Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің бірқатар өңірінде отбасын қолдау орта-лықтары құрылып, іске кіріскен болатын. Мұндай мекеме осыдан бір жыл бұрын облыс орталығында да ашылып, жүйелі жұмыс істеуде. Алайда оның нақты немен айналысатынын көпшілік біле бермейтіні анық. Осыған орай аталған орталыққа арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Жұмыла жұмыс жүргізуде
Елдегі отбасын қолдау орталықтары Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасы аясында құрылған екен. Соның бірі – Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан ашылған осынау мемлекеттік мекеме.
– Биыл қаңтар айында Павлодар қалалық отбасын қолдау орталығының ашылғанына бір жыл толды. Біздің басты мақсатымыз – өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасыларына қолдау көрсету. Яғни, олардың тығырықтан шығуы үшін толыққанды әлеуметтік-құқықтық және психологиялық сүйемелдеу қызметтерін көрсетіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, – дейді аталмыш орталықтың директоры Гүлнәр Нұржанова. Оның айтуынша, осында 18 маман еңбек етеді. Атап айтқанда, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар және басқа да сала өкілдері бар. Олар-
дың әрқайсысы көмекке мұқтаж отбасы мүшелеріне қажетті қолдау шараларын көрсетуде. Мәселен, психологтар өмірден баз кешіп, күйзелісте жүрген жандармен жұмыс істейді. Орталықтағы осын-
дай маманның бірі, психолог Жұлдыз Егеубай:
– Маған түрлі өмірлік жағдайға тап болған адамдар келіп, кеңес алады. Әркімнің тағдыры әр түрлі. Бірақ олар туралы ақпарат құпия күйінде сақталады. Сондықтан нақты мысал айта алмаймын. Атап өтерлігі, кейде отбасын сақтап қалу мақсатында ерлі-зайыптылар да келіп, көмек сұрап жатады. Әрине, барлығына аянбай қолдау көрсетуге тырысамыз. Алдымен психологиялық көмекті қажет ететін жандардың жағдайымен жіті танысып, сөзге тартамын. Ұзақ әрі ашық әңгімеден кейін психологиялық терапия жасалады. Бұл әдіс кемінде 7-8 сеанстан тұрады. Осыдан кейін оң нәтиже көріп, алғыс айтып жататындар аз емес. Оларға көмегіміз тигеніне біз де қуаныштымыз, – дейді. Ал заңгер мамандар құқықтық көмек көрсететінін айтады.
– Бізге көбінесе ажырасу кезінде дүние-мүлкін дұрыс бөлісе алмаған, алимент өндіре алмай жүрген, қарызға батып, есепшоттары бұғатталған адамдар жиі көмек сұрап келеді. Қамқоршылық мәселесі бойынша кеңес алатындар да баршылық. Олардың қай-қайсысына да заң тұрғысынан бағыт-бағдар беріп, жол көрсетеміз. Кейде құқық қорғау органдарына талап арыз жазуға да жәрдесдесеміз. Тек ағымдағы жыл басынан бері осындай 30-дан астам азаматқа заңгерлік-құқықтық қолдау көрсетілді. Қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, кейбіреулер мемлекеттен әлеуметтік көмек алу немесе жұмысқа орналасу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуі жоқ екенін айтып, жәрдем сұрайды. Отбасын қолдау орталығының иелігінде баспана жоқ болғандықтан, мұндай мәселені шешу күрделі. Сонымен қатар, кейбір ажырасқан әкелер табысын жасырып, алимент төлеуден қашқақтап жүреді. Олардың кірісі ресми түрде дәлелденбегендіктен әрекет жасай алмаймыз, – дейді мекеменің заңгері Гүлсім Байжанқызы.
Міне, осы сияқты орталықтағы өзге де мамандар көмекке жүгінген жандарға қолдарынан келгенше аянбай жәрдемдесуде екен.
Мобильді топтың мақсаты не?
Павлодар қаласындағы отбасын қолдау орталы-ғының директоры Гүлнәр Нұржанованың айтуынша, аталмыш мекеме алты министрлікпен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Атап айтқанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, қолдауға мұқтаж отбасыларына жан-жақты қызмет көрсетуде. Осы мақсатта Павлодар қаласы әкімінің өкімімен
20 мобильді топ құрылып, іске кіріскен. Оның 15-і облыс орталығындағы шағын аудандарға жауапты болса, қалған 5-еуі қалаға қарасты Кенжекөл, Атамекен, Мойылды, Павлодар, Жетекші ауылдарына тиесілі.
