Көрсеткіш көңіл көншітеді

Нау 12, 2026

Қазіргі таңда Аққулы ауданында үш ауысымды және апатты мектептер атымен жоқ. Оқушылардың ел қатарлы сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Яғни, бұл өлкедегі мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, педагог мамандармен қамту мәселелері оң шешімін тапқан.

«Шамшырақ» бетінің бүгінгі нөмірінде ауданның білім беру саласындағы осы және өзге де игі істермен бөліскенді жөн көрдік.

Жағдай жасалған

Аққулы аудандық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша мұнда барлығы 22 мектеп, оның ішінде 14 орта, 7 негізгі және 1 бастауыш білім беру мекемесі жұмыс істейді. Ағымдағы оқу жылында аталған мектептерде даярлық сыныптарын қосқанда екі мыңнан астам оқушы білім алуда. Бастысы, олар 100 пайыз оқулықтармен қамтылған. Сонымен қатар, балаларды ыстық тамақпен қамту мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Осы мақсатта аудандағы барлық білім ордасында асханалар ашылып, санитарлық талапқа сай қызмет көрсетуде, дейді мамандар. Онда әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларынан шыққан оқушылар, бастауыш сыныпта оқитындар және басқа да санат-тарға жататын балаларға тегін тамақ үлестірілуде. Нақтырақ айтқанда, бүгінде осындай 1 мыңнан астам шәкірт, яғни аудан оқушыларының 55 пайызы тегін тамақтануда. Бұл шығындар жаппай білім беру қоры және демеушілер есебінен төленуде. Бұдан бөлек, көмекке мұқтаж отбасыларының балалары мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге қаржылай материалдық көмек көрсетілген. Мұндай қолдауға 377 бала ие болды.

Мектепке алыс елді мекендерде тұратын балаларды арнайы автобустармен тасымалдау ісі де назардан тыс қалмағанын атап өткен жөн. Мәселен, қазіргі уақытта ауданға қарасты Жаңатаң, Әйтей, Шабар, Шәмші сынды шағын ауылдардан 33 оқушы тасымалдануда екен. Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Барлық білім беру ұйымдарына бейнебақылау камералары орнатылған.

Атап өтерлігі, Аққулыда мектеп жасына дейінгі балғындарды балабақшамен қамту мәселесі де толық шешілген. Яғни, 1–6 жас аралығындағы балаларды мектепалды мекемелермен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Аудандағы 5 балабақша мен 18 шағын орталықта 522 балғын тәрбиеленуде. Қуантарлығы, балабақша тәрбиеленушілері жаппай мемлекеттік тілде білім алуда.

Жаңару жалғасады

Аудан мектептерін жөндеу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде, дейді білім беру бөлімінің өкілдері. Мәселен, осы оқу жылының басында мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шарбақты орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл мақсатқа  қазынадан 372,047 миллион теңге қарастырылып, аталған білім ордасы толығымен жаңарған. Яғни, мектептің шатыры, терезелері, есіктері ауыстырылып, су құбыры, кәріз, жылыту және электр жүйелері жөнделген. Жаңа жиһаздар мен заманауи үлгідегі 3 сынып сатып алынған. Сонымен қатар, қалған 21 мектепке жаппай ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Сондай-ақ, Амангелді бастауыш мектебі, Төсағаш, Малыбай, Ямышев орта мектептерінің қазандықтары ауыстырылды. Ал А.Баймолдин атындағы орта мектептің мұржасы мен Ямышев орта мектебінің жылу құбыры жаңартылған.

Аққулыдағы білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру  жұмыстары да үздіксіз жалғасуда. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 57 мамандандырылған кабинет жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, 19 физика, 20 биология, 14 химия, 1 STEM, 2 робототехника және 1 домбыра сыныбы бар. Мұндай заманауи жабдықтармен қамтылған кабинеттер оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға мол мүмкіндік бермек.

Айта кетерлігі, ағымдағы оқу жылында Тілектес ауылында 90 орындық жаңа мектептің тұсауы кесілген болатын. Бұл білім шаңырағының ашылуы да ауданның білім беру саласына үлкен серпіліс әкелді, дейді мамандар.

Жалпы, өңір мектептерін жаңарту, жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жарқын жетістіктер

Оқушылар үшін жасалып жатқан мол мүмкіндіктер білім сапасына да оң әсерін тигізуде. Соның дәлеліндей, осы оқу жылының
I жартыжылдығының қорытындысы бойынша 2–11-сыныптардағы 1727 оқушының 261-і — үздік, ал 954 бала жақсы оқитындардың қатарынан көріне білді. Нәтижесінде, білім сапасының артқаны байқалуда.

