Демалыс орталығы салынады

Ақп 19, 2026
Close up of a construction plan with a yellow hard hat, ruler, and metal ruler.

Шалдай ауылынан екі шақырым жерде орналасқан ескі тәлім-
бақ аумағында жаңа демалыс орны салынады деп жоспарлануда. Бұл өңірлік туризмді дамыту бағытында қолға алынбақ.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты өкілдерінің айтуынша, туристік фирмалар Шалдай ауылының іргесіндегі 1960 жылғы тәлімбақ маңындағы 27 гектар жерге демалыс базасын салу туралы ұсыныс білдірген. Қазірдің өзінде турбизнеске 300 миллион теңге инвестиция салуға ниетті 3 әлеуетті инвестор бар, дейді мамандар. Бұл туралы облыс орталығындағы Кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста мәлім болды. Резерваттың туризм және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы Гүлнар Нұрымова бұл орында монша, мангал аймағы, бақша, жазғы және балалар алаңдары бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, мұнда электр желілері тартылған, су алуға арналған ұңғымалар да бар.

– Біз жер учаскелерін 5 жылдан 49 жылға дейін ұзақ және қысқа мерзімді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біздің аумақта 12 туристік маршрут пен соқпақ әзірленіп, бекітілген. Оның ішінде 4-еуі — зиярат ету, ал 8-і  спорттық-сауықтыру маршруты болып табылады, – деді спикер.

Осылайша, алдағы уақытта Шалдай ауылында жаңа демалыс орындары бой көтеріп, отандық туризмді дамытуға өз үлестерін қоспақ.

Н.АҚЫТЕГІ.

Шарбақты ауданы.