– Бұл мобильді топтардың құрамында мемлекеттік құрылым-дардың 300-ге жуық өкілі бар. Олардың қатарына полиция органдары, білім беру, денсаулық сақтау саласының мамандары, кент және ауылдық округтердің әкімдері тартылған. Біз осы адамдармен тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс істейміз. Яғни, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету жұмысын үйлестіреміз. Осыған орай орталықта «FSM Social» цифрлық платформасы іске қосылған. Соның көмегі арқылы мамандар келіп түскен сигналдар бойынша көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем көрсетеді Мысалы, бір мектептен оқушыға көңіл бөлу керек деген сияқты сигнал берілсе, біз бірден соған жауапты мекемелердің қатысуын қамтамасыз етіп, тиісті жұмысты орындауға кірісеміз, – деп атап өтті Гүлнәр Нұржанова.
Оның айтуынша, бір жылдың ішінде орталық мамандары қиын жағдайға тап болған отбасыларымен жеке жұмыс жоспарын орындау барысында 563 қызмет көрсеткен. Оның ішінде құқықтық көмек – 140, психологиялық қолдау – 268, жұмыспен қамту – 3, демеушілер есебінен материалдық көмек беру – 246, әлеуметтік қолдау алу үшін өтініш беру – 4, сондай-ақ, мүгедектікті рәсімдеу, медициналық қызметтер алу, уақытша тіркеуге тұру, «Дағдарыс» орталығы мен «Ана үйіне» орналастыру, басқа да жәрдемдесу шаралары бойынша қолдау көрсетілген екен. Бұған қарап, бірқатар мекемемен бірлескен көмектің нәтижелі екенін атап өткен жөн.
Атқарылған іс аз емес…
Орталық басшысының айтуынша, бір жылдың ішінде мұнда ауқымды іс-шаралар атқарылған. Мекеме мамандары қиындыққа тап болған азаматтарға қолдау көрсетуден бөлек, түрлі семинарлар, акциялар, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруға да ұйытқы болуда.
– Біз Павлодар қаласындағы барлық шағын аудандардың мобильді топтарының қатысушыларына, облысқа қарасты басқа да қала-аудандардағы отбасын қолдау орталықтарының мамандарына арнап «FSM Social» цифрлық платформасын қолдану бойынша семинарлар ұйымдастырдық. Оған 250-ден астам адам қатысты. «Заң мен тәртіп» идеологиясын ақпараттық қолдау жөніндегі медиажоспарды жүзеге асыру аясында дөңгелек үстел, диалог алаңдарын өткіздік. Бұдан бөлек, қала тұрғындары, жас отбасылар және студенттердің қатысумен 46 психологиялық семинар-тренинг ұйымдастырылып, 380 адам қамтылды. «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында орталық 20 іс-шара өткізді. Тізбектеп айта берсек, басқа да атқарылған жұмыстар аз емес, – дейді Гүлнәр Төлегенқызы.
Отбасын қолдау орталығының қызмет-керлері сондай-ақ, жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция
өкілдерімен бірлесіп қолайсыз отбасыларын аралау, балалар құқықтарының сақталуын бақылау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, суицидтік мінез-құлыққа жол бермеу мәселелеріне бағытталған іс-шараларға да үн қосуда. Сонымен қатар, «Ана үйі», аймақтық психологиялық қолдау орталығы, республикалық ғылыми-тәжірибелік психи-калық орталығымен меморондум жасап, бірқатар кәсіпорындармен келісімшарттарға қол қойған.Соның нәтижесінде көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік әрі қайырым-дылық шаралары үздіксіз көрсетілуде.
Жоспар қандай?
Осы жылы отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бұрынғыдан да күшейтуді жоспарлап отыр. Сол арқылы отбасылық құндылықтарды нығайту, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түспек.
– Бүгінде отбасылармен жұмысты жаңа деңгейге көтеру үшін білім беру ұйымдарында, колледждерде және жоғары оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізуді қолға алдық. Мұндағы басты тақырып – ата-аналық жауап-кершілікті арттыру, отбасылық ұрыс-керісті болдырмау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу керектігін түсіндіру. Сонымен қатар, мобильді топтардың жұмысына ерекше назар аударылуда. Әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер және мемлекеттік орган өкілдерінен құралған бұл топтар қолайсыз отбасыларына жиі барып, жағдайды ерте анықтап, уақтылы көмек көрсететін болады. Мобильді топтардың басты артық-шылығы – мәселені ушықтырмай тұрып шешу. Сондай-ақ, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық және консультативтік көмектер де кешенді түрде көрсетілетін болады. Қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін жеке жоспарлар әзірленіп, оларды іске асыру нақты бақылауға алынады. Бұл тәсіл әр отбасының мәселесін формалды емес, нақты әрі нәтижелі шешуге жол ашады, – дейді отбасын қолдау орталығының директоры. Оның айтуынша, алға қойған мақсаттарға жету үшін жыл сайын іссапарлар мен оқыту іс-шаралары ұйымдастырылып, орталық мамандары мен мобильді топ мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастық та жүйелі түрде кеңейе бермек.
Нұржайна ШОДЫР.
