БАҚ өкілдері бақ сынады

Ақп 26, 2026

Өңірімізде өткізіліп жатқан «Senat Open–2026» кубогының 1/8 финалына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Жедел шахмат турниріне «Ertis Media» ЖШС-нің командасы да қатысып, қапы қалмады.

Команданы бастап барған медиа-холдинг директоры Руслан Билялов шахмат федерациясына турнирді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, спортшыларға тартысты да тартымды ойын тіледі.

Ашылу салтанатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Павлодардағы кеңсесінің мүшелері құттықтау сөз сөйледі. Коалицияның облыстық кеңсесінің төрағасы Илья Теренченко журналистердің салауатты өмір салтын насихаттаудағы және өңірдің қоғамдық өмірін жариялаудағы үлесін атап өтті. Спикер уақыт бір орында тұрмайтынын, еліміздің алға жылжуы қажеттігін баса айтты.

– Жаңа Конституцияда қоғамдық өмірдің ең маңызды қырларының барлығы көрініс тапқан, оның өн бойынан адамға бағытталған қағида айқын байқалады. Бүгінде елімізде ең алдымен адам, Қазақстан азаматы алдыңғы орынға қойылып отыр. Негізгі заң жобасын талқылау барысында қазақстандықтардан он мыңнан астам ұсыныс түсуі де кездейсоқ емес, – деді Илья Теренченко.

Турнирге 3 қала мен 6 ауданнан барлығы 70-ке жуық спортшы қатысқан.

Жеңімпаздар көктемде Қостанай қала-сында өтетін ширек финалға жолдама алды. Қуанта кетерлігі, олардың қатарында «Ertis Media» ЖШС-нің өкілі Ернар Ибраев бар. Айта кетейік, өткен жылғы «Senat Open» додасында спортшы финалға дейін жеткен болатын. Осы жолы Е.Ибраев  журналист әріптесі Назар Ахмаровпен бірге өткен Сенат кубогының 1/4 финалына өткендер тізімінде. Оларға алдағы турнирлерде сәттілік тілейміз!

Сара ӘБДОЛ.