Баянауыл ауданының орталығындағы алты үй уақытша сусыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, су құбырының 200 метрлік бөлігі қатып, соның салдарынан жеке үйлерді сумен қамтуда қиындықтар туындаған.
Алайда бұл мәселе осы аптаның ішінде толықтай шешіледі, дейді мамандар. Баянауыл аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының орынбасары Бекен Жанахметовтің айтуынша, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Баянауыл ауылындағы Айтақұлы көшесінің бойындағы екі үй және Абай көшесі мен Микрорайон қиылысындағы төрт үйге су бармай қалған. «Баянауыл су арнасы» кәсіпорнының мамандары үздіксіз жұмыс істеуде. Мекеме су тесетін арнайы аппарат сатып алған. Соның көмегімен жұмыстар жүргізілуде. Бірнеше күннің ішінде тұрғындар толық сумен қамтылатын болады, – дейді Бекен Жанахметов. Оның айтуынша, судың қатып қалуына тұрғындардың өз үйлеріне құбырды кіргізерде жерді таяз қазғандығы себеп болған көрінеді.
Айта кетерлігі, ауданда мұндай жағдай бұған дейін де орын алған екен.
– Біраз уақыт бұрын да осы жеке үйлердің су құбыры қатып қалып, қаладан арнайы бригада шақырып, суларын жүргізіп бергенбіз. Негізі, бұл жақта суды пайдаланатын екі отбасы ғана бар. Олар қонаққа кетіп, біраз уақыт су алмағандықтан, құбыр суы қатып қалған, – дейді бөлім басшысының орынбасары.
Бастысы, сусыз қалған тұрғындарға су жеткізілуде.
Н.ШОДЫР.
