Ойы жүйріктер сынға түсті

Қаң 29, 2026

Павлодар облысы бойынша зияткерлік спортқа қызығатын түрлі сала мамандарын біріктіретін жылдам шахмат ойындарынан Сенат кубогының 1/8 финалы жалғасуда. Senat Open – ҚР Парламентінің Сенаты ұйымдастырған ауқымды шахмат турнирі. Турнир Қазақстан шахмат федерациясының, Павлодар облыстық мәслихатының, өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасының белсенді қолдауымен өтуде. 

Турнир кезеңіне қатысуда  Павлодар облысының үш қаласы мен 10 ауданынан 140 қатысушы тіркелген. Ойын швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрады. Мұндағы тағы бір ерекшелік – жылдамдық. Яғни, қатысушыларға 10 минут беріледі. Осы уақыт ішінде қарсыластың  әдісіне төтеп беріп, жеңіске жету керек. Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов шахмат ойынының маңыздылығын атап өтті.

— Өңірімізде адамның логикалық ойлауына ерекше әсер ететін спорт түрінен іріктеу кезеңі өткізіліп жатқаны — қуантарлық жайт. Қазақстан шахматы жетістігі жөнінен әлемдік үздік бестікке кіреді. Соның ішінде жастардың үлесі көп. Бұл қоғамның санасына патриоттық сезім мен интеллектуалды қабілеттін арттыратын ерекше спорт түрі деп санаймын. Сондықтан, мұндай жарыстар жиі өткізіліп тұрғаны дұрыс, — деді ол.

Турнирдің өткізілу кезеңдері жайлы KazChess Павлодар облысының филиалының атқарушы директоры Арыстан Қапаев түсіндіріп берді.

— Бұл – бізде іріктеу кезеңінің екінші ойыны. Бірінші жарыс ардагерлер арасында өткізілген болатын. Онда барлық аудандардан, колледждер мен университеттерден, мектептерден әртүрлі жас арасында әуесқойлар қатысуға өтінім білдірген болатын. Дәл осылай алдағы уақытта әртүрлі сала мамандары арасында 7 іріктеу турнирі өткізіледі. Бүгінгі қатысушылардың ішінен жеңімпаз атанған 20 адам мамыр айында Достық үйінде болатын 1/4 финалдық кезеңіне жолдама алады. Барлық сала бойынша топ жарғандар Астанада өтетін финалдық кезеңге қатысады, — дейді.

Бұдан бөлек, солтүстік аймақтар арасындағы іріктеу кезеңі ұйымдастырылмақ. Сол жерден үздік атанған шахматшылар финалдық кезеңнің жекпе-жегінде кездеспек. Жылдам шахмат ойыны ол екі тарапты қатар алып жүруді талап етеді. Себебі, қатысушылар ара-сында тәсіл жағынан алда болса да, уақыттың жетіспеушілігі мен ескермеуінен өз мүмкіндіктерін жібереріп алулары мүмкін. Турнирге Аққулы ауданынан келген Бейбіт Сағитов өз ойымен бөлісті.

— Кішкентай кезімнен шахмат ойынына қызығатынмын. Қазір мектептегі шахмат үйірмесінде оқушыларға сабақ беремін. Білім саласындағы қызметкерлер ара-сында іріктеу турнирі болады деген соң өз бағымды сынап көрейін деп келдім. Бірінші ойында қарсыласымнан басым түстім. Уақытпен қатар ойнау тұрғысынан тәжірибеміз болғандықтан, ойын жеңіл өтті. Бірақ, қарсыласымды тәсіл бойынша жеңдім, — деді қатысушы.

Алдағы уақытта  Senat Open 1/8 турнирінің іріктеу кезеңі  ұлттық компаниялардың мемлекеттік қызметкерлері, мәдениет және өнер, БАҚ қызметкерлері және қауіпсіздік күштері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында жалғасын табады.

Сара ӘБДОЛ.