Оқумен қатар даярланады

Ақп 5, 2026

Әскери кафедра студенттерге негізгі оқуынан қол үзбей, әскери дайындықтан өтуге мүмкіндік беретін құрылым болып саналады. Мұнда олар әскери-тактикалық дайындық, саптық жаттығу, әскери жарғылар мен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білім алады. Осылайша әскери өмірге бейімделген студенттер әрі қарай осы салада тәжірибесін жетілдіруге де мүмкіндігі бар.

Торайғыров университетінің әскери кафедрасы студенттерді екі бағытта даярлайды. Оның біріншісі – офицерлік оқыту бағдарламасы. Білім алушы осы арқылы жалпы әскери бөлімшелермен танысып, аумақтық қорғанысты жоспарлап, қаржылық қамтамасыз ету мен құрлық әскерлерінің дағдыларын меңгере алады. Ал екінші бағдарлама – сержанттық даярлыққа  арналған. Олар атқыштық, жаяу әскерлердің жауынгерлік маши-насы басқару, өртке қарсы қорғану жұмыстарын меңгере алады.

Жастар арасында «Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраны оқысақ, міндетті әскери қызметтен босата ма?» деген сұрақ әлі күнге дейін өзекті. Себебі, олар кафедра студенттері алатын дәрежелердің қандай жағдайда борышын өтеушімен теңестірілетінін толық біле бермейді.

Әскери кафедраның сержанттар даярлау циклының бастығы Денис Леонтьев әскери кафедраның студенттері міндетті қызметтегі сарбаздармен тең түсетінін айтты.

— Студенттер әскери кафедраға оқуға түсу үшін бірқатар талаптардан өтеді. Нақтырақ айтқанда, дене дайындығы нормативтері, психологиялық тұрақты-лығы туралы тест тапсырады. Қабылдау нәтижесінен кейін оларды қалаулары бойынша офицерлік немесе сержанттық қызметке бөледі.  Сержанттар үшін оқу мерзімі 2 семестр болса, офицерлер үшін 4 семестрге созылады. Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта сержанттар 3, офицерлер 5 семестр әскери машықтарын қалыптастыратын болады. Әскери кафедрада оқудың міндетті әскери қызметін өтеуден айырмашылығы таңдау еркіндігінің болуында деп айтуға болады. Яғни, әскери кафедрада оқыған студенттерде лейтенант немесе сержант дәрежесі болмаса, олар әскерге міндетті борышын өтеуге шақыртылады. Ал оқуды лейтенант пен сержант болып бітірген түлектер әскери борышын өтеп жүріп, арнайы келісімшарт бойынша жұмыс істеуге шақыртылады. Яғни, толық жалақы төленетін міндетті қызметте еңбек ететін болады. Әрі оларға барлық әскери қызметкерлерге берілетін көмек көрсетіледі, — деді ол.

Торайғыров университетінде қаржы мамандығында білім алып жатқан студент  Бекбатыр Забиев әскери кафедраға тәжірибе жинақтау үшін түскенін айтты.

— Мен әскери кафедраның екінші курсында оқимын. Бізге әртүрлі прак-тикалық, теориялық сабақтар өткізеді. Сондай-ақ қаладағы әскери бөлімдермен тәжірибе алмасу жұмыстары да ұйымдастырылады, — деді ол.

Әскери кафедра оқу үдерісінде заманауи технологияларды да кеңінен қолданады. Соның бірі —
«Геотактика» бағдарламасы.  Қосымшаның көмегімен студенттер виртуалды түрде қару- жарақты қалай басқару керек екенін үйренеді. Бұдан бөлек, компьютерлік бағдарламада тактикалық дайындық, оқ ату дайындығы, әскери топография және тағы басқа әдістерді үйрету қамтылған. Бұл қосымша еліміздегі жоғары оқу орындарының барлығында қолданысқа енгізілген. Студенттердің  ақпаратты қабылдауы үшін ең қызықты, әрі оңтайлы тәсілі болып табылатын көрінеді.

Ақпан айында Торайғыров универ-ситетінің әскери кафедрасына 2026–2027 оқу жылына студенттерді қабылдау басталады. Іріктеу Қазақстан Республи-касы Қорғаныс министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.

Әскери дайындық бағдарламасы бойынша оқу мерзімі запастағы офицерлер үшін 2 жыл 5 айды, ал запастағы сержанттар үшін 1 жыл 5 айды құрайды. Қабылдау төрт кезеңнен тұрады: медициналық тексеру, кәсіби-психологиялық тестілеу, физикалық дайындықты тексеру және конкурстық іріктеу. Әр кезеңнен тек бір рет өтуге рұқсат етіледі.

Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасына 1–3-курс студенттері (оқу мерзіміне байланысты), ал запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасына 1–4-курс студенттері қатыса алады. Запастағы офицерлер мемлекеттік тапсырыс және ақылы негізде, ал сержанттар тек ақылы түрде оқытылады. Ақылы оқу құны — жылына 260 мың теңге.

Әскери кафедрада оқуға ниет білдірген студенттер 2026 жылғы 1 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында өтініш бере алады. Құжаттар әскери кафедраға тікелей немесе egov.kz порталы арқылы қабылданады.

Сара ӘБДОЛ.