Жерлестер жеңімпаз атанды

Нау 19, 2026

Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйытқы болуымен ұстаздар арасында «Дарынды балаларға–талантты ұстаз» атты педагогикалық олимпиаданың қорытынды республикалық кезеңі өтті. Оған облысымыздан бір топ ұстаз қатысып, олжалы оралды.

Алматы қаласындағы «Абай ұлттық мектебі» РММ базасында ұйымдастырылған педагогтар олимпиадасына еліміздің түкпір-түкпірінен білімді де білікті мұғалімдер қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында облысымыздан 10 жас маман бар. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім беруді дамытудың бірегей идеясын TEDх форматында таратуға мүмкіндік алды.

Олимпиада қорытындысы бойынша, Ақсу қаласындағы №4 мектептің биология пәнінің мұғалімі Қайыржан Серікболұлы мен Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мөлдір Құрымсын І орын иеленді. Ал дарынды балаларға арналған №3 гимназияның математика пәні мұғалімі Меруерт Жексембаева, Павлодар қаласындағы М.Әлімбаев атындағы мектептің физика пәні мұғалімі Нұрсұлтан Ақылбек, №35 мектептің тәлімгері Фатиха Жұматай, №2 мектептің физика пәні мұғалімі Зейнеп Мұхамеджан жүлделі ІІІ орын алды. Сондай-ақ, Аққулы ауданына қарасты Жамбыл жалпы орта білім беру мектебінің ұстазы Мәдина Жүнісова грамотамен марапатталды. Ал Баянауыл ауданындағы Ж.Аймауытов атындағы мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Ернұр Қапезов, Павлодар қаласының Шапық Шөкин атындағы гимназия-мектебінің география-тарих пәнінің мұғалімі Руслан Құндызбек, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернатының педагог-психологы Мақпал Халибекқызы арнайы сертификаттарға ие болды.

 

Мөлдір ҚҰРЫМСЫН, І орын иегері:

– Мен олимпиадаға қатысқаныма қуаныштымын. Байқау барысында әр қатысушының шығармашылығын, тың идеяларын көріп, шабыт алдым, сондай-ақ өз педагогикалық тәжірибемді көрсету мүмкіндігіне ие болдым. Осындай жетістікке жетуіме ықпал етіп, қолдау көрсеткен облыстық білім беруді дамытудың инновациялық орталығы мен «Жас сарбаз» лицейі ұжымына алғыс айтамын.

 

Меруерт ЖЕКСЕМБАЕВА, ІІІ орын иегері:

– Мен үшін бұл байқау үлкен тәжірибе, кәсіби сынақ және өз педагогикалық көзқарасымды кең аудиторияға таныстыруға берілген зор мүмкіндік болды. Байқауға «Менің табыс формулам» деп аталатын тәжірибелік жұмысымды ұсындым. Ол өз бағасын алды. Бұл жетістік – тек менің ғана емес, мені қолдаған әріптестерім мен ұстаздарымның ортақ еңбегінің нәтижесі деп білемін.

Нұржайна ШОДЫР.