Жазатайым жағдайға не жетелейді?

Ақп 26, 2026

Елордада ҚР Премьер-Министр орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа жиналысы өтті. Мұнда сала министрі Асқарбек Ертаев 2025 жылғы жұмыстарға қорытынды жасап, биылғы жылдың жоба-жоспарларын, мақсаттарын айқындалған. Бұдан кейін панельдік сессияларда түрлі тақырып қаузалды.

Адам өмірі қашанда бәрінен биік. Сондықтан азаматтардың кез келген ортада алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуіне жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе, қауіптілігі жоғары өндірістерде бұл мәселенің маңызы артады. Қанша айтылып, талап етілгенімен әлі де өндірістік жарақаттар тыйылар емес. Облысымыздағы кәсіпорындар мен ұйымдарда былтыр 104 жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 113 адам зардап шеккен.

Олардың ішінде 66 адам ауыр жарақат алса, 7 адам көз жұмған. Дегенмен, өткен жылы көрсеткіштің сәл оңалғаны байқалады. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Павлодар облыстық департаментінің басшысы Асқар Қапанов Астанада өткен алқалы жиында баяндады. Солардың бірінде халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту бағытындағы мақсат-міндеттер сөз болса, бірінде «әлеуметтік алаяқтықтың» жолын кесу шаралары қозғалды. Тағы бірінде кәсіпорындарда қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуы, еңбек дауларын реттеу және төмендету, еңбекақы берешектерін азайту мәселелері айтылды. Сондай-ақ, өндірістегі жарақаттарды азайтуға бағытталған іс-шаралар ортаға салынды. Дәл осы өндірістік жарақаттарды азайту бойынша Павлодар облысында атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық департамент басшысы Асқар Қапанов жан-жақты баяндады. Сондай-ақ, ол азаматтардан еңбек қатынастарына қатысты түскен өтініш-арыздарға да тоқталды. 2025 жылы 1606 шағым түскен. Соның ішінде 110-ы еңбек қауіпсіз-дігі мен еңбекті қорғауға байланысты болған. Инспекция өткізген 295 тексеріс нәтижесінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласында 93 бұзушылық анықталған. 25 ұйғарым шығарылып, 2 әкімшілік ескерту жасалған. Жалпы сомасы 15,7 млн теңге болатын 65 әкімшілік айыппұл салыныпты. Бүгінде оның 89 пайызы өтелген.

Жоғарыда атап өткеніміздей, инспекция өңірімізде өндірістік жарақатқа талдау жүргізіп оты-
рады. Департаменттің мәліметінше, 2024 жылмен салыстырғанда былтыр өндірістік жарақаттың жалпы деңгейі 1 зардап шегушіге артқан, есесіне ауыр жарақат алғандар 12 адамға кеміген. Ал өндірістік жарақат салдарынан болған өлім көрсеткіші 2 адамға азайыпты.

– Жазатайым жағдайлардың негізгі себептері — жұмыстардың тиісінше ұйымдастырылмауы, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы. Зардап шеккен азаматтардың басым бөлігі биіктіктен құлау салдарынан жарақат алған. Ал биіктіктен құлауға қозғалып, айналып тұрған заттар мен бөлшектердің, экстремалды температураның әсері, заттар мен материалдардың опырылып түсуі, құлауы жетелеген. Зардап шеккендердің көбі тау-кен-металлургиялық өнеркәсіпте, бюджеттік мекемелерде, шағын бизнес ұйымдарында, құрылыста тіркелген, – дейді Асқар Қапанұлы.

Былтыр орын алған оқыс оқиғалардың  47 пайызы Павлодар қаласында тіркелсе, 29 пайызы Екібастұзда болған, 13 пайызы – Ақсу қаласында. Яғни, өндіріс көп шоғырланған, белсенді өмір салты бар мекендерде тіркеліп отыр. Мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін құзырлы орган бүгінде кәсіпорындармен қоян-қолтық жұмыс істеп, түрлі тимді шараларды іске асыруға көшкен. Мәселен, өңірімізде қызметкерлер арасында жазатайым жағдайларды болдырмау және кәсіби сырқаттардың алдын алу мақсатында облыстың 33 кәсіпорны «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын, 22 өндіріс орны «Халықтық бақылау» жобасын енгізген. Бұл жоба еңбек залалы тиген азаматтарға кәсіпорында еңбектің қорғалуына тікелей бақылау жүргізуіне мүмкіндік берген. Бұдан бөлек, жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандырудың 5599 шарты жасалған. Бұл дегеніңіз, белсенді кәсіпорындар санының 91,5 пайызын құрайды. Сонымен қатар, барлық ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік кеңестер жұмыс істейді. Аталмыш кеңестер жұмыс орындарында еңбек жағдайына тексерістер жүргізеді.

– Мемлекеттік еңбек инспекциясы өндірісте орын алған жазатайым жағдайлардың дұрыс әрі уақытылы тергелуі мен есепке алынуын тұрақты түрде бақылайды. Денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, еңбек қызметімен байланысты жазатайым жағдайлар бойынша деректерді жүйелі түрде салыстырады. Сондай-ақ, еңбек инспекциясы сайтында арнайы айдар бар. Мұнда орын алған өндірістік жарақат туралы ақпарат, қандай жағдайда, қалай болғаны, себебі бәрі көрсетіледі. Бұл өзге кәсіпорындарда ұқсас жағдайлардың алдын алуға, жалпы ахуалды талдауға мүмкіндік береді, – дейді облыстың бас еңбек инспекторы.

