Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Мұнда салық режимінің үш түрі қарастырылды. Нақтырақ айтсақ, шаруа және фермерлік қожалықтарына арналған, оңайлатылған декларация негізінде және өзін-өзі қамтығандарға жеке тәртіп белгіленді.
Бұл ретте, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының айтуынша, шаруа қожалықтары үшін салықтық режимнің бір түрін таңдап, қандай да бір құжат тапсырудың қажет жоқ. Себебі, шаруашылықтарға арналған режимге олар автоматты түрде ауыстырылады.
Ал оңайлатылған декларация негізінде кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 наурызына дейін таңдауын жасап, қолданатын салық режимі туралы құзырлы органға хабарлама жолдауы тиіс. Ол үшін салық төлеушінің кабинеті арқылы Құжаттарды ұсыну-Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама бөлімінен ақпаратын жолдай алады. Сондай-ақ, E-Salyq Business арнаулы мобильді қосымшасында Қызметтер – Жеке кәсіпкердің салық режимін ауыстыру қызметін таңдайсыз. Ірі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да Мемлекеттік қызметтер – ЖК реквизиттері мен режимін өзгерту сервисін таңдау арқылы хабарлама жолдауға болады. Орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына апарып та тапсыруға болады.
Оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимі қолданатындардың жылдық кірісі 600 мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. ҚР айқындаған тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлерінен басқаларымен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен ҚР резидент-заңды тұлғалары пайдалана алады.
Мамандардың мәлімдеуінше, шағын және орта бизнес субъектілері оңайлатылған декларация негізіндегі режимді қолданудан ұтатын тұстар бар. Мәселен, олар Үкімет белгілеген тыйым салынған түрлерден басқа барлық қызметті қолдана алады, жалдамалы қызметкерлер санына шектеу қойылмайды. ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босатылады. Жылына табыс 24 000 АЕК-тен (103,8 млн. теңге) асқан жағдайда еңбекақы қорының сомасына салық салынатын табысты азайту құқығы беріліп отыр. Жылына 135 000 АЕК-ке дейінгі табысқа ие жеке кәсіпкер бухгалтерлік есепті жүргізуден босатылады. Олар жылына екі рет оңайлатылған декларацияны тапсырады және салық төлейді.
Бір ескеретіні, салық режимін 1 наурызға дейін таңдамаған салық төлеушілер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінің қолданушысы болып саналады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі жеке кәсіпкер емес, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын, күнтізбелік айдағы кірісі 300 айлық есептік көрсеткіштен, нақтысы биылғы есеппен 1 297 500 теңгеден аспайтын, Үкіметтің бекіткен қызмет түрлерімен айналысатын жеке тұлғалар пайдалана алады. Осретте, өзін-өзі қамтығандарға арналған режимге көшу үшін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы мобильді қосымша бірінші чекті қалыптастыру датасына дейін (2026 жылдың 28 ақпанына) ЖК ретінде есептен шығуы қажет. Өздігінен шықпаса және оңайлатылған декларацияға көшу туралы хабарлама жібермесе, салық органдары оны ЖК ретінде 1 наурызда автоматты түрде есептен алып тастайды.
Естеріңізде болар, жаңа Салық кодексі өткен жылы қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілік құжат күшіне енсе, кәсібімен қош айтысатындар көбейетінін де алға тартқандар кездесті. Алайда, Үкімет мұндай көрініс орын алмағанын айтуда. Өткен жылы елімізде 480 мың жаңа заңды тұлға тіркелсе, жыл басынан бері тағы 22 мың субъекті есепке тұрған. Үкімет әділ әрі тиімді салық жүйесін жалғастыра бермек. Яғни, салық төлеу мәдениетін қалыптастыру көзделген. Дегенмен, құзырлы органдарға үкіметтегілер бизнес қызметіне айқын кедергі келтіретін қандай да нормалар анықталса, оны жалпылап, түзетуге ұсыныс енгізілетінін айтты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
