауылына аттанды. Мұндағы мақсат – шаруашылықтың жұмысын одан әрі ілгерілетіп, туған жерде еңбек ету.
Әкенің жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен баланың жаңашыл көзқарасы оң үйлесім тауып, жылқы шаруашылығы ілгерілей түсті. Қожалық осыдан төрт жыл бұрын тек төрт жылқы ұстап, одан қымыз алса, бүгінде 90-ға жуық сауын бие бар.
— Шаруашылық жұмысын оң жолға қойып, биелердің басын көбейткен соң қымыз өндірісіне бет бұра бастадық. «Дайын өнімді қайда және қалай саудалаймыз?» деген сауал туындады. Бұл ретте де жергілікті сауда орындарымен серіктестік орната білдік. Қазіргі таңда біздің қымыз Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен басқа да ауыл-аймақтарда сатылымда бар. Тұрғындар тарапынан сұраныс та жоғары, — дейді Олжас Жантен.
Бүгінде «Бірлік» шаруа қожалығы қымыздың екі түрі – классикалық және балқымызды өндіреді. Ол үшін қажеттінің барлығы бар. Ал ұлттық сусынның бір литрі 1200-1500 теңгеден сатылады.
Шаруашылық басшылығы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жас кәсіпкер өндіріс аясын одан әрі кеңейтіп, төл өнімді дәріптеуге, оның сапасын арттыра түсуге бейілді. Сондықтан Торайғыров университеті, Алматы қаласындағы биология және биотехнология институты өкілдерімен бірлесіп, ғылыми тұрғыда да зор еңбек етуде. Айталық, ғалымдармен бірлесіп, жәбе тұқымды, сүт бағытындағы жылқы басын көбейтуге ниет танытып отыр.
Ал дайын өнімді тек өңір мен ел ішінде емес, өзге мемлекеттерде де сатылымға шығарып, ұлттық сусынды насихаттау үшін таяуда Германияның Берлин қаласында өткен «Green Week» көрмесіне қатысып қайтты. Ол — әлемнің түрлі елдерінің ұлттық өнімдері мен мәдениетін таныстыратын ең ірі ауыл шаруашылығы көрмесі. Осыдан тура 100 жыл бұрын бастау алған бұл шара жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам компа-нияны жинайды. Олар түрлі өнімді, технологияны, идеяларды таныстырады. Шаруалар өздері өндірген сусындарды, тағамдарды көпшілік назарына ұсынып, тағамтану саласының, экологияның болашағын бірге талқылайды.
— «Green Week» көрмесінде әр мемлекеттің өз павильоны бар. Мұнда сан алуан тағам түрі – еттен бастап, нан, балға дейін көрмеге қойылады. Біздің елден жеткізілген алма, күріш, тіпті тұздың өзі талайды тамсандырғанын аңғардық. Сол сияқты біз де келушілердің назарына өз қымызымызды ұсындық. Қымыз — тек сусын емес, әлемдік нарықтан ойып тұрып орын ала алатын отандық өнім. Оның дәмін көрген көрменің қатысушылары мен қонақтары зор қызығушылық танытып, жоғары бағасын берді. Бұл көрмеге қатысу арқылы ұлттық сусынды дәріптеп, экспортқа шығар жолды реттеуді көздейміз. Себебі, «Green Week» — жаһандық бизнестің бір бөлігі, танысу, экспортты дамыту, мәдениетпен алмасу алаңы, — дейді жас кәсіпкер.
Немістердің қымызға деген көңілі бөлек екені бұрыннан белгілі. Әлемнің өзге елдерінен келген компаниялардың да біздің өнімге сұраныс танытқаны қуантады. Олай болса, «Бірлік» шаруашылығы экспортты дамытуда нақты нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенеміз.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Аққулы ауданы.