Инспекция жұмыс берушілермен өзара байланыс шеңберінде еңбек заңнамасы нормаларын түсіндіру бойынша еңбек ұжымдарымен жүйелі кездесулер, семинар-жиындар өткізетін көрінеді. Аймақтың алпауыт өндіріс орындарының бас техникалық жетекшілерімен, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға жауапты қызметтердің басшылары мен инженерлермен тақырыптық дөңгелек үстел ұйымдастыру да дәстүрге айналған. Атап айтқанда, мұндай жүйелі жұмыстар «Қаз-энергокабель» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «ҚЭЗ» АҚ, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Каустик» АҚ, «Павлодар машинажасау зауыты -«ERG Service» ЖШС филиалы» ЖШС кәсіпорындарында жүргізілген. Мұндай кездесулерде сала мамандарымен еңбекті қорғау ерекшеліктері, тәжірибе алмасуға, жаңа нормативтік актілерді қарауға мән беріледі.

Инспекцияның мәліметінше, өңірімізде бүгінде үш жақты облыстық комиссия және 13 қалалық, аудандық комиссия жұмыс істейді. Онда еңбек саласындағы түйінді тұстар талқыланады. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері қаралады. Өндірістік жарақат алу көрсеткіші жоғары кәсіпорындардың атқарып жатқан амалдары тыңдалады. 2025 жылы облыстық комиссия – 4, ал аудандық-қалалық деңгейде 117 отырыс өтіпті.

Өндірістік жарақаттың алдын алу жұмыстары биыл да жалғасып, күшейе түспек. Ол үшін инспекция 2026 жылға жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы жоспар түзген. Асқар Қапановтың айтуынша, бұл жоспарда бақылау мен алдын алуға маңыз беріледі. Мәселен, еңбек заңнамасының сақталуына қатысты ай сайын 15 тексеріс жүргізу көзделген. Кәсіпорындарда профилактикалық бақылау өткізу жоспарланған. Инспекция мұндай бақылауды бірінші жартыжылдықта 7 кәсіпорында жүргізбек. Мемлекеттік еңбек инспекторлары шығарған ұйғарымдардың кемі 90 пайызының орындалуын қамтамасыз ету межеленген. Еңбек тәуекелдері картасына мониторинг жүргізіп, жоғары қауіптілікті кәсіпорындар санын 1 пайызға кеміту көзделген.

– Ал еңбек қауіпсіздігі мен тәуекелдерді бағалауға келетін болсақ, бұл тұрғыда жоспарымызға ай сайын 3 кәсіпорынға дейін олардың кәсіби тәуекелдерін бағалау кіріп отыр. Сондай-ақ, тоқсанына 3 өндіріс орнында еңбек қауіпсіздігін вертикалды бақылауды (тапсырыс беруші -мердігер) енгізілмек. Еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің қызметіне де мониторинг жүргізіліп тұрады. Тоқсан сайын кемі 3 кәсіпорынның «Vision Zero» халықаралық бағдарламасына қосылуына маңыз беріледі, – дейді А.Қапанов.

Биылғы жоспарда қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы да назардан тыс қалмаған. Нақтырақ айтсақ, қызметкерлердің жазатайым жағдайлардан міндетті сақталуы қарастырылған кәсіпорындар қатарын арттыру көзделген. Прокуратура органдарының қатысуымен ірі кәсіпорындарда еңбекті қорғау талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, өндіріс орындарында оқыту, еңбек саласындағы жаңашылдықтармен таныстыру жалғаса береді. Яғни, ай сайын осы бағытта инспекция еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен кемі 2-3 кездесу өткізеді. Өңірлік үш жақты комиссия отырыстарына қатысады. «Еңбекті қорғау айлығын» және Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне орай шаралар ұйымдастыру да ұмыт қалмақ емес.

– Бұл көрсетілген шараларды жүзеге асыру арқылы жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, кәсіби тәуекелдерді басқару жүйелерін енгізу, қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру көзделген. Мұның бәрі өңірімізде өндірістік жарақатты тұрақты төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді инспекция басшысы.

Жұмыс барысында кездескен кедергілерге орай өңірлік инспекция Астанада өткен жиында ұсыныстарын да бүгіп қалмады. Яғни, ол ұсыныстар ҚР еңбек заңнамасының сақталуын бақылаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіруге, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға бағытталған. Біріншіден, павлодарлық мамандар ҚР еңбек заңнамасының сақталуында тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективтік критерийлері тізілімін толықтыруды сұрады. Яғни, оған арнайы тергеуге жататын өндірістегі жазатайым жағдайларды енгізу қажеттігін алға тартып отыр. Тағы бір ұсыныс еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға жауапты қызметкерлерді, мемлекеттік еңбек инспекторларын шетелдік тағылымдамаға жолдауға қатысты болды.

– Өнеркәсіпті дамытудың заманауи жағдайлары, жаңа технологиялар енгізу және өндірістік үдерістерді күрделендіру еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандардың біліктілігін тұрақты арттыруды талап етеді. Осыған байланысты озық шетелдік тәжірибені, кәсіби тәуекелдерді басқарудың, өндірістік жарақаттың алдын алудың, еңбекті қорғау саласында цифрлық шешімдер енгізудің заманауи әдістерін зерделеудің маңызы артты. Бұл бастамаларды жүзеге асыру қызметкерлердің қорғалу деңгейін арттыруға, өндірістік жарақатты және кәсіби сырқаттарды төмендетуге, сондай-ақ, еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етері сөзсіз, – дейді Асқар Қапанұлы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.