ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр-лігі халықты жұмыспен қамтуға бағытталған кейбір жобаларды тиімсіз деп танып, қаржыландырудан бас тартты. Яғни, бұған дейін жұмыспен қамту саласында жүргізілген кейбір жобалар қысқарып, қалған бағдарламалардың талабы өзгеріп жатыр. Осы және өзге де сұрақтар бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бегежановпен әңгімелескен едік.
– Нұрлан Максимұлы, қандай мемлекеттік бағдарламаларға өзгеріс енгізілді және осы жылы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған қандай жобалар жүзеге асырылады?
– Өткен жылдың желтоқсанында «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және сол бойынша жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын субсидиялау ережелеріне» өзгерістер енгізді. Сонымен қатар, кейбір тиімсіз бағдарламалар жабылды. Бұл өзгерістер 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді. Мақсаты – бюджет қаражатын үнемдеу, тиімсіз жобаларды қысқартып, оңтайландыру. Нақтырақ айтар болсам, бұған дейін жұмыспен қамту жобаларының саны 6 болса, енді 4-ке қысқартылды. Яғни, бұрынғы «Ұрпақтар келісімі» және «Бірінші жұмыс орны» жобалары алынып тасталды. Ал бұған дейін талай жұмыссыз жандардың екі қолына бір күрек ұстатқан «Қоғамдық жұмыстар», «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» жобалары өз жалғасын табады. Бірақ, қалған 4 жоба бойынша жұмыс берушілерге қойылатын талаптар едәуір күшейтілді.
– Осы аталған жобалар бойынша биыл қанша адам жұмыспен қамтылуы мүмкін?
– Биыл «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасы бойынша 550 адам, «Қоғамдық жұмыстар» жобасымен 2150 адам, «Жастар практикасымен» 885 адам, «Күміс жас» жобасымен 375 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
– Енді аталған жобалар туралы жеке-жеке ақпарат берсеңіз…
– «Күміс жас» дегеніміз – зейнеткерлік жасқа толмаған, бірақ 50 жастан асқан адамдар үшін құрылған жұмыс орны. Оны жұмыс беруші мансап орталығымен бірлесіп орындайды. Мерзімі – 36 айдан аспайды. Ал сол уақыт аяқталғаннан соң зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді. Мемлекет алғашқы 12 айға дейін жалақының 70 пайызын, 13 айдан 24 айға дейін 65 пайызын, 25 айдан 36 айға дейін 60 пайызын төлейді. «Жастар практикасына» келер болсақ, бұл — бастапқы тәжірибе алу үшін жасалған уақытша жұмыс. 5 жыл бұрын оқуын бітірген және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған жас мамандар қатысады. Жұмыс мерзімі 12 айдан аспайды. «Әлеуметтік жұмыс орны» дегеніміз – жұмыс беруші мен мансап орталығы бірлесіп құратын уақытша жұмыс орны. Жұмыс талаптарын жұмыс беруші белгілейді. Уақыты 12 айдан аспайды. Жалақының 35 пайызын — мемлекет, 65 пайызын жұмыс беруші төлейді. «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы — жұмыссыздарды уақытша қолдауға бағытталған жоба. Жергілікті мансап орталықтарының ұйымдастыруымен бірлесіп жасалады. Көбінде дипломы жоқ азаматтар қатысады. Яғни, кәсіби білім қажет етілмейді. Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақысы 24 АЕК-тен төмен емес болуы керек. Бұған студенттер де қатысуға болады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет. Бұлар ресми түрде субсидияланатын жұмыс орны деп аталады.
– Жоғарыда қалған төрт жоба бойынша жұмыс берушілерге қойылатын талап күшейді дедіңіз. Енді соған тоқталсақ…
– Мысал ретінде айтайын, жұмыс беруші бір жеке кәсіпкерлікте 10 адам жұмыс істейді делік. Сол адамдар ресми түрде тіркелген болуы қажет. Яғни, enbek.kz порталында еңбек шарттарының электронды нұсқасы тіркеліп, міндетті зейнетақы жүйесінің аударымдары заңға сәйкес төленген болуы қажет. Сол кезде ғана оның штаты ақпараттық жүйеде көрінеді және бір бағдарлама бойынша бір субсидияланатын жұмыс орнын аша алады. Мысалы, бір адамды қоғамдық жұмысқа, бір адамды жастар практикасына тартты дейтін болсақ, сол адамның еңбекақысын мемлекет төлейді деген сөз. Жұмыс беруші ай сайын табелін толтырып, тапсырып отыруы керек. Егер штат құрамы 20 адам болса әр жоба бойынша екі адам ала алады. Егер субсидияланатын жұмыс орнын ұлғайтқысы келсе, мүгедек адамдарды тұрақты жұмысқа алуы керек. Сондай жағдайда мемлекет ол кәсіпорынға субсидияланатын жұмыс орындарын 20 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік береді.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.
