Екібастұз қаласында үлкен теннистен алғаш рет «Ekibastuz Сup» турнирі өтті. Қала әкімінің кубогы сарапқа салынған жарысқа еліміздің бес өңірінен спортшылар жиналды. Екі санат бойынша өткен сайыста кіл мықтылар жеңіске жетті.
Екібастұз өңірінде бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның бір жарқын үлгісі — «Ekibastuz Сup» турнирінің ұйымдастырылуы. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Аян Бейсекин қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
— Баршаңызға белгілі, қаламызда ірі кәсіпкердің бастамасымен салынған теннис орталығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда орталықта 500-ден астам ересек пен бала тұрақты түрде шұғылданады. Бұл — біз үшін зор қуаныш. Оған қоса, қаламызда өз чемпиондарымыз да қалыптасып келеді. Ұлдар мен қыздар арасында жақсы нәтижелер бар. Ел және облыс басшылығы тарапынан спорт инфрақұрылымын дамыту және халықты жаппай спортқа тарту бойынша нақты міндеттер қойылған. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді шаһар басшысы.
Екі күнге созылған турнир тартысты өтті. Жарысқа арнайы келген 18 жұп өзара кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде «Masters» санаты бойынша Арыстанбек Әбиев пен Талғат Әмірхановтың жұбы жеңіске жетті. Ал «Futures» санаты бойынша Владислав Гончарев пен Ильдар Жантұрсыновтың жұбы топ жарды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлық табысталды.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Екібастұз қаласы.
