Ауыл жолдарын қиыршық таспен салу дұрыс па?

Ақп 5, 2026

Алдағы уақытта ауылдық жерлерге асфальттің орнына қиыршық тас төселуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлапты. Егер барлық алыс-жақын ауылдарға асфальт жол сала беретін болса, оны күтіп ұстауға жергілікті бюджеттің қаражаты көтермейді екен. Министрдің айтуынша, тірек ауылдардан шағын елді мекендерге дейінгі жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 35 мың шақырымды құрайды. Бұл жолдарға әкімдіктер асфальт төсеуге тырысқанымен қаржы тапшылығы салдарынан құрылыс аяқталмай қалады немесе жол сапасы талапқа сай болмайды. Ал мәселенің шешімі жол салу технологиясына жаңа өзгеріс енгізіп, бағасы арзан қиыршық тас пайдалану екен. Мәселеге қатысты түрлі пікір айтылуда. Біз де көтеріп, «Алаңның» талқысына салдық.

 

Ербол ОМАРОВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары:

– ҚР Көлік министрлігі мұндай шешімге жан-жақты зерттеуден кейін келді деп санаймын. Ауылдық жерлерде қиыршық тастан жол салу экономикалық жағынан тиімді шешім ретінде қарастырылуы мүмкін, әсіресе бюджеті шектеулі  шалғай елді мекендер үшін. Сонымен қатар, қысқа мерзімде ауылдарды аудан орталықтарымен байланыстыруға, арнайы техникаларды шұғыл жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жерде күрделі технологиялар мен қымбат материалдар талап етілмейді, сондықтан аз қаржымен көп елді мекендерді қамтуға болады. Тіпті, мұндай жолдар зақымданғаннан кейін де оңай әрі жылдам жөнделеді. Ресми статистикаға сүйенсек, асфальт жолын салу қиыршық материалына қарағанда алты есеге қымбат түседі. Ал бір шаршы шақырым асфальт жолын жөндеуге шамамен 100 млн теңге кетеді екен. Сондықтан бұл бастамаға түсіністікпен қарауға тура келеді. Бұл — халық саны азайған бөлімшелер мен шалғай ауылдарға қатысты мәселе. Ал тірек ауылдарға бұрынғыдай асфальт жолдар салына береді деп ойлаймын. Міне, осыны дұрыс түсіну керек. Өздеріңіз білесіздер, қазір шалғай ауыл тұрғындарының орталыққа қарай қоныс аудару үрдісі жоғары. Көптеген шалғай ауылдарда түтін қалмады, болған күннің өзінде 10-15 үйден қалған елді мекендер бар. Ал мұндай ауылдардың бәріне асфальт жолын апару — мемлекет бюджетіне өте үлкен салмақ. Сондықтан ел жоқ ауылдың жолынан үнемделген қаржыны тірек ауылдардың басқа инфрақұрылымына жұмсаған дұрыс деп санаймын.

 

Мейрамбек ҚЫЗЫР, Май аудандық мәслихатының төрағасы:

– Ауыл жолдарына қиыршық тас төсеу деген бастамаға түбегейлі қарсымын. Елді өркендету үшін алдымен жол мәселесін шешіп алуымыз керек. Бұл жерде ауыл немесе қала деп бөлуге болмайды. Қазақстанның Конституциясында адамдардың құқықтары бірдей. Қаланың тұрғындары жүрген әдемі жолмен ауыл халқы да жүруі керек. Бұл бастама біздің Ата заңға қайшы болып тұр. Екіншіден, қиыршық тас төсейтін жер бар, төселмейтін жер бар. Мысалы, Май ауданы Ертістің бойында болғандықтан жері саз келеді. Ал мұндай жерге төселген қиыршық тас жерге тез сіңіп кетеді. Мұны біз 2017-2018 жылдары көргенбіз. Шалғай орналасқан бірнеше ауылдың ішкі жолын қиыршық таспен салған, бірақ төрт-бес жыл ішінде оның ізі де қалмады. Сосын бізде жол салушы компанияларға да сенім артуға болмайды. Егер олар асфальт жолды дұрыстап сала алмай отырса, қиыршық таспен де дұрыс сала алмайды деген сөз. Жалпы, мұндай қаулылар халықтың үкіметке деген сеніміне селкеу түсіріп отыр. Мұндай зерделенбеген қаулыларды іске қосу дұрыс емес. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз десек, бірінші халықтың пікіріне құлақ асу керек еді. Ал бізде керісінше, алдымен шешім қабылдап алып, сосын барып халықтың пікірін тыңдап жатады. Бұл қоғамдық резонансқа әкеп, кейін оған Президент араласып, мәселе шешімін тауып жатады. Бұл бастама да сондай болады деп ойлаймын.

 

Татьяна КУЗЬМИНА, «Гордорстрой» ПКФ ЖШС директорының орынбасары:

— Ауыл жолдарына қиыршық тас төсеу керек деген бастаманы мен түсіне алмадым. Егер, мәселе күтіп ұстауға қатысты болса, онда шығынында айырмашылық болмайды. Жалпы, жолдардың сапасы оның салынуына байланысты. Мысалы орташа жөндеу жұмысының қызмет ету мерзімі үш жылдан кем емес болса, күрделі жөндеуден өткен жол кемінде бес жыл шыдауы керек. Ал қайта салынған жолдың мерзімі  — 10 жыл. Мердігер компания бес жыл кепіл береді. Ал тек қиыршық таспен ғана салатын болса оны жол деп айтуға да келмейді. Оның қызмет ету мерзімін асфальт жолмен салыстыруға келмейді. Қиыршық тас дегеніміз, тек уақытша, яғни, белгілі бір мерзімде қатынау үшін жасалған амал. Сондықтан оны тұрақты грейдерлеп, тегістеп отыру қажет. Біздің өңірде сортаң жер көп. Ертіс жағалауын айтпағанда қырдағы елді мекендердің өзінің кейбіріне қиыршық таспен жол салуға келмейді. Мысалы, біздің облысты алар болсақ, Май және Ертіс аудандарының қыр ауылдарының өзі қиыршық тас үшін қолайсыз.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.