Павлодардың жазғы кештері қайтадан ән мен думанға бөленді. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары асыға күткен «Ertis Promenade» сахнасының жаңа маусымы салтанатты түрде ашылды. Ертіс жағалауындағы ірі мәдени алаң биыл көрерменін өзгеше нұсқамен, заманауи үлгіде безендірілген сахнамен және танымал өнер жұлдыздарының жарқын концертімен қарсы алды. Салтанатты шараға мыңдаған көрерменмен бірге облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков те қатысты.
Өткен жылғы маусымда ұйымдастырушылар жергілікті өнер иелеріне көбірек қолдау көрсетіп, павлодарлық таланттардың танылуына басымдық берген болатын. Ал биыл «Ertis Promenade» қайтадан дәстүрлі халықаралық нұсқаға бет бұрды. Соның нәтижесінде Ертіс жағасындағы бірегей сахнада қазақстандық және шетелдік орындаушылар өнер көрсетіп, думанға жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Әуелеген ән, жарқыраған жарық пен көрерменнің ыстық ықыласы кештің шырайын кіргізіп, жазғы маусымның шымылдығын сән-салтанатпен ашты.
Салтанатты ашылу кеші әдеттегі концерттен гөрі заманауи шоуға көбірек ұқсады. Ұйымдастырушылар биыл көрерменге жаңа технологиялық мүмкіндіктерді ұсынуға басымдық берген. Әсіресе жасанды интеллект элементтері қолданылған визуалды көріністер мен интерактивті сахналық шешімдер көпшіліктің назарын бірден аударды. Түрлі жарық эффектісі, экрандағы цифрлық композициялар мен музыкалық үйлесім кештің әсерін күшейтіп, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Мерекелік кеште елімізге белгілі Балжан Бидаш, Bayansulu, Truwer, Bagzhyn, Yunna секілді танымал өнерпаздармен қатар павлодарлық әншілер де сахнаға шықты. Кештің басты хедлайнерлері —
Burito мен Nana көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ертіс жағалауын ән тербеп, мыңдаған адам ашық аспан астындағы мерекелік кештің куәсі болды. Кеш соңында аспанды жарқыраған отшашу көмкеріп, жаңа маусымның шымылдығы сән-салтанатпен түрілді.
Павлодар қалалық мәдениет бөлімінің мәліметінше, өткен жылы «Ertis Promenade» сахнасында өткен концерттік бағдарламалар барысында 800 мыңнан астам көрермен жиналған. Биыл бұл көрсеткіш одан да артуы мүмкін. Ұйымдастырушылар жаз бойы мәдениет күндерін, фестивальдерді, спорттық жарыстарды, кино көрсетілімдерін және қазақстандық әрі шетелдік жұлдыздардың концерттерін өткізуді жоспарлап отыр.
Қазірде ресейлік Леонид Агутин, MOT, Jony, Zivert және Иванушки International ұжымымен келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі. Егер бұл жоспар жүзеге асса, Павлодардың биылғы жазы бұрынғыдан да жарқын әрі есте қаларлық болары анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.