Аққулыдағы білімге құштар шәкірттер үшін SmartQadam аудандық олимпиадалық резерв мектебі құрылған. Оның құрамына 18 педагог пен 324 оқушы енді. Мамандардың айтуынша, мұнда дарынды балалармен жүйелі әрі мақсатты жұмыс істеуге жағдай жасалған. Аталған бастама аудандық білім беру саласын дамытудың 2025–2028 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында қолға алынған. Жаңа резерв мектебі облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №8 мамандандырылған мектеп-лицейімен қоян-қолтық жұмыс істеуде.

Аққулы аудандық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, 2025–2026 оқу жылы жарқын жетістіктерге толы екенін аңғаруға болады. Олай дейтініміз, аудан мектептерінің оқушылары облыстық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, туған өлкенің абыройын асқақтатуда. Айталық, Аққулы ауылының жалпы білім беру мектебінің 4-сынып оқушысы

Аружан Серік жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Физика, ғарыш» секциясы бойынша республикалық «Зерде» байқауында
I орын иеленіп, жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, ауыл мектебінің оқушы-ларына арналған олимпиадада Аққулы жалпы білім беру мектебінің 10-сынып оқушылары Даниял Бейсембеков пен Әмірәлі Орал ағылшын тілі пәні бойынша II орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. 11-сынып оқушысы Ақерке Абылқас «Құқық негіздері» пәні бойынша республикалық олимпиададан III орын иеленді.

Осылайша, І жартыжылдық қорытындысы бойынша аудан оқушылары облыстық және республикалық додалардан олжалы оралып, білім сапасының тұрақты өсуін дәлелдеді. Бұл жетістіктер – педагогтардың кәсіби шеберлігінің, мектептердің жүйелі жұмысының және білім беру бөлімінің үйлестіру қызметінің нәтижесі екені сөзсіз. Осы орайда жетістікке жеткен шәкірттерге білім берген ұстаздардың да осал емес екенін ерекше атап өткен жөн. Аудан педагогтары да облыстық олимпиадалар мен сайыстарда топ жаруда. Атап айтар болсақ, республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында Малыбай орта мектебінің химия пәні мұғалімі Ж.Айғожина жүлделі II орын алды. Облыстық «Мен – тиімді көшбасшымын» байқауында С.Сатыбалдин атындағы орта мектеп директоры Ж.Батталова III орынға ие болды. Сондай-ақ, аққулылық педагогтар облыстық «Алтын тұғыр», «АКТ білім беруде», «Менің педагогикалық инновациям», «Педагогикалық шеберлік» және басқа да республикалық деңгейдегі түрлі білім додаларында жеңіс тұғырынан көрінуде.

Қолдау тоқтамайды

Аудан балаларының бос уақытын тиімді өткізулері үшін 2 қосымша білім беру ұйымы қызмет көрсетуде. Аталған мекемелерде шығармашылық, спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Мысалы, «Жастар» балалар мен жасөспірімдер клубында 9 спорт секциясы бар болса, «Өнер мектебі» 8 шығармашылық бағыт бойынша білім береді. Бұдан бөлек, Аққулыға қарасты мектептерде 111 үйірме ашылып, 1659 баланы қамтуда. Мұндай жұмыстар оқушылардың талабын ұштап, талантын шыңдап, жан-жақты болып өсулеріне жол ашады, дейді мамандар.

Тағы бір атап өтерлігі, ауданда арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларға да барынша қолдау көрсетілуде. Осы мақсатта 1 психо-логиялық-педагогикалық коррекция кабинеті үздіксіз жұмыс істеуде.

Аудан бойынша ағымдағы оқу жылында инклюзивті біліммен 108 бала қамтылған. Аққулы ауылының жалпы білім беру мектебінің базасында 16 сөйлеу бұзылысы бар баланы қамтитын логопункт жұмыс істейді. Ямышев орта мектебі мен Аққулы ауылының жалпы білім беру мектебінде психикалық дамуы тежелген (ЗПР) 24 бала үшін 6 түзету сыныбы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, барлық мектепте пандустар бар. Ерекше балаларға деген мұндай қолдау тоқтамайды және әрдайым басты назарда болады, дейді білім беру бөлімінің өкілдері.

* * *

Аққулы ауданының білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Бір анығы, бұл саладағы көрсеткіш көңіл көншітеді. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қолға алынып жатқан игі істер әлі де көп болсын дейміз.

Дерек  пен дәйек

Аудан бойынша  22 мектеп, 2092 оқушы бар;

* * *

Аққулыда 23 мектепке дейінгі мекеме бар. Онда 522 балғын тәрбиеленуде;

* * *

Ауданда 481 мұғалім еңбек етеді. Оның 438-і (91,1%) — жоғары білімді маман.

* * *

Бұл өңірде біліктілік санаттары бойынша 75 педагог-зерттеуші, 105 педагог-сарапшы, 183 педагог-модератор, 29 магистр бар;

 

* * *

Қосымша білім берумен 685 оқушы қамтылған. Ал мектептердегі 111 үйірмеге 1659 бала баруда.

 

Бетті әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.