Емдеу мекемесі ашылады

Нау 12, 2026

Осыдан үш жыл бұрын Екібастұз қаласына қарасты Әлкей Марғұлан ауылында медициналық пункттің құрылысы қолға алынған болатын. Алайда жұмысқа жауапты ретінде белгіленген мердігер компания өз міндетіне салғырт қарап, тиісті істерді атқарған жоқ.

Әлкей Марғұлан ауылындағы емдеу мекемесінің құрылысы жосықсыз мердігер салдарынан созбалаңға салынып кеткен еді. Сондықтан былтыр қосымша рәсімдер жүргізіліп, соның нәтижесінде жаңа мердігер компания анықталды. Бұл кәсіпорын ісіне тиянақты болып шықты. Белгіленген уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ойдағыдай аяқтады. Бүгінде нысан қолданысқа беруге дайын. Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин атқарылған жұмыстардың барысымен танысып қайтты.

— Жоба облыс басшылығының қолда-уымен жүзеге асырылды. Бұл ауыл тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамта-масыз етуге, сондай-ақ пациенттерді қабылдау мен медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Аталған жоба елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болды, — деді А.Бейсекин.

Енді алдағы уақытта қаражатты үнемдеп, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында медициналық пункттің жылу жүйесін мектептің жүйесіне қосып, орталықтандыру жоспарланып отыр.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Екібастұз қаласы.