Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Күшіков жұмыс сапарымен Аққулы аудандық ауруханасына барды. Сапар кезінде аудан әкімінің орынбасары Махаббат Абуловамен бірге медициналық мекеменің клиникалық бөлімшелерін, қосалқы үй-жайларды, ас әзірлеу блогын және жылытқыш қазандықты аралап көрді.
Ермек Күшіков медициналық көмектің сапасы кәсіби біліктілікті талап ететінін атап өтті.
— Медициналық көмектің сапасы мамандардың біліктілігіне байланысты болуы тиіс. Науқастардың ауруханада ем алуы үшін барынша мүмкіндіктер жасалуы қажет, — деді ол.
Бұдан бөлек басқарма басшысы аурухана басшысымен кездесіп, мекеменің қазіргі ахуалы мен медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жайын талқылады.
— Анықталғандай, биыл атқарылатын жұмыстар шаш-етектен. Солардың бірі ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. 2025 жылы ауруханада көптеген жұмыстар жасалған. Бұл — қуантарлық жағдай. Мәселен, өткен жылы аурухананы жылу мен сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілген және желдету жүйелері жаңартылған, — деді Ермек Күшіков.
Сапар қорытындысы бойынша басқарма басшысы материалдық-техникалық базаны жақсарту, емдеу процесін оңтайландыруға байланысты тапсырмалар берді.
Н.ҚАЛЫБЕК.
Аққулы ауданы.
