Жаңа кейіпке енді

Нау 12, 2026

Шарбақты ауданына қарасты Шалдай ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық бөлімше жаңа кейіпке енді. Медициналық мекемедегі жөндеу жұмыстарына жеке кәсіпкер қолдау көрсетті.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, Шалдай ауылының тұрғындары мұндағы фельдшерлік-амбулаториялық бөлімшенің бірінші қабатын жөндеп, жаңартып беруді сұраған. Алайда олардың тілегі бірден орындалды.

– Қуанышымызға орай, бұл өтініштің шешімі табылды. Облыстық мәслихаттың депутаты, меценатымыз, ауданымыздың азаматы Виталий Вячеславович Соломкин өз қаражатына толығымен жөндеу жұмыстарын жасап берді. Ауыл тұрғындары жаңартылған қабаттың ашылу салтанатын ұйымдастырды. Жалпы, елді мекендегі қарт тұрғындарға барлық медициналық қызметтердің бірінші қабатта көрсетілуі ыңғайлы екенін білесіздер, – деп атап өтті Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов.

Ауылдықтар қайырымдылық іс жасаған жерлес кәсіпкерге алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Н.ШОДЫР.

Шарбақты ауданы.